АЛТЫНОРДА
Новости

Елі бардың еңсесі түспес

Ақтауда қаңтар айының соңғы күндері апатты жағдайдағы көп қабатты тұрғын үйде өрт шығып,  8 отбасы баспанасыз қалды.

Ағаштан салынған  бұл үйлер әбден тозығы жетіп, ару қаланың ажарына сын келтірердей барынша көнеріп тұрған болатын. Ұшқын тисе лап еткелі тұрғанын сылағы түскен қабырғалардағы арса-арса болып қарауытып тұратын ағаштар-ақ аңғартатын.

Бұл жолы өрт сөндірушілер дереу же­тіп, өртті екі сағат ішінде тойтарды. 2 пәтер жанып, қалған пәтерлерді тұ­ру­ға жарамсыз еткен өртте ең бас­ты­сы, адам шығыны болған жоқ. Бар­­лық құжат, киім-кешектерін тас­тап шыққан тұрғындарды Ақтау қа­ла­­лық әкімдігі  Ш.Есенов атындағы КМТжИУ жатақханасына, сондай-ақ, оралмандарды бейімдеу және кі­рік­тіру орталығына бөліп орналас­тырды.

Ақтау қалалық білім бөлімі жалпы орта білім секторының меңгерушісі А.Есқалиеваның айтуынша, өрт болған үйдегі мектеп жасына дейінгі 6, мектеп жасындағы 4 балаға өздері оқитын мектептері көмек қолын созған. Оларға спорттық, қыстық киімдер алынып берілсе, сол үйде тұратын ұстазға 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті. Сәбилер бақшаға, оқушылар мектепке келе бастады. Ал қыстың көзі қырауда тентіреп қалған тұрғындарға өзге қандай көмек берілетіндігін уақыт көрсетпек. Бабаларымыздың қиын жағдайларда «ел-жұрттың ортасы ғой» деп өзін өзі жұбататындығы бекер болмаса керек.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».