Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеев елдің әр аймағында өтіп жүрген азық-түлік жәрмеңкелерін сынға алды. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Ұлттық экономика министрінің орынбасары Марат Құсайыновқа дүрсе қоя берді.
«Біреудікін тартып алып, екінші адамды бақытта ете алмаймыз. Сіздер жәрмеңкелерді жалаулатып жүрсіздер. Осы жәрмеңке арқылы шаруалардан нені тартып алып жүргенімізді біле
сіз бе? Біз оларды тауарларын үш есе арзан бағаға қалаға әкеп сатуға мәжбүрлеу арқылы тұралатып жатырмыз. Ол өнімдерді кімдер сатып алып жүр? Джип мінген байлар қапшықтап сатып әкетеді. Ал, қаланың сыртында тұратын қартаң кісілер жәрмеңкеге жете де алмайды. Осы әлеуметтік павильондарды әр ауданда ашуды қолдайсыз ба? Шаруаларды шығынға батыруды тоқтату керек» дейді депутат.
Марат Құсайынов та қарап қалмады. Мәжіліс депутатының сауалына әлеуметтік павильондарды ашу дұрыс деген өз уәжін айтты.
«Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арнайы орындар беріледі. Мысалы, Астанада олар өз тауарларын делдалсыз сата алады. Коммуналдық базарларда орындардың 25 пайызы жергілікті тауар өндірушілерге ұсынылып келеді» деді вице-министр.