«Қазайтыс» деген сайт мен жазбаған мақаланы мен жазды қылып бірдеңе жариялапты. Аталған сайттың айтуына қарағанда, мен мұсылманға қас, елге жаулық сағынып жүрген пиғылы лас адам көрінемін. Шіріген бай екенмін. Үкіметтен ақшаны күреп алып сырттың сөзін сөйлеп, сойылын соғады екенмін. Пәлелайда-шәлелай, пәлен-пәштуен, и.т. Содан Ұларбек Нұрғалым деген бауырыма хабарластым(«Қазайтыстың» бас редакторы). Мән-жайды айттым. «Қазайтыстың» баннері тұрған (осы сайт танылсыншы, «Абайдың» оқырманы «Қазайтысты» да қарап отырсыншы деген ықыласымыз еді) «Абайға» қоңырау шалып, Өміржан досыңнан «Мұртынан айырылып, сақалы ғана қалған айтыстан неге мән кетті?» (http://abai.kz/node/41176) атты мақаланың шын авторын сұрап алмадың ба?» деп біраз кейідім.
Сөздің қысқасы, Ұларбек жаңсақ кеткендерін түсініп жігітше шешім қабылдай ма, әлде өзімдікі дұрыс деп өзеуреп отырып ала ма, оны өзі біледі. Мен мынаны айтамын:
1. Біріншіден, ақталудан аулақпын, бірақ айтыстың «мұрты» мен «сақалына» қатысты мақаланың авторы мен емеспін. Мен және мақаланың жауапкершілігінен жалтарып, аты-жөнін жасырып-жабатын адам емеспін.
2. Екіншіден, «Абай.кз» «Абай.кз» болғалы біреудің көкейін тескен ойға жегіліп, жат пиғылдың мұрат-мақсатына жұмыс жасаған жоқ. Рас, мақала авторлары артық-кем айтып қалады. Бірақ, біз соған орай екінші тараптың сөз алуына, пікір білдіруіне мүмкіндік тудырып отырамыз. Қоғамда пікір қайшылығы, көзқарас алуандығы деген болып тұрады. Оны жария ету – «елге жаулық сағыну» емес, ел ішін алатайдай бүлдіру емес. Шындық әркімде бар. Ақиқат ғана жалқы. Ақиқатты тану үшін ақиқатқа апарар жолдың әңгімесі айтылуы керек. Біз бәріміз қоғамның мазмұнын, уақыттың болмысын ой елегінен өткізе отырып есейеміз. Ойға жетеміз. Байлам жасаймыз. Мәселенің мән-жайын ұғынамыз. Нәрсенің ақ-қарасын айырамыз. Сондықтан Ұларбек Нұрғалым «айтыспен айтысқанға» деп айдалаға лақпай алдымен мақала авторын анықтап алып оған қарсы уәж айтқанда, айтқаны айтқан күйінде, дегені деген күйінде «Абайда» міндетті түрде жария көретін еді.
3. Үшіншіден, «Абай» мен «Масада» жарық көретін мақалаларға байланысты жазылатын пікірлерді редакция қызметкерлері ұйымдастырмайды. Мұнда да қилы сөздер, қыңыр ойлар, қисық әңгімелер айтылады, әрине. Сол себепті біздің Өміржан Әбдіхалық баласы аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындарды тыйып отыруға тырысады. Алайда, бәріне бірдей үлгере бермейді. Өйткені бізде мұрағаттағы материалдар да оқылып, талқыланып жатады. Сондай кездерде біз танитын, тіпті танымайтын адамдар қоңырау шалып «әне бір пікір қатты кетіп қалыпты, алып тастауға болады ма екен?» деп өтініш білдіреді. Біз ешкімге жау емеспіз, біз де ет пен сүйектен, қуанатын, уанатын жүректен жаралған жанбыз. Біреуді нақақ күйдіруге өз басым мүлде қарсы адаммын. «Алып тасташы» деген сөздің «аяғын аспаннан келтіреміз». Жоямыз. Осы бір қарапайым қатынастың ұшығына жетпегендіктен кейбір ағайын бізге, анығы – маған ала көз болып жүр.
4. … Алайда, әлдекімнің өкпесі қабынып, өті жарылады екен деп «Abai.kz»ақпараттық порталы алған бетінен қайтпайды. Елдің жайын екпіндей сөйлеп, еңірете жазсақ Египетке, кем-кетікті сүлките көрсетіп, сүйрей жазсақ Сүрияға, т.б. айналып іргеміз шайқалып, ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім болып азып-тозып кетеміз деген қосүрей, қорқақ ой мен қортық түсініктің қотанында омалып отыра алмаймыз. Еліміздің бабалар заманынан бері мызғымаған бірлігі мен Заманауи Қазақстан мемлекетінің архитекторы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тірлігіне сенбейтіндер ғана алды-артын тығындап қойып, тымпиып жүре берсін. Мемлекеттің бүгіні мен болашағына сенбейтіндер, азды-кемді мәселені көре тұрып көрмейтіндер ғана «ойбай, үндеме!» дейтін үндемес ойынды еремек қылады. Тегінде бар ғой, қорықсаң үндеместен – қорық. Жау жаулығын жария етпейді, үндемей жасайды. Біздің жағдайымызда екінің бірі: не үнсіздік таныту, не жалабаңдап жарыса мақтау.
Біз өзіміз өлгенше жақсы көретін қазақ мемлекетінде өмір сүріп келеміз. Заман біздікі, қоғам біздікі. Сондықтан бұл қоғамның жақсысына тасынып, жаманына жанымыз ауырады. Өйткені осы елдің, осы қоғамның азаматымыз. Ал, «қоғамнан хайуан ғана сырт тұрады» (ДЖ. Неру). Демек, ішінара дизайндік өзгерістер болмаса, «Абайдың» ақпарат майданындағы белсенділігі, әбжілдігі жарқырай түспесе, жабыраңқы тартпайды.
Жаңа ғасырдың алғашқы мүшелін артқа тастадық. Күнтізбеде жаңа жылдың, жаң күннің парағы ашылды. Айбарлан, Алаш! Абайшыл, алашшыл бол!
Abai.kz