[:kz]
Қазақта: «Бірге тумақ болса да бірге жүрмек жоқ екен» деген астарлы сөз бар. Әсілінде мұны бір анадан туған бауырлардың өсе келе әр қияға қонатынын, өз алдарына бір-бір шаңырақ құрып кететінін меңзеп айтса керек.
Ал бүгін біз сөз еткелі отырған екі бауырдың – егіздердің тағдыры мүлдем бөлек. Егіздердің тағдыры өсе келе екіге айырылған жоқ, оларды әу баста әлдекімдер араға түсіп ажыратқан болатын.
…Әуес ана мен Әсия анамыздың өмірге егіз болып келуінің өзі Алланың берген сыйы еді. Әйтсе де ол екі егіз бір құрсақты жарып шыққанымен бал дәурен балалық шақтарын бірге өткізе алмаған болатын. Оған себеп, егіздердің әкесінің әпкесі олардың бірін өзімен бірге алып кете барған. Ол кезеңнің тәрбиесі де қазіргімен салыстырғанда мүлдем бөлек еді ғой. Бауыр еті – баласын емірене иіскеп те үлгермеген әке мен ана бір ауыз сөз айтпастан артында қала береді. Бұл дегеніміз үлкенді құрметтеу, алдын кесе-көлденең кеспеу, ізеттілік көрсету емес пе? Ал бүгінгі күннің аналары қандай, сәл ғана баласына жақындап кетсең болғаны, үлкен демей, кіші демей жерден алып, жерге салады. Көпке топырақ шашпаймын, алайда көпшілігі, міне, осындай.
13 жылдан кейінгі табысу
Сөйтіп, Әуес анамыз бен Әсия анамыз көрші екі ауылда өмір сүріп жатады. Бұл кісілерге сыңарларының бары, егіз болып дүниеге келгендері жөнінде тіс жарып ешкім әңгіме айтпайды. Күндер, айлар, жылдар зырғып өте береді. Қос анамыздың да қаперінде «сыңарым бар-ау» деген ой мүлдем болған емес.
…Екі қыз тұлымдары желбіреп, мектепке барар жасқа да жетті. Қызықтың бәрі осы мектеп табалдырығын аттаған жылдардан бастау алады. Мектеп қабырғасына әжелеріміз 8 жасынан бастап барған екен. Бір қызығы, Әуес пен Әсия әжелеріміз екеуі екі ауылдан қатынап, бір мектепте оқыпты. Әйтсе де олар бірін-бірін байқамаған. Байқаса да өздерінің түр-әлпеттерінің ұқсас екендігін аңғармаған. Бұл да бір тылсым құбылыс емес пе? Сабаққа бірге барып, бірге асыр салып ойнайтын қыздардың бір-біріне қатты ұқсайтынын ол кезде жанындағылар да аңғармапты.
Қазақта бекер «13-те – отау иесі» деп айтпаса керек-ті. Міне, осы кезеңде бұрын бірін-бірі қуалап ойнап жүрген ұл мен қыз айналасына байыппен қарай бастайды. Ұлдар жігіттік көңілді, алғашқы махаббатты бастан өткеріп жүрген сәттер болса керек. Әуес пен Әсия апалардың бір-біріне ұқсайтынын ең алғаш болып осы жігіттер жағы дуылдата әңгімелейді. Сонда қыздар түсінбей, аң-таң болып, шындығында да ұқсайтындықтарына көз жеткізеді. Содан соң барып етене жақын араласып, ашылмаған сырдың құпиясын біледі. Сол уақыттан бастап араларынан қыл өтпестей берік қарым-қатынаста болады.
«Жол мұраты — жету, қыз мұраты – кету»
Қаншама жылдан бері өздерін егіздің сыңарымыз деп есептемеген екі бойжеткеннің одан кейінгі өмірі де оқырмандарымызға қызық болар. Ендеше, айтайын.
Көрші ауылда өздеріндей егіз ұлдар өмірге келеді. Егіз ұлдардың ата-аналары көрші ауылда егіз қыз өмірге келгенін естіпті. Содан егіз ұлға егіз қыздарды айттыра келіп, құда түсіп қояды. Өмір дегеннің мәні де осы құдандаласып, отбасын құрып, әйел, ана, ене, әже атануда емес пе? Дегенмен тағдыр араға бірнеше жыл салып табысқан егіз қызға күтпеген жағдай дайындап қойған екен. Екі егіздің үйленетін күндері белгіленіп, құдалар жағы уағдаласып қойған шақта қайғылы жағдай орын алады. Маңдайға жазғаны болар, мүмкін тағдыр дерсіз… Әуес апамыздың айттырылған жігіті қапияда қаза табады. Сонымен Әуес апамыз көрші ауылдың жігітіне, Әсия апамыз егіздің қалған сыңарына тұрмысқа шығады.
