АЛТЫНОРДА
Новости

Ел аузынан: Абай адамның шешені болды

Абайдың алғашқы атқа мініп, ел сөзіне кірісіп жүрген кезінде, найман елінде жеті болыс елдің бас қосқан бір ұлы дүбір жиналысы болыпты. Сол жиналысқа тобықтыдан бала би Абай келіпті. Билер отырған үйге салам беріп кіріп келсе, бұрыннан отырған  жуан қарын, егде билер Абайды біле тұра  жөндеп орын бермепті. Бұл кезде олардың Абайды «Орысша оқыған, дінді де толық ұстамаған», — деп жаратпай жүретін кездері болса керек.

Абай келіп, төрдің ең жоғарғы ортасына отырады. Жұрт өте салқын амандасады. Біраздан соң билер намаз оқуға кіріседі. Абай бұрын намаз оқымайтын. Бірақ осы арада бұл да елмен қатар намазға тұрады. Бір би имам болады. Тәрізі, осы би өзінше отырған билердің ішіндегі әрі айтқыш, әрі жасы үлкен беделдісі болса керек.
Намазды оқып болып, орынға отырып жатып Абайға: — Шырағым, сен осынша тәкаппар екенсің, тәкапарлық — кәпірлік, намазыңды қайта оқы! — депті. Абай: «Мәнісін түсіндіріңіз?» десе, әлгі би айтыпты: — Біз бәріміз қолымызды кеудемізге қойып саламат айтқанда, сен бойыңды өте керіп, қолыңды кіндігіңнен төмен тәніңнің басына қойып тұрдың. Бұл құлшылық емес, тәкапарлық, жуандық. Сондықтан бұл ісіңіз кәпірге ұқсайды, — депті. Сонда Абай: — Бұлай болса, Енші Алла, мен мұсылман екенмін, сен қасындағысын қарақтаған шайтан екенсің. Менің көзім сәжде де, көкірегім Алла да, аузым саламатта тұрғанда, сенің көңілің күндестікте, көзің менің көтімде болыпты ғой, намазды сіз қайта оқыңыз, әйтпесе, мұныңыз намаз болмайды, — депті.
Ш.629 №4 (ОҒК). Абайдың өміріне, ақындығына байланысты әңгімелер (Абайдың ертегісі). Айтушы: Бағыбай Құсайынов, Жинаған: Қасиманов Садық, 1941 ж. (245-247 бб.)


Абай кедейлерге қамқоршы еді

Абай өз заманындағы адамшылығы мол, кем-кетікке жәрдемі көп, көпшіл, мейірімді кісі еді. Біздің Көкенталының бауырында тұратын Ұзатқан деген бір кедей шаруамен өткенінше дос болып өтті. Дәйім Семейге келгенінде, қайтқанында ылғи сонда түсіп, сонда қонушы еді. Ұзатқан тіпті, сіңірі шыққан қара қасқа кедейдің өзі еді. Оның о жақ, бұ жағынан күннің сәулесі жұлдыздай андыздап тұратын қара лашық ішінде Абай аткөрпесін астына салып, шапанын жамылып, жеңін жастанып талай қонды. Сөйтіп жүргенде бір күні түнде Абай қонып жатқанда, қалың нөсер жаңбыр болып, Абайға үйден пана боларлық орын табылмапты. Абай:
— Қайтер дейсің, жаңбыр — нұр ғой, — деп шапанын басына бүркеніп, таң атқанша жата алмай отырыпты.
Ертеңінде Абай қайтарында: — Ұзатқан, күзем кезінде біздікіне келерсің? — депті. Айтқандай ел күземін алған соң Мұсақұлда отырған Абайдың ауылына Ұзатқан келіпті. Бірнеше күн жатып, енді қайтарында, Абай Ұзатқанды шығарып алып:
— Не сұрайсың, досым? — депті.  Ұзатқан:
— Түк сұрамаймын, — депті. Сонда Абай:
— Мынаған, бір ат әкеліп ноқталаңдар, — депті. Сонда Ұзатқан:
— Әй, Абайжан-ай, қателестің ғой, — депті. Абай:
— Олай болса, мынаған бір үлкен кесек киіз дайындаңдар, атты да, киізді де ал, разымын, — депті. Ұзатқан:
— Абайжан, бұл бір кесек киізді жаңбыр жауған күні сенің тұсыңа тартам ба, өз тұсыма тартам ба? — депті. Сонда Абай сүйсініп:
— Е, байқұсым, солай де … — деп бір жақын адамдарын шақырып алып: «Қазір төрт қанат үйге бау-шуымен киіз дайында! — депті.
Сөйтіп осы жолы Ұзатқан бір ат пен төрт қанат ақ үй алып қайтты. «Сол үйдің киізін біз бала кезімізде көрдік» деп ауылдағы кемпір-шалдар талай айтқанын естігенмін.
Ш.629 №4 (ОҒК). Абайдың өміріне, ақындығына байланысты әңгімелер (Абайдың ертегісі). Айтушы: Дастанов Қажығұмар, Жинаған: Қасиманов Садық, 1941 ж. (243-245 бб.)

Abai.kz