АЛТЫНОРДА
Новости

Джульеттаның үйіне хат жолдаңыз

Джульеттаның үйі — Италияның мақтан тұтар ең көрікті романтикалық мекені болып табылады. Аңыз махаббат пен адал сезімнің иісі мүңкіп тұратын ғимарат Верона қаласынан орын тепкен. Бұл ғимарат туралы «Армандарды орындайтын мекендер» атты жазбамызда қысқа айтып өткен едік. Ал бүгін керемет мекен жайында толығырақ мәлімет береміз.

Ғимарат ХІІІ ғасырда тұрғызылып, атақты Даль Капелло жанұясының иелегінде болған екен. Аңызға сенсек, бұл үйде Шекспирдің атақты кейіпкері, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу бойжеткен Джульетта тұрған көрінеді. 1667 жылы Капеллолар үйді Риззарди отбасына сатып жіберген. Олар ғимаратты қонақ үй ретінде пайдаланған.

Джульеттаның үйінің ХХ ғасырға дейінгі тарихы ештеңемен ерекшеленбейді. Үй ұзақ жылдар бойы әбден ескіріп, тозып, құлау үстінде тұрды. 1907 жылы қожайындар оны бәссаудаға шығарып, мұражай жасауды ұйымдастырған қала билігіне сатып тынады. Өкінішке орай, биліктегілер де асыға қоймайды, жөндеу жұмыстары бір тоқтап, бір жүріп, ештеңе өндірмеді. Шамасы, үйдің қаншалықты қымбат әрі құнды дүние екендігін білмеген болар…

Кейіннен Джордж Кьюкораның «Ромео мен Джульетта» фильмі жарыққа шыққаннан кейін, бүкіл әлемнің назары сол үйге ауды. Басшылық та ұйқыдан оянып, оны жөндеу жұмыстарына екі есе күшті бағыттай бастады. Көп уақыт өтпей жатып, ғимарат толықтай безендіріліп, романтикалық күйге енеді.

1968 жылы Франко Дзаффирелли «Ромео мен Джульетта» фильмінің өзіндік нұсқасын осы ғимаратта түсіреді де, Джульетта Үйінің салтанаты одан сайын арта түседі.

1972 жылы Үйде верондық мүсінші Нерео Константинидің қолынан шыққан Джульеттаның қола мүсіні пайда болды. Бүгінде оң кеудесіне қолын қойып тұрған бұл мүсін туристер арасында махаббат әкелетін қасиетті дүние ретінде кең танылған.

Арманым орындалсын десеңіз, Джульетта мүсініне жақындап, ішіңізден арманыңызды айтыңыз. Сондай-ақ, арман-тілектеріңізді параққа түсіріп,Джульеттаға хат жазып, оны үй қабырғасына жабыстыра аласыз.Джульеттаға жолданған хаттардың шегі жоқ десе де болады.

1997 жылы келушілерге Джульеттаның:

«Ромео, сүйіктім! 
Сенің Ромео болғаның 
Бақ болмады, сор болды. 
Иә безіп әкеңнің бетпақ атынан, 
Иә мені әйел қып,
Құтқар мынау Капулеттилер торынан,» — деп ащы үнмен зарлап тұратын балконы ашылды. Ғашықтар арасында осы балконда сүйіскендер өмір бойы бірге болады деген түсінік қалыптасып үлгерген.

Бірнеше уақыттан бері Джульеттаның үйінде үйлену тойлар ұйымдастырылып жүр. Бұл күні жас жұбайлар Рамео мен Джульетта секілді киініп, Монтекки мен Капулетти қол қойған сертификат алады. Италиялықтар үшін мұндай салтанатты шараның құны — 700 еуро, ал шетелдіктер үшін екі есе бағада көрінеді.

Ал 2012 жылы үйдің ішінен шағын мұражай ашылды. Оған фильмнен түсірілген суреттер, актерлердің киімдері қойылған.

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

 

http://massaget.kz/