АЛТЫНОРДА
Новости

Девальвация дүрбелеңі неге туды?

©Алаш айнасы иллюстрациясыКүні кеше Алматы мен Астана халқы валюта айырбастау пункттерін жағалап доллар үшін төбелесуге дейін барды. Халық «теңге құнсызданады» деген қауесеттен соң жаппай долларды сатып ала бастады. Тіпті көк қағаздың құны бір түнде 187 теңгеге дейін шарықтап шыға келіп, бұдан соң валюта айырбастау пункттерінде ұзын-сонар кезек басталып кетті. Тіпті Астанада көк қағазды сатып алуға таласқан бұқараны тыныштандыру үшін полиция қызметкерлері де іске араласты. Ал Алматының халқы бірқатар банктерге барып теңгелік депозиттерін долларға айырбастап қойып барып тынышталды. Осы ретте «Алаш айнасы» халықтың дүрлігуіне не себеп болғанын тізбелеп көруді жөн көрді?!

Алыпсатарларға алдандық па?

Жалпы, мамандар экономика заңдарының негізін білмеушілік қай мезетте болмасын үрей туғызатынын алға тартады. Мәселен, біреу бір нәрсе депті деп дереу ойға шому: қаражат қай валютада сақталған немесе ол дұрыс инвестицияланған ба, тек бұл ғана емес, сондай-ақ жаңалықтарды жіберместен тыңдау, теңге мен доллар бағамын қадағалау, банкке хабарласып, ең соңында көршінің айтқанына қатысты бір қап қант пен ұн немесе валюта сатып алуға жүгіру. Міне, мұндай жайттар біздің өмірімізде күнделікті кездесіп келеді. Сөз жоқ, мұндай қаржы сауатсыздығы адамның алдын буалдандырады. Алаяқтың шырмауына түсіреді. Мұндай дағдарыс кезінде түрлі алдамшылар халықтың абыржып қалғандығын пайдаланып, өз белсенділіктерін арттыра түседі. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмен болу нәтижесі олардың көпшілігінің қолындағы қаражатты не істеу керектігін, оларды қайда инвестициялап, қалай сақтап қалуды білмейтіндігінен көрінеді. Міне, осындай білмеушілік салдарынан халықтың қолындағы ақша көп жағдайда алыпсатарлардың қолына түседі. Бұдан солар пайда көріп, кірісін көсіп ала түседі.

Жанайдар Қасымбеков, Алматыдағы валюта айырбастау нүктесінің директоры:

– Осы жолғы дүрбелең кезінде екінші деңгейлі банктердің бірқатары АҚШ валютасын сатуды шектеген. Осы сәтте алыпсатарлар да лезде пайда болып, долларды 190-ға дейін көтеріп жібергендері болды. Қазірдің өзінде алыпсатарлар 1 долларды 184 теңгеден сатып жатыр. Міне, халықтың сауатсыздығын, олар осылай пайдалануда. Сондықтан қарапайым халық экономика негіздерін бағдарлап сауатын аша түссе мұндай дүрлігуге негіз болмас еді. Қазірде мұнай бағасы тұрақты, алтын валюта қоры өсім беруде сондықтан адамдарды қаңқу сөзге сенбеуі тиіс.

Көршінің көңіл күйі де халыққа әсер етуде

Қаржы сауаттылығы өз алдына, көрші Ресейдің жағдайы да халықты алаңдатып отырған жайы бар. Бұған қатысты сарапшылар «доллардың бағамын аңдып, күн сайын әрбір қаңқу сөзге селт етіп отыратын бұқараның жөні бар» дейді сарапшылар.

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:

– Ресейге тұс-тұстан санкциялар салынып, бұл тұрғыда санкциялар соғысы басталып кеткелі қашан?! Әрине, мұның барлығы қарапайым халықты алаңдататын жөні бар. Ресейдің тек қана қаржылық-экономикалық ахуалы жөнінде айтар болсақ, қазірде бұл тұрғыда «әлемдік соғыс» басталып кетті деуге болады. Қазір Ресейдің қайсыбір ірі компаниялары өз капиталдарының 40 пайызын долларлай емес, жапонның йенімен, қытайдың юанымен сақтай бастады. Ресейдің олигархтарының өзі қазірде алаңдай бастады. Санкциялардың күшейгенінен қазірде Ресейде біріккен бизнес жүргізу де мүмкін болмай тұр. Ресей мен Қазақстан арасындағы біріккен кәсіпорындарға да мұның ықпал етері анық. Елімізде Ресеймен бірігіп трансқұрлықтық компаниялар құрылуда. Айталық, Ақтөбеде Ресейдің мыс компаниясымен біріккен өңдеуші кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мұны шекара маңындағы интеграциялану деуге болады. Бірақ пайданың басым бөлігі – ресейлік компанияның еншісінде. Қазір Өскеменнің титан-магний комбинаты Ресейдің бір кәсіпорнымен бірігіп, титанды өңдеп шығарып жатыр. Мұны да инновациялық-өндірістік кластер деуге әбден болады. Кластер болмаса, интеграцияның өзі дамымайды. Еуропада әртүрлі салада кластерлер жұмыс істейді. Өйткені дайын өнімді шығаруда инновация қолданылады. Рас, міндетті түрде инновациялық кластерге бірігіп, өнім шығаруға ұмтылғанымыз абзал. Ол үшін бізде өңдейтін өндіріс болуы керек. Бәрін тек Ресей иемденбей, жекелеген саласы өзімізге тиесілі болса қауіптенбеуге болады. Ал Ресей таразы басын басып кетіп, шағын кәсіпорындардың қайсыбірі қазірдің өзінде мешел күй кешуде. Сондықтан бұл жерде халық мұны да сезініп келеді. Осыдан болар көрші елдің бағамын бағып, ондағы ахуал қиындаған сайын халық та абдырап, көршінің қас қабағын бағудамыз.

Банктер де тәуекелге бой ұрып жатыр…

Жалпы, халықтың доллар сатып ала басатуы, теңгедегі депозиттерін долларға ауыстыруға жоғары талпынысы депозит базасындағы тұрақтылықтың берекесін кетіре бастаған. Мысалы, тек қана бір айдың ішінде теңгедегі депозиттерді долларға ауыстыру көрсеткіші 37 пайыздан 46 пайызға бір-ақ өскен. «Ал халықтың бұл әрекеті арқылы банктер тәуекелге бой ұрып отыр» дейді мамандар.

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:

— Қарапайым халық «тағы да девалвация болуы мүмкін» деген оймен теңгемен жиып-тергенін бірден алады да долларға айналдырып депозитке салып тастады. Бұқараның пайымынша, олар осылай етсе ұтылмайды. Бірақ қазір доллар несиеге деген сұраныс жоқ. Жұрт доллармен алған несиесін теңгеге ауыстыратын банктерге құжаттарын алып кетіп жатыр. Бір банктен екінші банкке жинақтарды алмастыру, жалпы Қазақстанның банк секторынан бойынан ала қашу сынды жағымсыз іс-қимылдарға жол берілуде. Ал мұның барлығы әрине қаржылық рейтингті төмендетеді. Доллар несиеге сұраныс болмағаннан кейін, халықтың доллармен жинаған депозиттері де айналымға шықпай құр бос жатып қалады. Сондықтан бұл жерде осыны да ескеру керек. Долларды құр сатып ала берудің аса қажеттілігі жоқ. Қайталап айтамын, қазір халықтың басым бөлігі депозиттегі активтерін теңгеден долларға ауыстырып салып жатыр. Ал бұл депозиттерді қабылдауға банктер дайын болғанымен, оны доллар активінде орналастыруға еш мүмкіндігі жоқ. Өйткені елде долларға бағаланған несиеге сұраныс жоқ болғаннан кейін, сәйкесінше, банктер доллар түріндегі депозитті қабылдайды, бірақ оны айналымға салайын десе долларға сұраныс аз. Тұтынушылардың басым бөлігі несиені доллармен емес, теңгемен алуды қалайды. Осыдан барып долларды депозитпен сақтауда да, несиені теңге түрінде беруде де банктер жоғары валюталық тәуекелге бой ұрып отыр. Мұның салдары жағымсыз тренд тудырады.

P.S. Сонымен кәсіби мамандардың болжамына сүйенсек, әзірге теңгенің құнсыздануына еш негіз жоқ. Елдің алтын валюта қоры жыл басынан бері 9,2%-ға өскен. Осылайша Ұлттық банкінің алтын валюта резервтері бойынша серпін оң болып табылуда. Бұған қатысты отандық экономист сарапшылар да «қандайда бір елдің алтын валюта қоры азайған сәтте, ол елдің ұлттық валютасы құнсызданады. Ал бізде керісінше, алтын валюта резерві өсім беріп отыр. Сондықтан ұлттық валютамыз құнсызданады деп дабыра салуға еш негіз жоқ» дейді.

Ал еліміздің бас прокуратурасы «девалвацияға қатысты қауесет халық арасында айтарлықтай шу шығарып, ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздану қаупін туғызғанын» баса айтып отыр. Бұған қатысты аталмыш құзіретті орган теңге бағамын түзету туралы ақпараттың одан әрі таратылуына жол берілмейтінін айта келе, «өзгерту енгізілген жаңа Қылмыстық кодекске орай жалған дақпырт таратқан адамдарға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылмақ» деп отыр…

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

http://alashainasy.kz/economica/52770/