Естеріңізде болса, сонау 1990 жылдары шетелдік фильмдердің дубляжі нашар болатын. Онда аудармасы сын көтермейтін фильмдегі барлық кейіпкерлерді бір адам ғана дауыстайтын.
Ал қазір дубляждан таршылық көріп жатқан жоқпыз. Оған елімізде бұл жұмыс бір ізге түсіп, дубляж жасайтын арнайы студиялар пайда болған. Мәселен, 2011 жыдан бері «Болашақ» қауымдастығы игі бастаманы қолға алып, «MARWIN» компаниясының өнімдерін қазақша аудара бастады. «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Батыл жүрек», «Жаңа Өрмекші адам» фильмдерін түпнұсқадан аударған олардың жұмысын қазақ көрермендері ескерусіз қалдырмады. Қазақ тіліндегі туындыларға сұраныстың күн санап артып келе жатқанын ескерген олар таяуда көпшілік көрерменге «Монстрлар университетін» аударып, ұсынған болатын.
Фильмдерді түпнұсқадан аударып, осылайша көрермен назарына ұсынып жүрген «AiN ENTERTAINMENT» компаниясы. Бұл ұжым «Cinema Tone Pro» студиясымен бірігіп, көктемде көрермен назарына үндінің «Коктейль» фильмін тарту еткен болатын. Түпнұсқадан орысша аударуды жолға қойған компания болашақта қазақша дыбыстау мәселесін де назардан тыс қалдырмайды деген сенімдеміз. Әзірге айтарымыз, бұл ұйымның жұмысы көпшілік көңілінен шықты. Жинаған кассасы да жаман болмады. Осыны ескерген студия ұжымы енді жастарға арналған комедиялық жанрдағы түріктің «РОМКОМ. Мұнда бойдақтарға орын жоқ» фильмін аударуға кірісіп кетіпті. Бұйыртса, бұл фильм үлкен экрандарға күзде жол тартады.
«Бұл – біз қолға алған екінші жоба. Көктемде көпшілікке жол тартқан «Коктейль» фильмі бірінші рет біздің елде аударылып отыр. Енді міне, Қазақстан жұртшылығының назарына «РОМКОМ. Мұнда бойдақтарған орын жоқ» фильмін ұсынбақпыз. Жұмысымызға көпшілік оң бағасын береді деген сенімдеміз», – дейді ұйымдастырушылар. Ендеше, күзгі маусымнан сәтті аударылған, дыбысы үйлесімді, қызықты көркем туындыларды күтеміз.
С.ҚАЗАҚБЕКОВА
http://www.aikyn.kz/articles/view/28808