АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Екпеге енжар қараймыз ба, әлде емге балаймыз ба?

вакцина«Ауруға қарсы екпе­нің пайдасы бар ма, зия­ны қандай?» деген сұ­рақ­тың әзірге басы ашық. Дә­рігерлер вакцина ар­қылы адамзатты аман сақ­тап қалуға болады де­се, скептиктер оған сен­бейді. Екпе бірте-бір­те түрлі генетикалық ауытқуларға апарады деп өре түрегелуде. Соңғы жыл­дары діни сеніміне бай­ланысты вакцинадан ат-тонын ала қашатындар да пайда болды. Пікір қақ жа­рылды. Біз қал-қадеріміз жет­кенше екпенің пайдасы мен зиянына талдау жасап кө­рейік.

Бұдан сандаған ғасырлар бұрын ха­лық­ты қынадай қырған оба мен шешекті вак­­ци­на ауыздықтады. Табиғи оспаның көзі 1978 жылы вакцинаның көмегімен жо­йылды, қазір бұл екпе жасалмайды. Сә­би­лер қы­зыл­ша мен дифтериядан жиі ше­ті­нейтін. Одан да екпенің арқасында құ­тыл­дық. 2002 жы­лы әлемнің біраз еліне қо­са, Қазақстанда да полиомие­лит толық же­ңілді. Денсаулық сақтау министрлігінің де­регі бойынша, елі­мізде 2012-2016 жыл­дарға арналған вак­ци­нациялау бағ­дар­ламасына 51 млрд теңге қа­ралған. Яғ­ни жылына 10 млрд теңгені ек­пеге жұм­сай­мыз. «Дер кезінде жасалған ек­пенің ар­қасында соңғы 20 жылда қы­зыл­шамен сыр­қаттанушылық 59 есеге, эпи­де­мия­лық паротит 160 есеге төмендеді, «В» ви­рустық гепатиті балалар арасында 52 есе­ге азай­ды» дейді дәрігерлер. Күні бүгін Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, аза­мат­тарға 21 ин­фек­циялық ауруға қарсы вак­цинация жа­салуда.

Нұржиян ХАЛИУЛЛИНА, Орал қалалық №3 емханасы балалар бөлімінің меңгерушісі:

– Вакцина – жұқпаны жоюға ба­ғыт­тал­ған, микроорганизм­дер­ден жаса­латын препарат. Кей адам «екпе алсақ та ауырамыз» деп жатады. Мәселен, сал – өте қауіпті ауру. Адамның аяқ-қо­лы ырыққа көнбей, мүгедек болып қалады. Егер ауруға қарсы егілсе, ауыр­ған жағ­дай­да жеңіл түрде өтеді және аяққа тұ­рып кету мүмкіндігі де бар. Ал егілмесе, мін­детті түрде сал бо­лып қалады. Бөгде зат енген ағзада әр­түрлі әсерлер орын ала­тыны анық. Алай­да мұндай әсердің зар­даптары жұқ­палы аурудың зиянымен салыс­тыр­ғанда түк те емес. Сәби өмірге келген сәт­тен бастап үш күн ішінде пер­зент­ханада туберкулез бен сарауруға қар­сы ек­пе алады. Екі айдан бастап ба­лаға қал­ған екпелер жасала бастайды. Бұ­рын сал ауруы болған жоқ, бүгінде ілу­де біреу болса да ұшырасады. Жал­пы, бала 16 жасқа дейін егіледі, вакцина шық­қалы сарауру айылын жиды. Бұдан 3-4 жыл бұрын 20-30 бала «А», «В» ге­па­­титімен ауыратын еді, бүгінде бұл ауру жоқ­қа тән. Ал екпеден бас тартып отыр­ған ата-аналар баласына қандай қауіп-қатер төніп тұрғанын түсінбейді.

