АЛТЫНОРДА
Новости

ЕЛБАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТІРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет министрі Арыс­танбек Мұхамеди­ұлымен кездесу өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Азаматтық қоғаммен ынтымақтасу, мемлекеттік тіл үйрететін аккредиттелген орталықтар желісін құруды жалғастыру қажет. Әлеуметтік тапсырыстар аясында барлық шығармашылық одақтармен, Қазақстан халқы ассамблеясымен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдас­тығымен, «Болашақ» бағдарламасымен жұмысты жандандыру керек. Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерге келсек, халыққа қызықты, мазмұны сапалы шығармаларды шығаруға назар аудару қажет. Шығармалар елдің ішінде де, сыртында да біздің мәде­ниетіміздің рөлін арттыруға бағытталуы тиіс» деген Н.Назарбаевтың сөздері кел­тірілген Ақорда сайтында жарияланған хабарда.

Кездесу барысында Ұлттық мұражайды ашу мәселелері, «ЕХРО – 2017» халық­аралық көрмесіне дайындықтың мәдени аспектілері, сондай-ақ министрліктің қызметінің басты бағыттары талқыланды.

Мемлекет басшысы республикада 8 мың жергілікті және 39 республикалық мәдениет мекемесі жұмыс істейтінін, олардың рөлі күннен-күнге ұлғайып келе жатқанын атап өтті. «Соңғы 10 жылда театрға келушілер саны – 50 пайызға, музейге келушілер – 25 пайызға, кітапханаға келушілер – 40 пайызға, концерт залдарына келушілер – 100 пайызға, кинотеатрға келушілер саны 400 пайызға көбейді. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатының артқанын және мәдениетке, білімге деген ынтаның өскенін білдіреді. Осы саладағы кадрларды сапалы даярлау, қызметтің бірыңғай тәжірибелерін әзірлеу мәселесін қарастырған жөн. Әр облыста мемлекет қаржыландыратын 2 театрдан бар.

Бүгінде халық арасында олардың қан­дай жұмыс жүргізетініне, мәдени салмағы мен қызметінің сапасы қан­шалықты екендігі­не көбірек көңіл аударған жөн» деді Н.Назарбаев.

Өз кезегінде, А. Мұхамедиұлы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жол­дауында берілген тапсырмаларының іске асырылуы, соның ішінде Мәдени саясат және халықаралық жүйемен ықпалдас­тығының ұзақмерзімді тұжырымдамасының әзірлену барысы туралы баяндады.

Министр Тілдерді дамыту және олардың қызметі жөніндегі мемлекеттік бағдар­ла­маның іске асырылуы туралы мәлімдеді. Мәдениет министрі ведомство алдына қойылған міндеттердің бірі қоғамымыздың рухани дамуы екенін атап өтті. Қазақстанда қазірдің өзінде шеберліктің биік деңгейін көрсетіп жүрген мәдени мекемелер бар. Осы орайда негізгі міндет – оларды халық­аралық деңгейге шығару.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Білім және ғылым министірі Аслан Сәрінжіповты қабылдады.

http://www.aikyn.kz/news/view/46426