АЛТЫНОРДА
Новости

«Ел арна» ұсынған екі жоба

Жастардың көңілін баурап, олардың тәрбиесіне тікелей араласатын «Ел арна» телеарнасы қос бірдей жаңа жобаны көрермен назарына ұсынады. «Фобия» реалити-шоуы өнер адамдарының үрейі мен қорқынышын сарапқа салса, «Махаббатқа он қадам» жобасы жастарды таныстыруға асығады. «Шіркін, лайф» реалити-шоуы арқылы көрерменнің арасында түрлі пікір қалыптастырған телеарна реалити-шоу һәм жастарға арналған шоу-жобалары арқылы қазақ аудиториясының көңілін баурап алуды мақсат тұтқан.

 

 

«Жаңа жылдан бастап, «Фобия» реалити-шоуы көрерменге жол тартты. Ал ақпан айында «Махаббатқа он қа­дам» атты жастарға арналған бағдар­лама эфирге шығады деп жоспарлап отыр­мыз. Бұл жобаларға дайындықты алдыңғы жылдан бастағанбыз. Жарты жылға жуық дайындық жұмыстары аяқталып, бағдарламалар түсіріліп, эфирге берілуге дайын. «Фобия» реа­лити-шоуының концепциясының жа­са­луына атсалыстық, ал жоба продю­сері Толқын Сейдоллақызы. Кез келген адамның ішкі үрейі болатыны аян. Бағ­дарламаның мақсаты – сол үрейді же­ңуге қадам жасау. Яғни 13-14 үміткер бір мезет ішінде өз фобияларымен өз­дері күресе алады ма? Кімнің ішкі дайын­дығы мықты? Әншілердің ара­сындағы жүрек жұтқаны кім? деген сауалдарға жауап іздейміз. Екінші жобаға тоқталар болсақ, «Махаббатқа он қадам» деген бағдарлама әлемнің бірнеше елдерінде көрсетіліп жатыр. Телеарна жастар бағытында болған соң, біраз ізденіп, аталмыш жобаны қолға алуды жөн көрдік. Яғни қазіргі жастардың қандай екенін көпшілікке таныстырғымыз келді. Біздің елімізде мұндай шоу-бағдарламалар жоқтың қасы. Біз арнаның саясатымен жүріп, аталмыш жобаны көрерменге ұсыну керек деп ойладық. Бағдарлама бары­сында тоғыз түрлі сайыс болады. Сол тоғыз сыннан сүрінбей өткен жігіт не­месе қыз өзінің арманындағы адаммен танысуға мүмкіндік алады. Біраз кө­рермен бағдарлама жастарды қосуға арналған ба деп ойлауы мүмкін. Біздің негізгі мақсатымыз – қыз бен жігітті таныстыру. Олардың таныстығы не­ге ұласатынын жастардың өзі шешеді» дейді тележурналист Асхат Садырбай.

Жасыратыны жоқ, қазақ телеви­зия­сы бұл күнде шетелдің тележоба­ларына мойын созып отыр. Атауы мен түр-сипатын өзгертіп, дайын күйінде өнімді көрерменге ұсыну үрдісі біздің елімізде емес, әлемде орын алған құ­былыс. Асхат Садырбайдың айтуын­-ша, «Фобия» шетелден таза күйінде көшіріліп алынған жоба емес. Бұл өзі­міздің елімізде жасалып жатқан теле­жоба. Ал «Махаббатқа он қадам» бағ­дарламасы Ұлыбританиядан лицен­зиямен сатып алынған. Қазір қазақ телевизиясы емес, көршілес Ресей бағ­дарламаларының 99 пайызы көші­ріл­ген туындылар. Дегенмен әрбір ел шетелдік туындыны өз менталитеті һәм көрерменнің талғамына сай дайында­й­ды. «Мәселен, «Махаббатқа он қа­дам» жобасын біз Ұлыбританиядан са­тып алдық. Бірақ біз ағылшындардың жазып берген сценарийі бойынша жұ­мыс істегеніміз жоқ. Сценарийді өзіміз өңдеп, өзіміз жазамыз. Яки бағдар­ламаны қазақстандық көрерменнің талғамына қарай бейімдейміз. Екін­ші­ден, бағдарламаның шығармашылық ұжымы да отандық мамандардан құ­ралған. Сондықтан бағдарлама қазақ­тарға арналып жасалды. Бәрін түгел дерлік қазақи тұрғыда ойлап, қазақи тұр­ғыдан шештік» дейді Асхат.

Соңғы жылдары қазақ телевизиясы түгел дерлік ойын-сауықтық формат­тағы бағдарламалармен толығып отыр. Жастарға рухани серпін беріп, патриот­тық сезімін арттыруға бағытталған бағдарламалар некен-саяқ. «Ел арна» телеарнасы жастарға арналған бірден-бір телеарна болғандықтан, бағ­дар­ла­ма­лар да жастардың талғамына сай дайындалады. Асхат Садырбай ойын-сауықтық бағдарламалар арқылы да жас ұрпақтың патриоттық сезімін арт­тыруға болады деген пікірде. Бастысы, қазақтілді бағдарламалардың санын арттыру керек. «Қазақ тілінде дайын­далатын бағдарламаға үлкен аудитория керек, рейтинг көрермендердің көпті­гімен анықталады. Егер де біздің кө­рермен өзге тілді бағдарламаларға қы­зы­ғып, өзге тілді арналарды қазақтілді арналардан жоғары қоятын болса, онда бұл біз үшін жақсы жетістік емес. Сон­дықтан қазір барынша қазақ телеви­зиясынан жалығып, өзгетілді телеар­наға ауысып кеткен көрерменнің кө­ңілін баурап, қызықты бағдарлама­лар­мен қызықтыруымыз керек. Әрине, жауырды жаба тоқуға болмас, меніңше, қазақ телевизиясы дамып, гүлденіп жатыр» деп пайымдайды Асхат.

Шетелдік мамандар «Махаббатқа он қадам» бағдарламасының түсірі­лі­міне тікелей қатысқан. Телевизия са­ласын бүге-шігесіне дейін зерделеп, әлемдік теленарыққа бірқатар жоба­ларды шығарған әккі мамандар отан­дық журналистердің жұмысын жо­-ғары бағалапты. «Өткенде ғана Ұлы­британиядан келген мамандармен тү­сірілім жүргіздік. Сол кезде шетелдік мамандар біздің жұмысымызға дән риза болып, ресейлік мамандардың жұмысынан жоғары баға берді. Біздің осы жобаны өз менталитетімізге сай етіп жасап жатқанымызды атап өтті. Мамандарға Ресейде жоба түсірілу ба­рысы ұнамаған екен. Ал біздің жұ­мы­сымыз, бағдарламаны жасау барысы ерекше ұнап, осыған ризашылықта­-рын білдіріп кетті» дейді Асхат Садыр­бай.

«Фобия» тележобасы көрерменмен қауышса, «Махаббатқа он қадам» бағ­дарламасы ақпан айынан бастап бұқа­ра­ға ұсынылады.

 

Жазып алған

Шерхан ДӘКЕН

http://www.aikyn.kz