Дөнер кебабты ойлап тапқан түрік Қадыр Нұрман 80 жасында Берлинде қайтыс болды, деп хабарлайды Би-Би-Сиагенттігі.
Ол дөнер кебабты жасауды 1972 жылы Батыс Германияда қолға алған. Қақталған етті салатпен қосып жұқа шелпекке (лаваш) орап көшедегі дүңгіршекте сата бастаған.
Осылайша ол түріктердің қарапайым асын асыққан адамдар жол-жөнекей жей беретін фаст-фудқа айналдырған. Дөнер кебабты ойлап тапты деген бірнеше адам бар болғанымен, Еуропадағы түркі дөнер шығарушылар қауымдастығы 2011 жылы Қадырды біріншісі деп мойындаған. Аталамыш ассоциацияның штаб пәтері Берлинде орналасқан.
Қауымдастықтың ұсынған мәліметінде Германияда дөнер кебеб жасайтын 16 мың тамақтандыру мекемесі бар екен.
Ал Еруопа нарығындағы осы асқа сұраныстың 80%-ын германдық компаниялар қанағаттандырады.
1960 жылы Германияға қоныс аударған Қадыр Нұрман дөнер кебабқа патент алғанымен одан көп табыс таппаған. Ол басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Осы астың арқасында көптеген жерлестерім пайдаға кенеліп, көптеген елдің адамдары осы асты ұнатқаны үшін мен бақыттымын», депті.