Ресейдегі кабельді телеарна операторларының біразы Ленинград қоршауы туралы сауалнамасынан соң «Дождь» телеарнасын көрсетпей қойды. Бірақ жақтастары «Кремль осыны сылтауратып, оппозициялық арнадан құтылуды көздейді» дейді.
«Дождь» телеарнасы журналисі Егор Погорелов тікелей эфирде отыр.
Бұл сауал көптеген ресейліктерге ұнамай қалды. Ленинград қоршауда қалған 900 күн ішінде шамамен 1 миллион адам көз жұмған еді. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың бірі.
«Дождь» сауалнаманы тез алып тастап, халықтан кешірім сұрады. Бірақ ресейлік бірнеше телеарна операторлары содан кейін оппозициялық арнаны өшіріп тастады.
Ростелеком мемлекеттік байланыс операторының өкілі Валерий Костарев 30 қаңтар күні «Дождь» телеарнасына қатысты жағымсыз жағдай шешілгенше
хабар таратуды доғару туралы шешім қабылданды» деді. Ал Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков телеарнаның «шектен шығып кеткенін» айтты.
НТВ телеарнасынан 2012 жылы «әсіре саяси белсенділік» танытқаны үшін қуылып, «Дождь» арнасына ауысқан тележүргізуші Павел Лобков сауалнаманың құр сылтау екенін айтады:
– Блокада туралы сауалнаманың аяқ астынан өте маңызды саналғанын саяси тәсіл ретінде қарастыру керек. Арнаны жауып тастау үшін көпшіліктің қолдауын қажет етсеңіз, олардың ақыл-ойына әсер етуге тырыспай, соқыр түйсігінде ойнауға тырысасыз. Тыйым салынған тақырыптардың көбі адамдарға ерекше әсер етеді. Ленинградты қоршау, большевиктік революцияның кейбір кезеңдері, 1930 жылдардағы жаппай репрессия сияқты тақырыптардың көбін айтпайды. Елімізді жаңартудың құны тым қымбатқа түсті дегенде соларды меңзейміз, – дейді ол Азаттыққа.
«КРЕМЛЬДІҢ САЯСАТЫ»
Сауалнамаға қатысты дау туындағанға дейін «Дождь» елдегі мемлекеттің бақылауынан тыс хабар тарататын арналардың бірегейі болып тұрды. 2010 жылы құрылған арна сыни репортаждар мен заманауи мәдениетті байланыстыруға
тырысып, Ксения Собчак сияқты тілшілердің танымал тұлғаларға қолайсыз сұрақтар қоюына жағдай жасады.
2011-2012 жылдары үкіметке қарсы наразылық кезінде Ресей мен одан тыс аймақтағы тұрғындар осы арнадан ең өзекті жаңалықтарды біліп отырды. Ресейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы Алексей Навальный сияқты оппозиционерлер де «Дождь» арқылы пікірін айтуға мүмкіндік алды.
Арнаны жабу туралы мәлімдемеге қарап, «Дождь» телеарнасыүні біржола өшті деуге болмас. Оны әлі таратып жатқан операторлар да бар, интернеттен де шығады. Бірақ қиындықтар туындайтыны анық. Қазір Ресейдің бас прокуроры Юрий Чайка сауалнамаға ашулы петербургтік заңгерлердің талабы бойынша тергеу ісін жүргізбек.
Санкт-Петербургте туып-өскен, ата-анасы блокаданы көрген саяси сарапшы Борис Вишневский сауалнаманы қорлау ретінде қабылдағанын айтса да, «Дождь» заңды бұзған жоқ» дейді.
– Бас прокурор Чайкаға үндеу жасаған заң шығарушылар сауалнама арқылы «Дождь» мынандай заңды бұзды» деп нақты бір заңды атап бере алмады.
Мұндай сауалнама ұйымдастыруға тыйым салатын заң жоқ. Оның үстіне әріптестеріме блокада туралы мәселенің бұрын да көтерілгенін ескерткім келеді. Осыдан отыз жыл бұрын орыс жазушысы Виктор Астафьев «Ленинград қоршауындағылар берілуге тиіс еді» деп кітап жазған еді. Енді прокуратурадан «Астафьевтің кітаптары кітапханадан жойылсын, о дүниеде жатқан адамды жауапқа тартсын» деп талап ете аламыз ба? Бұның бәрі далбаса ғой, – дейді ол.
Кремль оппозициялық телеарнаға бірнеше рет қысым жасап, имиджін өзгертуді талап еткен еді. 2013 жылы «Шекарасыз тілшілер» жариялаған баспасөз бостандығы туралы тізімде Ресей 179 елдің ішінде 148-орыннан көрінді. «Дождь» арнасының жабылуы Ресейдегі екі маңызды оқиғаға – Сочи олимпиадасы мен көршілес Украинадағы саяси наразылыққа тұспа-тұс келіп отыр.
Философ Игорь Чубайс «үкіметке қарсы ұйымдасқан қарсылықтарға көбінесе Кремльдің өзі араласады, Путин ресейліктер соны экраннан көрмесе екен деп жанталасады» дейді. Оның айтуынша, Еуромайдандағы жағдайды тұрақты көрсетіп тұрған «Дождь» арнасын құрту арқылы Путин Украинаға қатысты жаңалықтарды өз қалауынша таратады.
– Украиндағы жағдай асқынып барады. 28 қаңтар күні Путин Брюссельде сөйлеген сөзінде «мәселені әскери күшпен шешу – ең жаман, қауіпті әдіс» деді. Егер жағдай расымен осындай бағытта болса, толыққанды, кейде қайшылықты мәлімет беретін жалғыз арнаның көзін жойған тиімді ғой, – дейді сарапшы.
Азаттықтың Орыс қызметі мен Дейзи Синделар жазған мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.