АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дербісәлі дәуірі несімен ерекшеленді?

Мемлекетте унитарлы дербес діни басқарманың болуы – әрбір халыққа бұйыра бермейтін бақ. Тарих – дәлел. Унитарлы мемлекеттің де діни басымдығын

құрайтын мұсылман жамағатының жік-жікке бөлінгені емес, бір шаңырақ астында топтасқаны, мүфтияттың беделінің биік болғаны мақұл. Діни басқарма жетекшілігінде он үш жыл болған Дербісәлі кезеңі несімен ерекшеленді?

Тәуелсіздікпен бірге діни құрылымға дербестік бұйырды. Әрине, әр басшының тұсындағы факторлар, жағдай, халықтың діни сауаты да әрқилы. Солай десек те, барлық нәрсені салыстыра сабақтап, баға беретініміз бар.

Өткен апта ҚМДБ төрағасы өзгерді. 21 жылдағы үшінші Бас мүфти. Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VII Құрылтайы Ержан Маямеровті Бас мүфтилікке лайық көрді, ал қабылдаған Үндеулерінде 13 жыл ҚМДБ Төрағалығын атқарған Әбсаттар қажы Дербісәліге «Алла разы болсын!» лебізін білдірді.

1947 жылы дүниеге келген, филология ғылымының докторы, профессор, шығыстанушы, дипломат, Сауд Арабия корольдігіндегі  ҚР елшілігінде қызмет атқарған Әбсаттар қажы Дербісәлінің мүфтилік дәуірі  (2000-2013) діни саланы зайырлы мемлекет – қоғам – дін қағидаларына сай жүйеге келтірді.

13 жылдағы жеткен жетістіктер мен жүріп өткен жолдың ақпары ҚМДБ Үндеуінде толығымен көрсетілген, әрбіріне жеке-дара тоқталмай-ақ, бірер мысал ғана келтірелік.

Әбсаттар қажы іс басына келген тұста еліміздің мешіттерінің саны туралы ақпарат ауыздан ауызға 4000-5000 төңірегінде құбылатын. Сөйтсек, бұл ауыздағы «шашақты» сөз екен: бары 1402 мешіт болыпты. Оның 284-і ғана 2000 жылдардың басында ҚМДБ-ның филиалы ретінде тіркелген екен. Қазір 2300-ге жуық мешіттің барлығы дерлік осы мұсылмандардың ортақ шаңырағы астында топтасты. Осы он үш жылда қоғамның имандылыққа бағыт алуы, Ислам қағидаларын күнделікті өмірінде ұстану салтының пайда болуы, жастардың имандылық бұлағына ұмтылысында ҚМДБ төңірегіне топтасқан Бас мүфти бастаған имамдар шоғырының үлесі болды.

Қазақтың ата-бабасының күнделікті тұрмысындағы тақия-шапаны бүгінгі күні Діни басқарма қызметкерлері, мешіт имамдары мен молдаларының сипатында сақталды. Шапанды қазақ – шапанды имам ассоциациясын беретін болды. Дініміздің насихаты ата-баба дәстүрімен сабақтасты.

Сонымен қатар, ақ пен қараны ажырату, рас діні қайсы, қырын кеткен ырымы қайсыны айыратын жаңа бір молдалар буыны қалыптасты. Әліпті таяқ деп білмеу, естігенімен уағыз жасайтындар емес, сауатты, діннің негізгі қағидаларын, халыққа қажетті насихатты білетін жаңа бір имамдар шоғыры сап түзеді. Қайсыбір олқылылықтарды түзеу ұзақ уақытты қамтитынын ескерсек, сәл ертеректегі сауатсыз, шала молда имиджі – білімді, білікті имам дәрежесіне көз алдымызда өсті. ҚМДБ-ның құрылымы кәдуілгі мемлекеттік, әйтпесе, мекемеге қойылатын халықаралық стандарттарға сай жіктелді, құрылды, құнтталды, нығайды.

Дінге қызмет ету жолындағы Әбсаттар Дербісәлінің алдымен ойға оралатыны – ұстаздығы. Шәкірт тәрбиелеушінің бойында ұрда жық, өрекпу құбылыстары емес, өзгеден білмегеніңді үйренуді ар көрмеу, дұрыс білім алуға шақыру дейтін қасиеттер болады. Ислам қағидалары күнделікті өміріне қайтадан ене бастаған қазақ қоғамында осы он үш жылда бұл айрықша қажет еді.

Сосын Әбсаттар қажы ақсақалдық танытты. Телісі мен тентегіне тәйт десе де, қиыс кеткен жастарға қатысты пікірін білдірсе де, қатты айтпады. Ақыл тоқтатқан ақсақалдығымен, ғылым-білім тілімен, радикалды жолдың жөнсіз екенін, Исламның мейірімге, махаббатқа, жақсылыққа, ата-ана, жақын жуыққа, мемлекетке септесумен көрініс табатындығын түсіндіруге тырысты.  Әйтпесе, сан салалы ағымдардың өкілдерін тарапынан ҚМДБ-ға, оның  төрағасына қатысты лайықты-лайықсыз сын айтылмай қалмады. Дербісәлі ақсақалдық танытты, жамағатының жақсылығын асырды, жамандығын жасырды.

Азаматтық танытты. Дін туралы заң қабылданған тұста да, қоғамның тыныштығын, берекесін қашыратын алуан түрлі құбылыстарға қатысты әрдайым үн қатып отырды. Ішімдікке қатысты болсын, әдепсіз, арсыз қылықтарға болсын, бей-жайлық танытпады. Жақсылыққа жаршы болды. Мұсылманның мерекелері заңмен бекітілуіне сеп болды.

Ақсақал, ұстаз, азамат Әбсаттар Дербісәлі дін жолындағы осы тірлігімен аталған қызметтің жүгін мойнына алған азаматтарға жол, үлгі, әйтпесе нұсқа, тіпті биіктік қалдырды десек болар.

Дербісәлі дәуірінен Маямеров мерзіміне өткен ҚМДБ-дағы өзгерістер мемлекет үшін, мұсылман қауымы үшін қайырлы болсын дейміз!

Жоламан ДҮЙСЕНОВ

Шын порталынан алынды