Алматы. 23 сәуір. BAQ.KZ – Бүгін Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында дін өкілдерінің «Дін бірлігі – ұлт тұтастығының кепілі» атты зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ҚР Дін істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы М.Әзілхановтың және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған дін өкілдері Қабдеш Жұмаділов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, Асанәлі Әшімов, Мұрат Әуезов, Дидахмет Әшімханұлы, Марфуға Айтхожина, Дулат Исабеков, Уәлихан Қалижан, Қансейіт Әбдезұлы, Темірхан Медетбек, Ермек Аманшаев, Сатыбалды Нарымбетов, Мереке Құлкенов қатарлы әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлерінен құралған зиялы қауыммен кездесті.
Кездесу зиялы қауымға мемлекетіміздің дін саясаты және еліміздегі діни ахуалға және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнаманың жүзеге асырылуы жайында кеңінен түсінік беру мақсатымен ұйымдастырылды. Аталған мәселелерді жан-жақты талдай отырып, мазмұнды баяндама жасаған агенттік төрағасы М.Әзілханов зиялы қауыммен қарым-қатынас аясындағы келешек жұмыс жоспарымен бөлісті.
«Зиялы қауым өкілдері заманалар бойы ұлттың ұстазы, қоғамдық ақыл-ойдың қозғаушы күші қызметін қалтқысыз атқарып келеді. Өскелең жастар сіздер жазған туындылар, жасаған зерттеулер арқылы өзін, ұлтын, дәстүрін, дүниетанымын таныды, сана-сезімін, ой-өрісін, бағыт-бағдарын қалыптастырды. Көркем әдебиет, өнер, ғылым, баспасөз арқылы қоғамдық сананы сіздер қалыптастырудасыздар деп біз сеніммен айта аламыз. Мемлекеттік орган ретінде біздің жүргізіп отырған барлық қоғамдық шараларымызға зиялы қауым өкілдері де қатысуда. Ұлт мүддесі баршаға ортақ болғандықтан мен сіздерді осы бағытта бірлесе отырып, белсене жұмыс жүргізуге шақырамын»,- ол.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақ халқының ата-діні – исламның жасампаз құндылықтарына, оның қоғам өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды.
Іс-шара барысында бүгінгі қоғамдағы дін және руханият мәселелері әр қырынан талқыланды. Зиялы қауым өкілдері тарапынан қойылған өзекті сауалдарға дін өкілдері тарапынан жауап беріліп, жан-жақты пікір алмасылды.
http://baq.kz/kk/news/46268