АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Елдегi «Темір тұлпарлар» саны жылқыдан екі есе көп

image37958«Туған күніне не сыйлаймын?». Бұл сұрақ жыл сайын біраз қазақстандықты қинайтыны мәлім. Отандық автомектептер бұл қиындықтан шығудың бір жолын ұсынады екен.Кеше Мәжілісте «Жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіру» тақырыбында өткен алқасөзде Қазақстанда жүргізуші куәлігі туған күнге сыйлық ретінде ұсынылатыны айтылды. Мұны естігенде ТРАСЕКА халықаралық ұйымының «Жол қозғалысының қауіпсіздігі ІІ» жобасының басшысы доктор Алан Росстың өзі бас шайқап, қайран қалды. 

– Автомектептер жүргізуші куәліктерін сататын болған, – дейді Қазақстанның көлік жүр­гізушілері одағының төр­ағасы Талғат Жанабаев. – Тіпті бұл куәлікті туған күнге сыйға тар­тады. Бұл – бізде қалыптасқан тәжірибе. Естігенім бар: «Міне, ұлым 18-ге толды. Біз оған көлік­ті және оған қосып, жүргізуші куәлігін сыйламақпыз» дейді. Ендеше, жол қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін ең алдымен осы тәжірибемен қатал күресу керек! 
Айтқандай, бұл ұсыныс ретінде қабылданды: қазір «Жол жүрісі» туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілуде. Ол бойынша жұмыс тобына шетелдік эксперт-мамандар да кіреді. 
Талғат Мұқашұлының байламынша, Қазақстанда жүр­гізушілердің небәрі он пайызы ғана жол жүрісінің жаңарған, өзгерген ережелерін егжей-тегжейлі біледі. Қалғандары, оның айтуынша, «тұспалдап жүреді». 

– Біз арнайы сынақ жүргіздік. Жүз жүр­гізушінің тек 13-і ғана жол жүрісі ережелерін жазбай танып, тапсыра алды. Ал олардың барлығы қазір көлік айдап жүргендер! Бұл мемлекеттік проблемаға айналды. Сіздер білесіздер, кеңес кезінде жүр­­гізушілерді жы­лына бір немесе екі рет «техминимумнан» өтуге міндеттейтін. Бүгінде ондай талап жоқ. Бұған қоса, заңнама да түбе­гейлі өзгер­ді: жүргізушілер ереже­лер­ді қасақана бұз­байды, көбісі ережелердің өзгеріп кеткенін де біл­мейді, – деді салалық одақ төрағасы. 
Оның тұжырымдауынша, куә­лік­ті сатып алған «надан» жүргізу­шілердің көбеюі және тәжірибелі жүргізушілердің жаңа ережелер­ді білмеуі кесірінен жол-көлік оқиға­ла­рының саны өсуде.
Оның үстіне, елімізде «темір тұл­парлар» саны таяуда тірі жыл­қылар санынан екі есе асып түсті. Ауыл шаруашылығы министр­лігі­нің мәліметінше, қазір Қазақ­станда 2 миллион 132,5 мың жылқы бар. Ал Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Кениспаевтың дерегінше, «темір тұлпарлар» қатары 4,5 миллионнан асып жығылды. 
–Тек өткен жылы ғана елімізде авто­кө­ліктер саны 440 мың бірлікке артты. Биылғы 9 айда тағы 260 мың көлік құралы тіркеуге қойылды. Осылайша, бүгінде Қазақстанның автопаркі 4,5 миллион бірлікке жетті. Бұл ретте өсу қарқыны артты. Небәрі 5-10 жыл бұрын тек 2 мил­лион көлік бар деп сөз ететінбіз. Яғни қысқа уақытта екі еселенді! – деді ІІМ өкілі.
Оның айтуынша, көлік қарасы­ның осынша артуы жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) өсуіне соқтыруда. Себебі жолда жүрген автомобильдердің «шамамен жар­тысы техникалық көнерген және қауіпсіз емес саналады». 
Мұндай түйткілдің түйінін өзге елдер «ути­лизациялық бағдарлама» арқылы ше­шеді. Мысалы, көрші Ресей ескі көлігін тапсырған адам­дар­ға отандық жаңа көлік сатып алуына «50 мың рубльдік серти­фикат» (250 мың теңге) тапсырды. Қазақстан Үкіметі де «утилиза­ция­лық бағдарлама» әзірлеу үстінде. 
Қалай болғанда, онсыз да саны аз Қа­зақстан халқы қара жолда жыл сайын мыңдап кемуде. 
– 2015 жылғы тоғыз айда ғана 14 мыңдай жол-көлік оқиғасы тір­келіп, 1 мың 792 адам мерт болды, 17 мың 463 адам мертікті. Бұл рет­те ЖКО кезінде қаза тапқан әрбір үшінші адам – жаяу жүргіншілер, – деді Ә.Кениспаев. 
Әкімшілік комитетінің дере­гінше, «жол-көлік оқиғаларына, негізінен, Жол жү­рісі ережелерін өрескел бұзатын жүргізу­шілердің нашар тәртібі» себеп болады. Мы­салға, былтырғы жыл қорытынды­сында жүргізушілер кінәсінен 18 мың 828 апат орын алған, соның кесірінен 2 мың 331 қазақстандық о дүниеге аттанды. Мұның сыртында 24 мың 508 адам жараланған.
Ең қорқыныштысы сол, мас күйде рөлге отырған жүргізушілер 502 жол-көлік оқиға­сына себепкер болыпты. Олар соның бары­сында 96 адамды өлтірді, 700 адамды мер­тік­тірді. ІІМ-нің жауапты комитеті мас күйде көлік басқарғандар ке­сірінен болған ЖКО-лар саны Маң­ғыстау (180%-ға), Атырау (75%-ға), Қостанай (47,8%-ға) және Батыс Қазақстан (21,7%-ға) облыстарында өскенін хабарлайды. 
«Халықаралық бағалау бойын­ша Қа­зақ­стан жолдағы өлім-жітімі көп, ЖКО қаупі жоғары елдерге жатады» деді Ә.Ке­нис­паев.
ТРАСЕКА халықаралық ұйы­мының «Жол қозғалысының қауіп­сіздігі ІІ» жоба­сының басшысы доктор Алан Росстың ай­туынша, бұдан Қазақстан үлкен эконо­ми­ка­лық шығын шегіп отыр: «Адамдар да, экономика да зар­дабын тартуда. Сіздердің елдеріңіз ЖКО-лар кесі­рінен жыл сайын 7 миллиард доллар жоғалтады. Эко­номи­кала­рыңыздың 5% пайызына парапар бұл сома – орасан зор қаржы. Әсі­ресе, дағда­рыс уақытында. Қазақ­станда жол апатына ұшырау қаупі Нидерландыға қарағанда 12 есе жоғары! Жер аумағы үлкен, бірақ халқы аз ел ойлануға тиіс. ЖКО-лар 15 – 44 жаста­ғы ең жас, жалын­ды, дарынды азаматтарды әкетуде» деді ол. 
А.Росс 5 жыл ішінде осындай мәселені шеше алған Францияның тәжірибесін зерттеуді ұсынды. Ол бойынша мәліметтерді бұл ұйым ел Үкіметіне беруге дайын.

Айхан ШӘРІП

http://aikyn.kz/