Қазір №3 емхананың есебінде 19 500 ба­ла бар. Соның 65-інің ата-анасы бала­сы­на екпе жасатудан бас тартқан. Баласын ектірмей отырған ата-аналар екпе туралы қа­те ақпараттың кесірінен, ал кейбірі діни көзқарасына байланысты вакцинаға қарсы екен. Перзент­ханада туберкулезге қарсы екпе жасатпай шығып кетіп жатқан аналар да бар. Мысалы, №2 қалалық емханада жұқ­­­паға қарсы егілуден 40 ата-ана бас тар­тыпты. Соның 28-і перзентханада бо­са­нып, сә­биін егуге бермеген. Ата-ана­лар­дың бі­разы ба­ла­сын екпе жасатудан бас тарт­қан әре­­ке­тін нотариус арқы­лы заң­дас­ты­рып­ты.

Нұржан БАУЫРЖАН, Орал қа­ла­сы­ның тұрғыны:

– Мен бір жарым және екі жастағы ұл­­да­рымды егуге бермеймін. Ауыра қал­­­ған жағдайда жауапкершілікті өз мой­ным­мен кө­теремін деп қолхат жаз­дым. Ре­вак­ци­на­ция мен биопробтан (ман­ту), қызылша, «А» гепатиті, шешек жұқ­па­сы­на қарсы егу­ден бас тартамын. Се­бебі вак­цинаның құ­ра­мында тұз, сы­нап, алю­ми­ний, фор­маль­де­гид, фенол бар. Бұ­лар аутизм, аль­ц­геймер, обыр ау­ру­ла­рына ұшыратады дейді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сы­­ның мәліметі бойынша, Жайық өңірінде 113 адам баласын ектіру­ден бас тартқан. Биыл, яғни 2013 жылы дүниеге келгеннен бас­­­тап екпе алмаған үш бала ауырған. Оның бірі бір жарым жас­тағы сәбидің ата-ана­сы Мысырға ба­рып-келіп жүрген. Әке­сінен ту­бер­кулез жұқ­тыр­ған сәби ес-түссіз ауру­ха­наға түсіп, шетінеп кетті.

Әрине, вакцинациялауға қатысты көз­қа­растың түрлі болуына бір жағынан ақ­­ха­латтылар да кінәлі. Айдың басында Пав­лодар облысының Майқайың ауылында бол­ған төтенше оқиға елді дүрліктірді. Мұн­да жатыр мойны ісігіне қарсы екпе жа­салған 11-12 жастағы сегіз қыздың екеуі ау­рухана төсегіне таңылды. Рас, жатыр мой­ны ісігінің өте қауіпті екендігі әрі кең та­ралғандығы алаңдатады. Дүниежүзінде жыл сайын жар­ты миллионнан аса әйел осы дертке шал­дық­са, Қазақстанда нау­қас­тардың саны 10 мыңнан асып жы­ғыл­ды. Министрліктің мә­лі­метінше, өткен жы­лы 1632 адам папил­ло­мовирус жұқтырған. Ау­ру жұқтырған әйел өзінің ағзасында жұқ­паның бар екендігін жыл­дар бойы біл­мей жүре беруі мүмкін. Әб­ден ас­қынғанда ға­на анықталып, оның арты кө­бі­не қай­ғы­лы жағ­дайға соқтырады. Жатыр мой­нының қатерлі ісігінен әйелдің репро­дук­ция­лық қызметі бұзылып, бала сүйе алмайды.

Дәрігерлер бір ескермеген жағдай, па­пил­ломовирусқа қарсы вакцина дұ­ры­сында ата-ананың рұқсатымен, ерікті түр­де салынуы тиіс болатын. Бірақ Денсаулық сақ­тау министрлігі еш­кім­мен ақылдаспай, төрт об­лысқа тә­жі­рибе ре­тінде таратып жі­бер­ген. Нәтижесінде Гол­лан­дия мен Бель­гия­дан әкелінген препа­рат­тар қыз­дарға кері әсе­рін тигізді. Соған қарамастан, Қа­­зақ­стан­ның бас санитар-дә­рі­гері Айжан Ес­ма­ғам­бетова екпенің тоқ­та­май­тындығын, оқыс оқиғаның себебін анық­тау үшін ар­на­йы ко­миссия құрылғанын ай­туда. Нәти­же­сін уа­қыт көрсетер. Тек пре­па­раттың ағ­заға зиян­сыз­дығын тексеріп ал­май, адам­ды тәжірибе жасалатын қоянға ай­нал­дырып, өлтіріп ал­ма­сақ болғаны.

Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал

http://alashainasy.kz/