Шаңырақтарының шырағы
Қос ана бүгінде – бір-бір әулетті ұршықша үйіріп отырған, келінін қызындай, күйеу баласын ұлындай көретін әжелер. Үлкен-кішісі бар, бала-шағасы бар жұрттың ешқайсысы алдарынан иіліп сәлем салмай өтіп көрмеген. Бұл не деген мықтылық, тектілік десеңізші!
Әуес анамызда 6 бала, 25 немере, 16 шөбере болса, Әсия анамыз – 7 бала, 21 немере, 19 шөберенің сүйікті әжесі болып, шөберелерінің иісін иіскеп отырған ақ жаулықты аналарымыз! Ол кісілер күніне бірнеше рет телефон соғып, хал-жағдайларын біліспесе жандары жай таппайды. Шаңырақтары қанша бөлек дегенмен, жандарының бір екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Егіз әжелердің өмірінен қызықты сәттер
Әжелеріміздің бір-біріне ұқсайтыны соншалықты, көп жағдайда адамдар аналарымызды шатастырып алып жатады. Шындығында да әжелеріміздің жанында жүрген әрбір сәт шат күлкіге, қызыққа толы.
Бір күні Әсия апа 4-5 жастағы ұлы Жұмағазыны ертіп базарға барады. (Бүгінде баласының жасы – 59-да). Күтпеген жерден сыңары Әуес апаны кездестіріп, әңгіме-дүкен құрып біраз тұрып қалады. Ал қоштасып, кетпек болған кезде Жұмағазы шатасып, Әуес апаға жармасып, жер тепкілеп жылап, ақыры сол кісінің үйінен бір-ақ шыққан екен.
* * *
Бірде Әуес анамыз бен Әсия анамызды бүкіл ауыл шатастырып бір қызыққа қарық болғанбыз. Ол былай болды:
Әсия апалар көшіп Сарыбастау ауылына (Алматы облысы) келіп қоныстанады. Ұлы Жұмағазы үйленетін болады. Ол кезде ауыл аралап жүріп сауда жасайтын автодүкендер болатын. Әсия апа автодүкен сатушысына тойға қажетті тапсырыстар беріп қойған екен.
Содан не керек, Әуес апа отағасымен Сарыбастауға сыңарының үйіне қуанышына ортақтаса, тойдан бір-екі күн бұрын келеді. Жаңадан қоныс аударғандықтан үйді білмейді. Ауылға кіргеннен бастап кездескен ауыл тұрғындарынан: «Әсияның үйі қайсы екен?», «Әсияның үйін таппай жүрміз, көрсетіп жібермейсіздер ме?» – деп бірнеше адамнан сұрайды. Сонда біреуі: «Әсия, өз үйіңді өзің сұрап жүргенің қалай?» – десе, енді бірі: «Әсия, мені жынды қыла алмайсың, әдейі істеп тұрсың», – дейді. Үшіншісі болса: «Әсия ішіп алған екен, мас, үйін таппай, әркімнен бір сұрап жүр», – деп ауыл-аймаққа өсек таратыпты. Ал әлгі Әсия апа тапсырыс берген дүкен иесі болса: «Тәте, бүкіл тапсырған заттарыңыз дайын, алып кетсеңіз болар еді», – деген екен.
«Егер Әуес апаның орнында Әсия апа болғанда заттарды тиеп алып кете салар еді», – деп күні бүгінге дейін естеріне алып күледі туыстары.
* * *
Ауылда той-думан таусылған ба? Сондай бір той-томалақта Әуес апаның таныстарының бірі Әсия апаға: «Ат-көліктеріңіз аман келіп қалдыңыздар ма, шалыңыз қайда, ол кісі келмеген бе?» – десе, Әсия апамыз: «Әй, менің шалым о дүниелік болғалы қай заман, сүйегі де қалмаған шығар бүгінде», – деп қойып қалған. Не дерін білмеген Әуес апаның танысы: «Астапыралла, не дейді?! Бұл қай сөзі? Сұмдық-ай! Құдайым, өзің сақтай гөр!» – деп бұрылып кетіпті.
Мұндай қызықтарды айта берсең, шетіне де жете алмайсың.
