АЛТЫНОРДА
Новости

Доллар тапшылығы Ақтауда да байқалды

Азаттықтың Ақтаудағы тілшісінің хабарлауынша, 21 желтоқсан күні қаладағы валюта айырбастау пункттерінде доллар мүлде болмаған. Ал жеке сатушылар оны 190 теңгеден саудалап жатыр.

Қала тұрғындары доллардың соңғы екі-үш күнде 1-2 теңгеге көтеріліп, 182-183 теңгеден -184-185 теңгеге жеткенін, кейін мүлде болмай қалғанын айтады.

Жексенбі күні банктер жұмыс істемейтін болғандықтан, Азаттық тілшісі қаладағы ірі сауда орталықтары мен базарларға барып қайтқан еді.

Ақтаудағы 14-ықшамаудандағы «Астана» сауда орталығындағы валюта айырбастау пунктіндегі таблода доллардың сатып алу құны «182» деп көрсетілгенімен, сату бағасы жазылмаған. Пункт кассирі доллардың 2-3 күн бойы саудада жоқ екенін айтты.

Ал «Ардагер» сауда орталығындағы «Нұрбанк» валюта айырбастау пункті жұмыс істеп тұр. Бірақ касса алдына «доллар жоқ» деген жазу ілінген. Кассир әйел доллардың алдағы сейсенбі, яғни «23 желтоқсан күні сатыла бастауы мүмкін екенін» айтты.

Ақтаудағы ірі сауда орталығы, ел аузында «Сары базар» аталып кеткен орталық базарда валюта айырбастаумен айналысатын әйелдің сөзінше, «доллардың қазіргі құны — 190 теңге».

— Доллар 14-15 желтоқсаннан бері жоқ. Бұрын 10-20 мыңдап бізге айырбасқа әкелетін, қазір 5-6 мың долларды табудың өзі қиын болып қалды, — дейді аты-жөнін айтудан бас тарқан валюта сатушысы.

Бірақ одан келушілер 190 теңгеге доллар сатып алып жатты. Азаттық тілшісінің көзінше әйел адам 200 долларды 37 мың 600 теңгеге (бір доллар 188 теңге — ред.) сатып алды.

Желтоқсанның 19-ы күні Қазақстан ұлттық банкі «елде қолма-қол шетел валютасы жеткілікті» деп мәлімдеген. Ұлттық банк «Валюта айырбастау пунктері екінші деңгейлі банктер тарапынан және Қазақстан ұлттық банкі тарапынан шетел валютасымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген» деген болатын.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141221/330/330.html?id=26754912