Қос тізгінді қатар ұстаған кешегі Кеңестік империяның ғұмыры небәрі 70 жылға созылды. «Қос тізгін» дейтініміз – біріншіден, қалай десек те Кеңестік жүйе сол шеңберде өмір сүрген қара халықтың көзін ашты.
Қала тұрғызды, зауыт-фабрикалар салды. Халықты еңбекпен қамтыды. Тегін білім, тегін медицина болды. Қолдан келгенше халықтың тұрмысын түзеді. «Отан-ана» деген мықты идеология жасады. «Адам– адамға дос, бауыр, жолдас» деді. Бұдан ешкім жамандық көрмеді. Ұлттар арасына достық, бауырмалдықтың дәнін екті. Халық отаншыл еді. Сол үшін жан беруге даяр болды.
Иә, бұл кеңестік жүйенің халық санасына жасаған өте оңды өзгерісі болды. Ал аз ұлттарды «жұтып» қою, миллиондардың басын жұтқан репрессия, аштық, «бір ұлт, бір халық» жасауға, оның ішінде орыс ұлтын «аға ұлт» етіп көрсетуге тырысуы, «бар жақсылық тек осы ұлт арқылы келеді» деген мифтік сенім туғызу – Кеңестік жүйенің екінші қыры болатын. Десек те, жақсылығымен қатар жамандығы қатар өрілген Кеңестік жүйе құрыдымға кетіп, оның аумағында жаңа тәуелсіз мемлекеттер қалыптасты. Бірақ әрқайсысы жеке ұлт, жеке мемлекет ретінде бағы жанды ма?
Ақиқатын айтар болсақ, төрт аяғынан тік тұрған ешкімнің жоқ екенін байқайсың. Мәселен, Балтық жағалауы елдері Батыстың ығына жығылды. ТМД-дан ат құйрығын кесісті. Батыстық стандартпен өмір сүруге ден қойды. Нәтиже жаман емес.Ал өзгелер ше?
Иә, өзге республикалар жайында керемет деп айту қиын. Әңгімені Орта Азиядан бастайық. Тәуелсіздің алғашқы жылдары-ақ, Тәжікстанда азамат соғысы басталды да кетті. Ол 1992 жылдан 1998 жылға дейін аракідік түрлі қақтығыс деңгейінде жалғасып келді. Бар пәле билікке таластан басталып, аяғы жер-жерге бөлінуге, оңтүстік-солтүстік деп қырқысуға алып келді. Елде бірі-біріне бағынбайтын анархия орнады. Қарулы қақтығыстың алғашы жылдарында (1992-1993ж.ж) 300 мыңдай адам босып, 60-мыңнан аса адам құрбан болды. Екі жақта бір бірін аяған жоқ. Тек Эмомали Рахмон билікке келген соң ғана елде жағдай тұрақтанды. Бірақ тұтас іргелі елге айналды деуге ерте. Егер де ішкі-сыртқы күштердің айтақтауы тағы да басталса, халық тағы қақ жарылып, жүре беруі әбден мүмкін.
Мұның сыртында Тәжікстанға тікелей Ауғанстандағы жағдайда әсер ете алады. Күні ертең ол елден коалиция (НАТО) күштері шығарылатын болса, радикалды тәліп ұйымдары бірден Тәжікстанға қауіп төндіретіні анық. Ал оған ресми Душанбе тойтарыс бере ала ма? Ол бір құдайға ғана аян. Түркіменстан аузы-мұрнын тұмшалап алған бейтарап ел. Рас, кешегі Сапармұрат Ниязовтың кезінде халықтың көзі біраз аққа жеткен. Өзге республикалар қызыға да, қызғана да қайрайтындай түркімендер түрлі әлеуметтік жеңілдіктерге ие болды. Бірақ жеке басқа табыну жүйесі басым еді. Ниязов кеткенмен қазіргі биліктің де одан өзгеріп тұрғаны шамалы. Сол Ниязов салып кеткен соқпақтан шыға алар емес.
Ал басынан дау-дамайы арылмаған, Қырғызстан мемлекетігін жоғалтып алудың алдында тұр десек, қателеспейміз. Рас, Асқар Ақаев билік құрған дәуірде, дұрысы 2005 жылға дейін айырқалпақтылардың жағдайы жаман болған емес. Елде тұрақтылық болды. Оңтүстік-солтүстік тартысы тумады. Тек 1999 жылғы қырғыз-өзбек ұлттары арасындағы жанжал, одан кейін Баткен ауданында экстремистермен қанды айқас болмаса, республика халқы тыныш өмір сүрді. ТМД мемлекеттерінің алды болып Дүниежүзілік сауда ұйымына енді. «Демократия аралы» деген атауға ие болды. Осы жағынан өзге елдерге үлгі болды. Бірақ демократия елге не берді? Екі мәрте мемлекеттік төңкеріске алып келді.
2005 жылы алдымен Асқар Ақаев биліктен шеттетілді. Ресейге қашты. Ақаевты қуған Құрманбек Бақиевтің өзі 2010 жылы соның кебін киді. Жанталасып Беларус асты. Өтпелі Үкімет келді. Одан кейін Алмазбек Атамбаев президенттік тізгінді қолға алды. Ол елдің ауыз бірлігін, мемлекеттің тұтастығын сақтап қала ала ма? Өйткені бұл елде де оңтүстік-солтүстік дауы ширығып тұр. Тіпті кеше орнынан түскенге дейін оңтүстікте жатқан Ош облысының әкімі Мырзахмедов Бішкекке тікелей бағынудан бас тартып, өз дегенін жүргізіп келді. Қырғыз саясаттанушылары «биылғы көктем тағы бір төңкерістің кезеңі болуы мүмкін» деген болжам жасауда. Өйткені елдегі Атамбаевқа қарсы топтар әзірден бастап тірлікке кірісіп кеткенге ұқсайды. Оның үстіне Алмазбек Атамбаев «Манас» әуежайында тұрған АҚШ базасын жабуға шешім шығарып қойды. Маусым айында онда тұрған АҚШ әскерилері әуежайды босатуға тиіс. Бұған Ақ үй сабырлылық сақтап бас иезегенімен, оңай көне қоюы екіталай. Сол Вашингтонның оппозицияға, Атамбаевқа қарсы адамдардың қолтығына ши жүгірту арқылы тағы бір дүрбелеңді бастап жіберуі әбден мүмкін. Мұны сарапшыларда жоққа шығармауда.
Құмтөрдегі алтын кенішінде болған оқиға соның бастауы болуыда мүмкін. Қырғыз билігі ол толқуды әрең басқан. Бірақ парламенттегі көптеген депутаттар шерушілерді қолдап шыққаны да белгілі. Демек Қырғыз билігі үшін бір тықырдың таяп қалғаны анық. Бұдан тыс айырқалпақтылар Өзбекстанмен де, Тәжікстанмен де жер дауы бар. Жақында ғана қырғыз-тәжік шекарашыларының қақтығысы соның бір дәлелі. Екі жақтың ресми билігі ол қақтығыстың тігісін жатқызып, реттегенімен, дүрдараздық әлі де сақталып келеді. Тіпті қақтығыс болған аймақтың тәжік жағына Тәжікстанда азамат соғысына қатысқан, оппозиция басшыларының бірі, дала командирі Шоха Іскендіровтың өзінің жартылай әскери қарулы бөлімдерін шекара маңына топтастыра бастауы жағдайдың соншалықты жақсы емес екенін көрсетеді. Ол топ, егер де қырғыз тарапынан кикілжің туа қалса, тәжіктің қамын үшін айқасқа түсуге әзір.