* * *
Ауылдағы кезекті бір көпшілік жиналған жерде Әуес апаға жігіт ағасы келіп: «Әсия тәте, кеше өзіңізбен әңгімелескеннен кейін үйге барып көп ойландым. Сіз дұрыс айтасыз. Шынымен де сіз айтқандай істесем бәрі дұрыс болады екен. Рахмет сізге!» – деп ризашылығын білдіріп, ағынан жарылады. Ал апамыз зіл көзбен қарап: «Мен саған әңгіме айтқан жоқпын. Танымаймын сені. Жабыспай аулақ жүрші өзің!» – депті. «Мұнысы несі?!» – деп аң-таң күйде үйден шығып бара жатқан жігіт ағасының алдынан Әсия апаның нақ өзі шыға қалмасы бар емес пе?
* * *
Ол кісілердің осы сынды қызықты әңгімелері өте көп. Тіпті оларды өз күйеу балалары да шатастырып алып, талай күлкіге қалған. Бір амандасқан енесіне екінші рет келіп сәлемдескен кездері болған.
Бірде күйеу баласы Әуес апамен сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасып болған соң сыртқа шығып кетеді. Осы кезде басқа бөлмеде тығылып отырған Әсия апа шығып, Әуес апа екеуі жалма-жан киімдерін ауыстырып, киіпті. Әуес апа қайта далаға шыққан кезде күйеу баласы ол кісіні Әсия апа екен деп жалпылдай амандық-саулық сұрасқан екен.
Әуес апамыз бен Әсия апамыз осылай жан-жағын қызыққа бөлеп жүргенді жандары сүйеді.
Аналарымыз Астанаға арнайы шақыртылды
Өмірі де, өздері де ерекше егіз апа таяуда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының шақыртуымен «Бүгін – жексенбі» атты бағдарламаға арнайы қонақ болып барып қайтты. Көрермендердің ыстық ықыласына бөлене білген аналарымызға барлық ұйымдастырушылар дән риза. Ұйымдастырушылар алқасына әжелеріміз өте риза. Бару-келу шығынын, қонақ күтімі, қонақүй шығынын – барлығын ұйымдастырушылар алқасы өз мойындарына алған. Керемет көңіл-күй сыйлаған телеарнаның әрбір мүшесіне әжелеріміз ақ батадан шашу шашты.
Осы жерде тағы бір қызық жәйттің еске түсіп отырғаны.
Аналарымыз осы Астанаға барар кезде алғаш рет ұшаққа мініпті. Астананы да тұңғыш рет көрулері. Астанаға әжелерімізді қос келіндері Индира жеңгеміз бен Әйгерім жеңгеміз алып барған болатын. Болған оқиғаларды айтып, қызықты сәттерді баяндағанда күлкіден ішек-сілеміз қатты да қалды. Әуежайда кездескен шетелдік азаматтардың көпшілігі жанындағы аудармашыларға біздің аналарымызбен суретке түскілері келетіні жөнінде өтініш жасапты.
Шынында да осындай жайдары қос әженің жанында жүрудің өзі бір бақыт. Ондайда әрбір сәтің қызыққа толы. Әрбір күлкі адам жасын ұлғайтар болса, онда аналарымыз жанымызда жүрген уақытта өмір жасымыз да ұзармақ. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Әке-аналарымыз аман болсын!
Р.S.: Сіздерге ұсынып отырған бұл мақаламыздағы кейіпкердің бірі Әсия Құдайбергенқызы – Халықаралық дәрежедегі дәрігер, космоэнерготерапевт, ел ішінде «Су патшайымы» атанған Сайлаухан Сұлтанғазықызы Әуелбаеваның анасы. «Алып та анадан туады» демекші, біз бұл мақалада Сайлаухан Сұлтанғазықызының осындай текті, сүйегі асыл анадан туылғанын, ал бүгінде өзі талай жанның дертіне шипа дарытып, алғыс арқалап жүргенін айтқымыз келді. Сайлаухан Әуелбаеваның бірегей, авторлық емдеу әдісі кез келген, тіпті айықпас, қатерлі деген аурулардың өзіне шипа дарытатын қабілетке ие. Сенбесеңіз, «Сайлаухан» емдеу, қайта оңалту орталығына хабарласып көрсеңіз болады.
Жансая КЕНЕШОВА, Қ.Жұбанов атындағы
АӨМУ 2-курс студенті.
Ақтөбе облысы.
Сурет http://zamana.kz/сайтынан алынды
http://zamana.kz/
[:]