АЛТЫНОРДА
Новости

ДҮНИЕНІ ДҮРЛІКТІРГЕН АДАМ

2df741d12fd1b517952d6ceacf354311Америка қауіпсіздік және барлау ме­ке­мелерінің заңсыз әрекеттерін әшкерелеген Эдвард Сноуден жайлы дау халықаралық байланыстарды шиеленістірді. 
Аз уақытта АҚШ жауларының тізімінде алғашқы орын­ға шыққан қауіпсіздік және барлау ұйымының бұрынғы қызметкеріне қан­дай да бір көмек ұсынған мемлекеттерге АҚШ тарапынан «қатаң» ескерту жасалуда.
Осыдан бір ай бұрын Сноуден Google, Facebook, Microsoft, Yahoo, Apple секілді интернет және заманауи технологиялар саласындағы көш бастап тұрған ең үлкен тоғыз интернет-компания өз тұтынушы­лары мен қолданушылары туралы толық ақпаратты АҚШ-тың барлау қызметтері­-не беріп отырған деген мәліметті таратқан болатын. Оның айтуынша, әр интернет-компания АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агент­тігіне барлық дерек алуға мүмкіндік бере­тін PRISM атты құпия бағдарлама 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Сот ше­ші­мінсіз орындалатын бұл әрекет адамның жеке бас құқықтарын бұзады.
Мұндай мазмұндағы ақпараттардың жиі жарияланатынына еті үйреніп кеткен Facebook, Yahoo, Google, Apple және Mic­ro­soft компаниялары арнайы қызметтерге өз серверлеріне кіру мүмкіндігі бар дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бірақ АҚШ Ұлттық барлау басқармасының бас­шысы Джеймс Клэппер ел үкіметі интер­нет-ком­паниялардың қолданушылары туралы мә­лі­меттер алып отыратынын мо­йын­да­ды. Сонымен қатар PRISM бағ­дарламасы туралы ақпараттың жарияла­нуы АҚШ-тың мемлекеттік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп есептейтіндігін мә­лімдеді. Алдымен өз елінің азаматтарын басуға тырысты ма, «заңсыз» барлау біздің аза­маттарымызға қатысты емес, ондай барлау «АҚШ-тан өзге мемле­кет­тердің азамат­тарына қатысты ғана жүзеге асырылады» дейді Клэппер, Эн-би-си арнасына берген сұхбатында. «Газет ма­териалдарындағы дерек нақты емес», – дейді ол.
Бұл мәліметтерді алғаш жариялаған Washington Post және The Guardian га­зет­теріне деген сенім азая бастағандық­тан, тілшілер ақпарат берушінің аты-жөнін мәлімдеді. Оларға ақпарат берген ОББ техникалық қызметінің бұрынғы агенті 29 жастағы Эдвард Сноуден. Ол есімінің жа­риялануын өзі сұрапты.
The Washington Post газетінің жазуын­ша, Сноуден өзінің АҚШ-тың Ұлттық қа­уіп­сіздік агенттігі (NSA) ақпарат жинау барысында қолданатын бағдарлама ту­ралы ақпаратты жариялау себебін де айт­қан. Оның сөзіне қарағанда, ол еш­қандай жазығы жоқ азаматтардың да әрбір қа­дамы бақылауда екен. «Бұл заңсыздықты жою үшін осы әрекетке бардым. Осы ақпарат­тардың жариялануы қоғамда үлкен дау туғызып, үкіметтің заңсыз әрекеттері әш­ке­реленеді. Енді, адамдар өз құқықтарын сақтауға ұмтылып, олардың жеке бас­та­рына қол сұқпауды талап ете алады деп үміттенемін» дейді ол.
«Сіздің телефондағы әңгімеңізді еш­кім тыңдамайды», – дейді Барак Обама осы мәселеге байланысты айтқан пікірінде. Онымен қоса, АҚШ президенті бұл бағ­дарламаның конгресс тарапынан мақұл­дан­ғанын да атап өтті. Ал Сноуден журна­листерге сұхбат беру барысында, билікке Обама келген соң, «жеке басқа қол сұғу, адам құқықтарын аяққа таптау» тоқта­тылады деп үміттенгенін, бірақ ол ойы жү­зеге аспағанын айтады. «Менің пре­­зиденттердің билікте қалу үшін ашық өтірік айтып, кейіннен көпшілікке бер­-
ген уәде­сін ешқандай кедергісіз бұза бе­ретініне біртіндеп көзім жете бастады», – дейді ол.
