АЛТЫНОРДА
Новости спорта

ДАВИД ЛЕМЬЕ АКТЕР МА, НОКАУТЕР МА?

images (3)Бәрін ұмытыңыз. Қоғамдық мәселені қойып,  саясатты ысыра  тұрайық. Бүгін аспан мен жердің арасы түгелдей бір тақырыпты талқылауда. Жалғыз тақырып : GGG- Геннадий Геннадиевич Головкин. Сарапшылардың барлығы бір ауыздан оның тағы бір жеңісінің куәгері боламыз деп отыр. Головкин рингке шығады дегенде, оның қарсыласы кім деген сауал қойылмайды. Себебі оған тең келер қарсылас жоқ.

            Головкинге жеңілісің дәмін таттырамын деп кім келмеді? Уақытынан бұрын «жерлегендер» де болды, құлатамын деді, сындырамын деді. Енді бірі жедел жәрдем көлігін шақыртып қойыңдар, мен оны мүгедек қыламын деді. Бұл агрессияларға Головкин қазаққа тән сабырлылыққа салынып, жымиып қана жүрді. Ринг көрсетеді деді. Ринг көрсетті де. Ринг өзінің патшасына адал. Ал ГГГ —  патша.

            Ресми түрде бүгін, бірақ уақыт кестесімен ертең таң ертең нокаут патшасы жаңа қарсыласымен шығады. Генадан таяқ жеген көп қарсыластары секілді ол да Головкинді алғашқы раунттарда құлатамын дейді. Ол – Давид Лемье. Канадалық боксшы. Қазір жасы 26-да. Бүгінге дейін 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-ін жеңіп, 31 нокаутпен аяқтаған. Соңғы он жекпе-жегі уақыттан бұрын аяқталған. Бірақ Лемьенің 2 жеңілісі бар. Статистикаға сүйенсек адуынды қарсылас сияқты. Бірақ…

            Лемье 2011 жылдың 8 сәуірінде алғашқы жеңілісін тапқан. Бұған дейін 25 жекпе-жек өткізген. Оның 1-еуін төрешілер шешіміен, 24-ін нокаутпен аяқтаған. 22 жекпе-жегі 2 минуттан артылмаған. Бұл жолғы қарсыласы Марко Антонио Робио болатын. Лемье Робиодан 7 раундта жеңіледі. Ал Рубио бізге жақсы таныс спортшы. Ол Головкинмен де жекпе-жекке шыққан.  Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Головкин Рубионың түгінен-түк қоймай бар болғаны 2-ші раундта құлатқан болатын. Иә соңғы үш жылда Лемьенің деңгейі өскен болар. Бірақ Головкинде қаққан қазығында тұрған жоқ.

            Бұл дегеніңіз Лемьенің қарсыластарының деңгейі қаншалықты төмен болғанының айғағы.  Лемье енді-енді жарқырап келе жатқан жұлдыз. Бірақ оның нокаутер екеніне де үлкен күмән туады. Лемьенің да Хассан Н’дам Н’жикаммен болған жекпе-жегі сөзімізге дәлел. Жекпе-жек барысында да Хассан Н’дам Н’жикам 5 рет нокдаудта болған. Бірақ Лемье оны соңына дейін құлата алмады. Демек Лемье нокдаудынан кейін шабуылды үдете білмейді. Ал, кәсіпқой бокс үшін бұл кешірілмейтін қателік.

            Давид Лемье туралы тағы бір дерек. Лемье қазір бокстан гөрі киноға көп көңіл бөлуде. Оның талантына шүбә жоқ. Бірақ өзін әртіс ретінде көрсеткен, шынымен мықты қарсыласпен төбелесіп  көрмеген қарсыластың Головкинге қандай да  бір қиындық түсіруі мүмкін дегенге сену қиын.

            Канадалық боксшының жеке өмірінен аздаған мәліметтер легін ұсынсақ. Лемье Канада  туылған. Қаны литва-армениялық. Анасы – армиян қызы. Өгей әкесінің тәрбиесімен өскен. Қазір жалғызбасты әке. Лилиана есімді қызын өзі тәрбиелеуде. Ұлы мен әйелі Ресейде тұрып жатыр.  Бес тілде еркін сөйлейді. Давид жалпы сөйлегенді ұнататын боксшы екенін көрсетті. «Головкин алғашқы раундтарда құласа таң қалмаймын. Рингте арыстандар айқасы болады»,- деп бір шулатты. Алайда, Головкинмен шығарда кім не демеді. Рингтің патшасы нәтиженің қалай аяқталатынын жақсы біледі. Біз де білеміз.

 

Аян МЕЙРАШ

«Қамшы» сілтейді