Сондай-ақ, 2010 жылы ұлтаралық қандықасапты өзбек жағы ұмыта қойған жоқ. Алдағы уақытта, өзбектер шоғырлана орналасқан қырғыз жерінде тағы да ши шығып кетпесіне кім кепіл? Аталмыш үш республикаға қарағанда Өзбекстанның жағдайы біршама тәуір. Тыныштық бар. Ислам ака Каримов бәрін бір шыбықпен айдап отыр деуге болады.
Тек 2005 жылы Әндіжанда болған толқуды (ресми емес деректерге қарағанда бұлғақ кезінде 800-дей адам құрбан болған) есепке алмасақ, өзбек билігі өз дегенімен өмір сүруде. Бар мәселе, Каримов биліктен кеткен соң басталмақ. Оған әлі біраз уақыт бар. Ал ТМД-ның батыс өңірінде жатқан, демократияның үлгісі ретінде көрінетін Украина бүгінде астан-кестең. Билік абдырап қалған.
2004 жылғы Леонид Кучманы биліктен шеттеткен «қызғылтсары» төңкерісі бүгінгі аласапыранның жанында түк болмай қалды. Ол кезде қан төгілмеді, көліктер өртенген жоқ. Мемлекеттік ғимараттар басып алынған жоқ. Бәрі де бейбіт түрде болды. Сол деңгейде билік өзгерді. Украинадағы бұл жолғы толқу өзге. Тым радикалды. Көбіне көп Қырғызстанда болған төңкеріске ұқсайды. Жалпы, бір Украинада екі түсініктегі украиндар өмір сүріп жатқанын көрсетті. Әлдеқайда қайратты, ұраншыл батыс, салмақты, байыпты шығыс. Егер де билік пен оппозиция және сол оппозицияның қатарын толтырып жүрген радикалды топтар бір келісімге келмесе, онда да ортақ үй Украинаның тұтастығын, тұрақтылығын сақтап қаламыз деген мүдде төңірегінде топтаспаса, онда бұл ел батыс және шығыс болып қаққа бөлінуі мүмкін. Ал Қырым өз алдына автономия болып кетуде ғажап емес.
Жалпы Қырғызстан мен Украинаның бір ұқсас жері бар. Ол Қырғызда оңтүстік пен солтүстік арасындағы бітпес дау болса, Украинада батыс пен шығыс арасында сондай текетірес бар. Ал бұған нүкте қою әзірге Қырғыз елінде де, Украинада да мүмкін емес. Укрина билігі шерулеткен халықтың ыңғайына жығылды. Үкімет отставкаға кетті. Дүрбелең туғызған заңдардың күшін жойды. Бірақ шерушілер әлі де алаңнан кеткісі жоқ. Енді олар президент Януковичтің тағын тартып алуға тырысуда. Оған президент келісе қояр ма екен? Нағыз қанды қақтығыс енді басталуы да мүмкін.
ТМД-дағы демократия басым елдердің бәрінде дүрбелең бар. Ол — Қырғызстан, Ол-Украина, ол — Грузия. Бұл үш елге де Батыс өз деморкатиясын, құндылықтарын зорлап болса да тақты. Бірақ оның «жемісі» анадай. Ал билікті бір уыста ұстап отырған Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Беларус те тыныштық бар, тұрақтылық бар. Ал АҚШ, Франция секілді деморкатияның атасы болып отырған алып елдер оған бірден жеткен жоқ. Талай революцияны, талай соғысты бастан өткізіп, араға жүздеген жылдар салып барып иек артты. Демократия алаңға шығып, билікке қарсы тас лақтыру емес, оның мәні мен мағынасы өзге. Бірақ ТМД еліндегі шеруші топ демократияны билікті тақтан құлатудың жолы деп қана түсетін секілді.
Жалпы ТМД елдерінің алдағы уақытта тағдыр-талайы қалай болмақ? Қандай ортақ мүдде оларды топтастыра алады? Әзірге белгісіз.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
http://www.aikyn.kz/articles/view/41140