Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Нидерланд Корольдігінің премьер-министрі Марк Рюттемен кездесті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Кездесу барысында сауда-экономика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Тараптар күн тәртібіндегі мейлінше өзекті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Нидерланд біздің еліміздің маңызды серіктесі болып саналатынын атап өтті.
«Біз осымен төртінші рет кездесіп отырмыз. Менің былтыр Сіздің елге сапарым жемісті болды, оның қорытындыларын мен жоғары бағалаймын. Сіз 2010 жылы Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатыстыңыз. Нидерланд Корольдігі біздің елге салған инвестиция көлемі жөнінен Еуропалық Одақ елдері ішінен бірінші орын алады және Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі болып саналады. Біз Сіздің сапарыңызды екіжақты қарым-қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге деген ұмтылыс ретінде қабылдаймыз. Сіздің Нидерланд іскер топтары өкілдерін ерте келгеніңіз де маңызды жайт болып отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Марк Рютте Қазақстан жүзеге асырып жатқан, әсіресе экономиканы әртараптандыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын ескергенде ынтымақтастық үшін кең ауқымды мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.
Сондай-ақ, Нидерланд премьер-министрі қараша айында Роттердам қаласында «Астана» алаңының салтанатты түрде ашылғаны елдеріміздің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудың жарқын айғағы екеніне назар аударды.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: akorda.kz.
http://egemen.kz/