АЛТЫНОРДА
Новости

Дүниежүзілік ойын Қазақстанда өтуі мүмкін

АСТАНА. 13 ақпан. BAQ.KZ – Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары 2015 жылы Қазақстанда өтуі мүмкін. Бұл мәлімдемені бүгін Астанада өткен онлайн конференция кезінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесі бас хатшысының орынбасары, «Біртұтас Қырғызстан» партиясының негізін салушы, партия көшбасшысы Адахан Мадумаров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Биылғы жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары Ыстықкөлдің жағалауында өтеді. Қырғызстанның бастамасымен ұйымдастырылып отырған ойындардың басты мақсаты — көпшелі халықтың ұлттық және дәстүрлі ойындарын кеңінен насихаттау. Таяуда ойындарды ұйымдастыру үшін халықаралық ұйымдастыру комитеті құрылды. Алдағы 28 ақпанда Стамбулда, наурыз айында Ыстықкөлде ұйымдастыру кеңесінің отырыстары өтеді. түбінде бұл ойын халықаралық этноойынға айналады», — деді А.Мадумаров.

 


Халықаралық деңгейде өтетін бұл ойынға Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Түрікменстан, Ресей Федерациясынан 10-нан астам субьекті, Қытай, Қырғызстан елдері қатысады деп болжануда. Көшпенділердің дүниежүзілік ойындар бағдарламасына ат жарысы, қыз қуу, көкпар секілді ойын түрлері енгізілген.
«Биылғы жылы Қырғыз Республикасында өтетін ойынды алдағы жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарлануда. Бұл орайда Қазақстанның қалыптасқан базасы бар. Сондықтан ойынды өткізуге сенім мол», — деді А.Мадумаров.

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

http://baq.kz/kk/news/43500