Ақпарат көзі көрсетіліп, нақты дә­лел­дер көрсетілген соң, АҚШ үкіметі барлау қызметі туралы «шындықты» жоққа шы­ғаруды тоқтатып, Сноуденді айыптай бас­тады. Тіпті осы ақпаратты жариялаған журналистерді де жауапкершілікке тарту туралы сөз қозғалды.
«Ол (Сноуден) – сатқын. Мұндай ақ­паратты жариялау америкалықтарға қауіп төндіреді. Бұл қарсыластарымызға біздің мүмкіндіктерімізді көрсетіп береді және мұны заңды өрескел бұзу деп қа­рас­тыру керек. Президент өткен аптада бұл ұлттық қауіпсіздік үшін аса қажет бағдар­лама екенін, ол арқылы террористерден келетін қауіппен күресетінімізді мә­лім­деді» дейді АҚШ конгресс өкілдерінің спикері Джон Бейнер.
Бейнер өзіне әкімшілік тарапынан бар­лау бағдарламасы жайлы ақпарат бе­рілгенін хабарлады. «Мен бұл бағдар­лама жайлы білемін. Ешбір америкалық туралы мәлімет әлемдегі қандайда бір тер­ро­ристермен байланыспай ешкімнің бар­лауынан өтпейді» дейді спикер. Оның сөзі­­не қарағанда, америкалықтардың жеке басына қол сұғылып жатқан жоқ.
Осыдан кейін Сноуден жайлы амери­калықтардың көзқарасы екіге жарылды: үкімет оған «халық жауы» деген айып тақ­са, үкіметтік емес ұйымдар оны қаһарман деп есептейтіндігін ашық айтты.
Сондай ұйымдар 9 маусымнан бастап Сноуденді кешіруді талап еткен петиция ұйымдастырды.
Екі күнде 50 мың қол жинаған пети­ция­ның ұранында «Эдвард Сноуден – ұлт­тық қаһарман, оның Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің өз қызметін асыра пайда­ла­нып, азаматтарды бақылауы туралы ақ­па­раттар беру барысында жасаған немесе жасауы мүмкін қылмыстарының бар­лы­ғы тез арада кешірілуі тиіс… Бұлай бүкіл мә­ліметтің жиналуы үкімет тарапынан аме­рикалық сөз бостандығына және жеке басқа қол сұқпауға қатысты ең басты құн­дылықтарға өте ауыр соққы болды. Бәріне ортақ бұл барлау АҚШ Конституция­сындағы анонимді жиналу және сөйлеу құқығын, сонымен қатар қажет емес тер­геу мен тінтуді шектеу құқығын бұзып отыр» делінген.
Ұйымдастырушылар Конгрестен бар­лауды тоқтатып, Ұлттық қауіпсіздік агент­тігі мен федералды тергеу бюросының әре­кеттері жайлы толық есепті қоғамға жариялауды талап етуде. АҚШ барлау қызметіндегі бірталай «заңсыздықтар» мен «құпиялардың» бетін ашқан Wikileaks-тің негізін қалаушы Джулиан Ассанж да Сноуденді толық қол­дайтынын мәлімдеді. «АҚШ арнайы қыз­меттері адамдардың ұялы телефон қоңы­раулары мен интернеттегі әрекеттерін бар­лап отыратыны жайлы ақпаратты жа­риялаған Эдвард Сноуден нағыз қа­һар­ман. Осындай анық әрі дәлелді ақпарат­тың жұртқа жария болғанын көру – өте жа­ғымды. Бұл соңғы он жылдағы ең ма­ңызды ақпараттың бірі» дейді ол. Бірақ Ас­
санж Сноуден үшін қатты алаңдайтынын да жасырмайды. Өйткені Сноуденді де Ассанж секілді қуғындап, «негізсіз айып­тар» тағуы ғажап емес. Сноуден ашқан «шындықты» қолдау­шылар қатары көбейіп, АҚШ-тағы 80-нен аса үкіметтік емес ұйым 11 маусым күні аза­маттардың телефон және интернет ар­қылы жүзеге асыратын байланыстарын бар­лауға арналған бағдарламаға қарсы май­дан ашуда. Коалицияның құрамында ACLU, Green­­peace USA, Mozilla Foundation және тағы басқа құқық қорғау одақтары және қоғамдық ұйымдар, компаниялар, жеке адамдар бар.
Коалиция StopWatching.us («Бізді аң­дуды тоқтатыңыздар») деген веб-сайт та ашқан.
Америкадағы үлкен күшке ие азамат­тар құқығын қорғау одағы (ACLU) аза­маттар жайлы ақпараттарды конститу­­цияға сай емес тәртіппен жинағанын мойын­дауды талап етіп үкіметті сотқа бер­ді. «Бұл бағдарламаның демократиялық үкіметтің өз азаматтарына қарсы бағыт­таған осы күнге дейінгі ең үлкен әрекеті екені анық. Мұны азаматтарды өздерінің әр барған жері, телефонмен сөйлескені, әр қоңы­рау­дың уақыты туралы рапорт тап­сыруға мәжбүрлеумен теңестіруге бола­­-ды» дейді ACLU директорының заң мә­селелері бойын­ша орынбасары Джа­миль Джаффер.
АҚШ үкіметі «заңсыз» барлауға ар­налған бағдарламаның бар екендігін «мо­йындаған» соң, қолданушылар сенімінің жоғалуынан қауіптенген Google, Facebook және Microsoft компаниялары Америка үкіметінен арнайы қызметтердің қолда­нушылар жайлы сұраған ақпараттарын жариялауға рұқсат беруді өтініп, өз та­рихтарында алғаш рет бұл үкімет тарапы­нан түскен сұраулар мен берілген жауаптар тізімін жариялады. Сноуден АҚШ құпия бағдарламасы аясында әр елге жүргізілген барлауларды, барлау деңгейіне сай елдер тізімін де жариялады. Соның нәтижесінде АҚШ-тың бұл әрекетіне бірнеше мемлекеттер тарапынан наразылық білдірілді. Осы мәселеге байланысты алғаш ресми на­разылық танытқан Үнді үкіметі болды.
Өйткені The Guardian газетінде жа­зыл­ған мәліметтерге сүйенсек, биылғы наурыздың өзінде АҚШ-тың Ұлттық қа­уіп­сіздік агенттігі Үнді компьютер желі­лерінен 6,3 миллиардқа жуық «барлау ақпараты бірлігін» (барлау мәліметтерін өлшеуге арналған бірлік) жинаған. Соның нәтижесінде, АҚШ арнайы қыз­меттері тарапынан ең көп барланатын елдердің арасында бесінші орында екен. Ал бірінші орында Иран (14 миллиард), одан кейін Пәкстан (13,5 миллиард), үшінші – Иордания (12,7 миллиард), төртінші – Египет (6,3 миллиард).
Барлау жайлы «шындық» елге жария болғаннан бастап,«Сноуден мәселесі» халықаралық деңгейге көтеріліп, ха­лық­ара­лық байланыстың қандай екендігін көрсете бастады. Сноуден, ең алдымен, Гонконгте тұ­рақтаған болатын. АҚШ агент тұрақтаған Гонконгтен экстрадициялауды талап етті. Бұл талап біраз уақытқа дейін орындалған жоқ. АҚШ үкіметі тарапынан Гонконг пен Қытайға қысым жасалғаннан кейін, Сноу­ден Ресейден саяси баспана табуға мәж­-бүр болды. Ал Гонконг АҚШ тарапынан берілген мәліметте «қылмыскердің» аты-жөні толық жазылмаған болатын деп ақ­талды.
Ресей үкіметі Сноуденнің Мәскеуде екендігін бірнеше күн бойы жоққа шы­ғарумен болды. АҚШ үкіметі тарапынан Мәскеуге қатаң ескертулер берілгеннен кейін, Путин «Сноуден – еркін азамат, оның Ресейде қалуға толық құқығы бар. Ресей шетелдік «қылмыскерлерді» экстра­дициялау туралы келісім бар мемлекет­терге ғана береді. Ал АҚШ-пен мұндай келісім жоқ. Сондықтан АҚШ тарапынан айтылып жатқан жөнсіз ескертулер орын­сыз» деп мәлімдеді. Бірақ АҚШ бұл жауапқа қанағаттанған жоқ. АҚШ пен Ресей арасындағы жағдайдың шиеленісуі туралы ақпараттар көптеп жариялана бастады. Путин кейінгі мәлімдемесінде «Сноу­денге америкалық әріптестеріміз­ге тіл тигізуiн тоқтаса ғана, Ресейде қалуға бо­лады деген талап қойылғанын айтты».
Сноуденге «АҚШ-тың қаһарынан қо­рық­пайтын» бірнеше мемлекеттер саяси баспана ұсынды.    Уго Чавестен кейінгі Пре­­­зидент Николас Мадуро Венесуэла­ның Эдвард Сноуденге саяси баспана болуға дайын екендігін жариялы түрде мә­лімдеді. Онымен қоса, Венесуэла Сырт­қы істер министрі Элиас Хауа «Telesur» ар­насына берген сұхбатында АҚШ тара­пынан болатын кез келген қысымға дайын екендігін айтты. Wikileaks сайты мен бұрынғы барлау қызметкерінен сұхбат алған журналис­тердің сөзіне қарағанда, Сноуденнің Ве­несуэла ұсынысын қабыл алуы әбден мүм­­кін. Бір ай ішінде талай дауға себеп бол­ған Сноуден мәселесі АҚШ-тың әлемдік аре­на­дағы орнын, оның «дегеніне кім көніп, кім көнбейтінін» анықтап берді. Өз кезегінде Сноуден таратқан мәлімет де­мократияның биігіне шығып, адам құ­қық­тары толық сақталатын ертегі мемлекеттің жоқ екендігін танытты.

 

Айдос Әріпбаев

 

http://www.aikyn.kz