Еліміздің Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов бірнеше мәрте «елде екінші қайтара девалвация болмайды. Бұған негіз жоқ. Бір жылда екі қайтара девальвация жасалмайды» деп ресми мәлімдеме жасап, бұқараны тыныштандырғанымен, елде әлі де девальвация туралы пікірлер, қауесеттер, тіптен сарапшылардың дәйекті ойлары да қызу талқылануда. Сөйтіп, сарапшыларымыздың пайымдауынша, бізге девальвация дүбірі таяп қалған тәрізді. Бұған халықаралық тұрғыда бірнеше нақты себеп те бар. Ендеше талдап көрелік.
Бірінші: мұнай бағасы қинап тұр
Жалпы, «Алаш айнасы» әлемдік нарықта мұнай бағасының мың құбылуы ұлттық экономикаға, ұлттық валютаға өз әсерін тигізбей қоймайтынын бірнеше мәрте қозғады. Бізге пікір білдірген қайсыбір сарапшылар тарапынан бұған қатысты «мұнайдан түсетін түсімі азайған сайын мұнай өңдеуші елдердің жағдайы қиындай түседі. Кезінде АҚШ Кеңес өкіметін ыдырату үшін мұнай өндіретін мемлекеттерге мұнай бағасын құлату жөнінде тапсырма берген. Осыдан барып 1989 жылы мұнай бағасы адам айтса нанғысыз деңгейге – 9 долларға дейін төмендеді. Бұл Кеңес одағын тығырыққа тіреді. Артынша КСРО тарады. Қазір АҚШ Ресейді күйрету үшін тағы да осындай қадамға барып, Сауд Арабиясы, Ирак, Ливия елдеріне мұнай бағасын төмендетуге ықпал етуге ұсыныс тастады» деген пікірлерді де алға тартты.
Ал кешелі бері ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдердің халықаралық ұйымы) басшысы Абдулла аль-Бадри келер жылы ірі мұнай экспорттаушы елдерге оңайға соқпайтынын, мұнай бағасының әлі де құбылатынын ашып айтты. Оның айтуынша, әзірге мұнай өндіруге қатысты ұсынысты шектеу мүмкін болмай тұр. «Мұнай шығаратын елдердің өнімді шамадан тыс көп өндіруі, мұнайдың әлемдік тұтыну қорының тұрақты болжанбауы салдарынан мұнай бағасы кері кетті» дейді ол.
Негізінен халықаралық энергетикалық агенттік «әлем бойынша тәулігіне 92,4 млн баррель мұнай тұтынылады» деп болжаған. Артынан аталмыш агенттік бұл деңгейді 1,3 млнға дейін, одан соң агенттік бұл көрсеткішті 700 мыңға дейін түсірді. Бұл ретте мамандар «шикі мұнайды ауқымды көлемде экспорттай берудің соңы осыған апарып соқтыруда. Егер жағдай осылайша орын алып ОПЕК ірі көлемде мұнай экспорттаушы елдерге өндіріс көлемін төмендетуді, мұнай өңдеуді белгілі бір көлемде шектеуді нықтап міндеттемесе, онда мұнай бағасы одан әрі төмендей түседі. Ал бұл әлем үшін қауіпті жағдай. Сондықтан ОПЕК мұндайға жол бермейді деп жорамалдау керек» деп отыр.
Бірақ ОПЕК басшысы нақ қазір мұнай өндіру көлемін төмендетуге Ливия мен Венесуэла ғана келісім беріп отырғанын, АҚШ, Кувейт, Иран, Сауд Арабия елдерінің мұнай өндіруде өнім көлемін төмендеткісі келмейтінін айтты. Бұдан шығатын қорытынды өзінен-өзі «егер келер жылы осы аталған үш ел мұнай өндіру көлеміне белгілі бір шектеу енгізбесе, ұсыныстың көптігінен, оған сұраныстың аздығынан мұнай бағасы одан әрі арзандай береді» дегенді білдіреді. Ал мұнай бағасы бұдан әрі кері кетер болса ОПЕК-ке мүше барлық елдерде бюджет тапшылығы қалыптасады. «Мұндайда тек қана Қазақстан ғана емес, экономикасы мұнайдан түскен түсімге байланған елдердің біразы ұлттық валютасын девальвациялауға мәжбүр болады. Халықаралық нарық заңдылығы осыны меңзеп тұр. Сондықтан девальвация келер жылдың басында-ақ болуы мүмкін» дейді сарапшылар.
Екінші: Еуроодақ пен Ресей арасы да себепкер
Девальвация дүбірін жақындатуға тағы бір себеп: бұл Ресейге салынған санкциялар легі. Бұған дейін бізге сарапшыларымыз «егер келер жылы Еуроодақ Ресейге салынған санкциялар тізгінін босатар болса, онда экономика біршама жеңілдей бастайды» деген еді. Бірақ нақ бүгін Еуроодақ Ресейге салынған санкциялар керісінше күшейетінін жариялады. Бұған қатысты Германия канцлері Ангела Меркель «Еуроодақ Ресейге салынған санкцияларды жеңілдетпейді. Керісінше, күшейтеді» деді.
Негізінде, Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциялары, оған Мәскеудің қарымта жауап қайтаруы Еуропа елдеріне кері ықпалын тигізбей қоймады. Бұл ретте Финляндияның үкімет басшысы Александр Стубб бұл санкциялардың осы елдің экономикасына ауыр соққы болатынын мәлімдеді. Бұл ретте ол «біздің елімізге 2015 жылы құлдыраудың қаупі төніп тұр. Ал мұндай құлдыраудан кейін жалпы ішкі өнім деңгейін 2008 жылы көрсетілген өсімге дейін көтеру үшін бізге ең кемі 10 жыл керек болады. Бізді тағы бір рецессия күтіп тұр» деп отыр. Дамуы бізден ілгері Еуропа елдері осылай деп жатқан тұста «көршідегі жағдайдың бізге қатысы жоқ» деп Қазақстанға қамсыз отыруға болмайтыны тағы анық.
Мейрам Қабдрахманұлы, сарапшы-маман:
– Қазірде Еуропадағы оппозиция өкілдері Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын қатты сынға ала бастады. Мәселен, Нидерландының санкциялардан көретін шығыны 1,5 млрд доллар шамасында болса, Латвия өзінің ұлттық валютасымен есептегенде 55 млн қаржысын жоғалтады. Польшада ірімшік пен май өндірушілер айтарлықтай зардап шегуде. Тіпті Еурокомиссия ауыл шаруашылығын өндірушілерге өтемақы беруді де жоспарлап отыр. Ал енді Еуропа елдерінің өзі санкциядан сүрініп жатқанда, бізге мұның әсері жоқ деп бейқам отыру ақылға сыймайды.
Біз бұған дейін де теңгенің девальвацияға түсетінін, 2015 жылдың басында-ақ бір доллардың құны 200 теңгеден асуы әбден мүмкін екенін болжағанбыз. Өйткені қазіргі ахуалдың өзі соны айқындап отыр. Мұнай бағасының түсуі, Ресей мен Украинадағы жағдайдың шиеленісі мұның барлығы Қазақстан экономикасына кері ықпал етеді. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі мұнай бағамы барреліне 100 доллар болғанда 4,8-4,5 пайыз болуы керек-тін. Қазіргі мұнай бағасының 80 долларға дейін түскенін көріп отырмыз. Сондықтан ЖІӨ болжанғандай болмайды. 4,1 пайыздың айналасында болуы мүмкін.
Үшінші: Ұлттық қордан қаржы алу да біраз нәрсені аңғартады
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
– Қазір ғаламдық дағдарыстың орын алу нышанын сезінген біраз елдер экономикасын қуаттандыратын қосымша тетіктер қарастыруда. Сол тәрізді біз де келер жылы экономиканы қолдау мақсатында Ұлттық қордан 3 млрд доллар алатын болдық. 2007-2009 жылдары дағдарыс кезінде Ұлттық Қордан жалпы экономиканы қолдау мақсатында 10 млрд доллар алынған болатын. Ол кезде де теңге девальвацияға түсті. Инфляция орын алды. Жағдай ауырлады.
Биылғы жылдың ақпан айындағы девальвациядан кейін де Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға триллион теңге бөлінді. Банк секторын сауықтыру жəне проблемалы несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жоғарыда айтқанымдай келер жылы да қордан тағы қаржы аламыз. Ұлттық қордағы мұнайдан түскен түсім қазір 76,8 млрд долларды құрайды. Егер мұнай бағасы болашақта кері кете берсе, бізге Ұлттық қорға мұнайдан түсетін түсім де азая береді. Біз осы уақытқа дейін Ұлттық қордың ақшасын қандайда бір қиын кезге сақтап келдік. Дағдарыс кезінде сол Ұлттық қордағы қаржыны экономиканы қуаттандыруға жұмсадық. Ұлттық қордан қосымша қаржы алынуының өзі экономиканы қуаттандырудың қажет екенін, экономикалық ахуалдың болашақта оңай болмайтынын аңғартады. Демек келер жылы ғана емес, алдағы үш жыл бойы бір ғана ұлттық валютаны ғана емес, отандық өндірісті, жұмыссыздықты, ауыл шаруашылығын, банк секторын, жалпы экономиканы қолдау мақсатында біраз шаралар атқаруға тура келеді. Бұл алдағы жылдарда экономикалық ахуалдың біршама ауырлайтынын көрсетеді. Сондықтан Үкіметтің экономиканы әлсіретпеуі үшін Ұлттық қордан қаржы қарастыруы орынды.
Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/dollar-keler-jyilyi-200-tengeden-asuyi-mumkn-be-57385/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі