Украинадағы парламент сайлауында жүргізілген экзит-полл нәтижелері бойынша, жаңа парламентте батысшыл партиялар басымдыққа ие болмақ. Дауыс беру нәтижесі бойынша алдын-ала жүргізілген сауалнамаға қарағанда, Жоғарғы Радаға барлығы жеті партия өтеді.
Экзит-полл қорытындысына қарағанда, сайлауда президенттің «Петр Порошенко блогы» сайлаушылардың шамамен 23 пайыз даусын жинап, алға шыққан. Екінші орында 20 пайызға жуық дауыс жинаған премьер-министр Арсений Яценюктің басшылығындағы «Халық майданы» блогы тұр. Львов мэрі Андрей Садовый басқаратын «Самопомощь» бірлестігі 11 пайызбен үшінші орында.
Төртінші орында шамамен 10 пайыз дауыспен құрамына көпшілігі бұрынғы президент Виктор Януковичтің Аймақтар партиясының өкілдері кіретін «Оппозициялық блок» тұр. Одан кейінгі орындарда Олег Ляшконың радикалды партиясы, Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы мен әсіре оңшыл «Свобода» партиясы тұр.
Украинада 26 қазанда өткізілген парламентке мерзімінен бұрын сайлауға барлығы 29 партия қатысқан. Жоғарғы Радада бірінші рет коммунистер болмайын деп тұр.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алғашқы алдын-ала нәтижелерін бүгін жариялай бастамақ.
Бұған дейінгі президент сайлауындағыдай емес, бұл парламент сайлауында дауыс беру белсенділігі төмендеу болып, 50 пайыздан сәл асты. Ресей өзіне қосып алған Қырымда және ресейшіл сепаратистерге қарсы операция жүргізіліп жатқан Украинаның шығысында төрт жарым миллионнан астам адам дауыс беруге қатыса алмады.
Сайлауға ЕҚЫҰ-ның 700 өкілі бақылау жасады.
Порошенко дауыс беруден кейін жасаған ресми мәлімдемесінде дауыс бергендердің 75 пайыздан астамы «Украинаның Еуропаға бет алған бағытын қолдағанын» айтты.
Порошенко Виктор Янукович биліктен кетірілген соң Украинаның жаңа саяси бағытын айқындау үшін елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын белгілеген.
Толығырақ: http://alashainasy.kz/sabaktar/ekzit-poll-ukraina-saylauyinda-batyisshyil-partiyalar-ozdyi-56405/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі