Еліміздегі еңбекке қабілетті, ай сайын әлеуметтік аударым жасап отыратын 3 миллионға жуық әйелдердің 1,2 пайызы шу шығарып, бастамашыл топ Алматы қалалық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің алдында наразылық шерулерін өткізгелі жатыр. Олардың наразылығын тудырған – «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңына кіргізілген, 17 ақпаннан өз күшіне енген өзгертулер. Бұл өзгерту бойынша, Қазақтанда жұмыс істейтін, ең төменгі жалақының 10 айлық көрсеткішінен жоғары алатын әйел адам декреттік демалысқа шыққан кезде, қызметі мен лауазымына қарамастан, декреттік төлемақы ретінде – 186 660 теңгенің төрт еселенген көлемін ғана алады.
Яғни әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігіне байланысты миллиондаған қаржыны енді ешкім де ала алмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің таратқан ресми ақпараты бұл өзгертулер әлеуметтік теңдіктің сақталуы үшін енгізіліп отырғандығын айтады.
Жалпы, елімізде баланың тууымен байланысты төлемақының үш түрі бар. Біріншісі – жұмыс істейтін әйелдердің декреттік демалысқа шыққан кезде алатын төлемақысы. Еңбек заңына сәйкес, жүкті әйел босанарға дейін 2 ай, босанғаннан кейін 2 ай декреттік демалыс алады. Ал бұл демалыс әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Бірінші балада жылдық орташа айлық көлемі есептеліп, ол 126 күнге немесе 4,2 коэффицентіне көбейтіледі. Яғни 186 мыңнан жоғары жалақы алатын аруларға ендігі жерде сақтандыру қорынан (бірінші баласына) 783 мың 720 теңге ғана «декреттік» беріледі.
Одан кейінгісі бір реттік жөргекпұл (ол бала санына байланыс өзгеріп отырады), үшіншісі – бала 1 жасқа жеткенше төленетін жәрдемақы. Жұмыс істейтін әйелдер баласы 1 жасқа жеткенше, жалақысының 40 пайызын алып отырса, жұмыс істемейтін әйелдерге бюджеттен бала 1 жасқа келгенше, 10 мың теңге шамасында жәрдемақы беріледі.
– Бұрын әрбір әйелге берілетін декреттік төлемақы мен аударымдардың арасында алшақтық болды. Барлық әйелдер үшін жұмыс берушілер аударым жасағанда, ең төменгі жалақының 10 еселенген көрсеткішінен жоғары аудармайды. Яғни 9330 теңгенің айналасы, одан артық ақша шығармайды. Ал төлемдерге келгенде ешқандай шектеу болмады. Сондықтан қазір шектеу қойып жатырмыз. Өйткені әлеуметтік сақтандыру қорына қанша төлесе, сонша алуы керек. Мәселен, дүкенде бір зат 100 теңге болса, оған 50 теңге төлемейсіз ғой? Ендеше, неге сіз аз төлеп, көп аласыз? Мәселе осында жатыр. Өзгеріс енгізбей тұрғанда, жалақысы төмен әйелдер жалақысы жоғары әйелдер үшін «декреттік» беріп отырды. Мәселен, 9000 әйел 34 миллиард көлемінде «декреттік» алса, ал 65 мыңға жуық әйелге төлеген төлемақының көлемі 64 миллиард қана. Бұл – бір. Екіншіден, кейбірі жасанды жалақы көрсетіп, бірнеше миллиард алған. Сондықтан осы түзетулерді енгіздік, – дейді Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетова.
Бұл өзгерістерді де аспаннан алып енгізе салмағандарын айтады сенатор. Америка, Жапония, Германия сынды дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенген: «Аталмыш елдерде 10 төменгі жалақы көлемінде аударым болса, сонша төлем алады. Егер жалақысы одан жоғары болса, оның айырмасын жұмыс беруші төлейді. Ендеше, неге жалақысы төмен әйелдер жалақысы жоғары әйелдер үшін төлеуі керек? Әлеуметтік сақтандыру қорына алатын жалақысына сәйкес төлем жүргізілсе, онда соған тең төлем алуына құқығы бар. Неге ол 186 мыңның аударымын жүргізеді де, 300-400 мыңның «декреттігін» алуы керек? Бірде-бір мемлекетте аз төлеп, көп алатын жағдай жоқ. Бұлай кете берсе, сақтандыру қорының тұрақтылығы бұзылып, басқа әйелдерге де ештеңе тимей қалады».
Мәжіліс депутаты, «Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Қазыбекова мұндай әлеуметтік сұрақтарды тудырмас үшін, мемлекет барлығына бірдей лайықты төлемақы төлеуі керек деген пікірде.
– Ол жұмыс істейтін, мейлі жұмыс істемейтін әйел, не кәсіпкер, не сауыншы болсын, барлығына бірдей төлем болуы қажет. Өйткені балалардың бәрі – бір, ең басты байлық та – солар. Барлық әйел тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатып туады. Біз бәріміз де әлеуметтік төлем төлейміз, сондықтан балалар үшін лайықты ақша берген дұрыс. Жақында мен Норвегияда болдым, ол жақта мемлекет ай сайын әр балаға 150 евро төлейді. Оның ата-анасы кім, қандай жұмыс істейтініне қарамайды. Бала күтімімен отырған әйелдерге бала 1 жасқа келгенше 100 пайыздық жалақысы төленеді. Ешкім де жоға-ры жалақы алатын әйелдердің құқы шектелсін деп отырған жоқ, алайда бала тууға келгенде, мемлекет бұл саланы реттеуі керек. Егер демографиялық жағдай жақсарып, бала туу көрсеткіші жоғарыласын десек, барлық әйелдер үшін бірдей жағдай жасауы қажет. Егер ол әйел білікті маман болса, жұмыс беруші компания қосымша төлем жасасын. Бірақ оған салықтан жеңілдіктер қарастырылғаны жөн. Егер әділеттілік принципін ұстанатын болса, барлығына бірдей қарау керек қой. Қазір тіпті 186 мыңды екінің бірі алмайтыны анық. Айналып келгенде, жалақысы аз әйелдер жоғары табыс табатын әйелдерден аз төлем алады. Сондықтан бәріне бірдей мемлекеттік төлем жүйесін қалыптастырған жөн. Ең құрығанда, 3 жасқа дейін әр балаға ай сайын 15 мың теңге төленіп отырса, үлкен көмек болады, – деп тұжырымдайды Меруерт Айтқожақызы.
Осыдан келіп, «менің баламның өзгелерден несі кем?» деген сауал туындайды… Қазақстанның қазіргі демографиялық жағдайында, бала – ең басты байлық және оның «құны» бірдей болуы қажет.
Үмітжан ЖАПАР
http://www.aikyn.kz