АЛТЫНОРДА
Новости

Дулат Исабеков. Қазақтың батыры қайда, батырын қолдайтын халқы қайда?

Өткен жұманың  дүйсенбісінде, яғни ақпанның 11-і күні Алматы қаласының іргесіндегі Кеңсай зиратына жиналған жұрт мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың басына барып құран оқыды. Артынан марқұмның рухына арналып ас берілді. Асқа жиналған қауым ашына сөйледі. Аста  сөйлегендердің бірі жазушы Дулат Исабеков «Қазақтың батыры қайда? Батырын қолдайтын халқы қайда?» деді жамағатқа қарап. Жазушының аузынан шыққан сөзді  бұрынғы «Дат»  газетінің жобасы бойынша жарық көріп келе жатқан «Общественная позиция» апталығы жазып алған екен. Жариялауды жөн көрдік.

Abai.kz

 

 

Мынандай қытымыр заманда Алтынбек сияқты азаматтардың өмірінің қысқа болуы «тиіс сияқты» көрінеді маған. Оларды ұзақ өмір сүргізіп, қасында өздеріне пікірін айтқызып қоятын билік жоқ.

Бірақ шындықтың беті ашылады дейміз ғой, кейде мен осыған күдікпен қараймын. Шындықтың беті ашылмай кете беруі мүмкін, қаншама тарихты білеміз, ертең тарих өз орнына қояды деген, ешқайсысы да орындалған жоқ. Енді бір 40 — 50 жыл өткен соң, шындық айтылған күннің өзінде, ол шындық — версия болып қалайын деп тұр. Дер кезінде ашылмағаннан кейін, «аш» деп, тапжылмай тұрып алып, талап қоятын халқымыз да момын. Дәл осындай момын халқы бар біздің биліктің де жолы болды. Мұндай момын халықпен кез келген экспериментті жасауға болады. Бір адамды өзін-өзі үш рет емес, он рет атты дегенге көне беретін біздің халықтай халық жер бетінде жоқ. Не айтса де «құп» дейді. Соның бәрін мен кешегі өткен 1932 жылғы ашаршылықтан көремін. 1932-1937 жылғы нәубет, соғыс жылдарындағы қиындықты көрген ұрпақ әлі арамызда бар: «Құдайға тәуба, осы күнімізге зар болып қалмайық, әйтеуір қарнымыз тоқ қой!..» деген тым қанағатшылдық бар.

Әлемде қандай оқиғалар болып жатқанын көріп отырмыз: кеше президент Испанияға барып келді. Экономикасы дамыған осы ел кішкентай бюджетке байланысты көшеге шыға салады. Тіпті Индияның өзі бір қыздың зорланып, қайтыс болғаны үшін, миллиардтаған халық көшеге шықты. Марқұм Әнуар Әлімжанов ағамыз айтушы еді: «Үнділердің саны қытайдан асып кетті, бірақ қанша екенін өздері де білмейді», — деп. Үнділер сияқты ең момын халықтың өзі бір қыздың ар-намысын қорғап, көшеге шығады. Біз қырылып жатса да, ештеңе жасамаймыз, халқымыздың санының аздығы ма, басының бірікпейтіні ме? Мен көшеге шығуға шақырып жатқан жоқпын. Бірақ ұлт өзінің намысын қорғай алмай, азаматының намысын қорғай алмай жатса, ондай елден бұдан кейін ұлы тұлғалардың, ұлтының намысын ойлайтын азаматтардың шығу-шықпауы екіталай деп ойлаймын. Өйткені соңынан еретін халқы мынау: «иә-иә» деп, тыңдап қана кете береді. Ас үйде отырып алып, біреудің істегенін жақсы көреді: «Ой, пәленше осылай да, осылай деп сөйлеген еді, ұстап әкетіпті», — деп, ас үйде тыңдағанды жақсы көретін халқымыз бар. Азғантай ғана халық өзі. Ал енді сондай аз халықтан аз ғана туған қадау-қадау азаматтардың өзі қор болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жем болып кетті.

Сондай біздің арымызға тиетін нәрселерге кейде мән бере бермейміз. Кейде осы мен күдіктенемін: ата-бабамыз батыр болды дегенге. Қайда ол батырлық?! Сол батырлардың ешкімге көнбейтін шатақ мінезі қалуы керек еді, тым болмаса көрші қырғыздар сияқты. Сол батырларды ойдан шығарған жоқпыз ба деп күдіктеніп қаламын… Құдай кешірсін!

Ал енді Алтынбек шейіт кетті, ұлтының қамын ойлап кетті. Осындай азаматтар туа берсін! Соларды қолдайтын азаматтар көбейсін! Артымыздағы елі үшін, жері үшін, ұлты үшін деген азаматтардың жолын оңғарсын!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 05 (181) от 14 февраля 2013 г.