Астанадағы «Думан» қонақүйінде әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионаты өтуде. Оған Қазақстан, Қытай, Ресей, Украина, АҚШ, Үндістан, Франция, Түркия, Грузия және Румыния мемлекеттерінің оқ бойы озық 50 гроссмейстері қатысып жатыр. Қазақстанның намысын бұл додада Гүлісхан Нақбаева, Динара Сәдуақасова, Мәдина Дәулетбаева, Гүлмира Дәулетова және Жансая Әбдімәлік сынды ел мақтаныштары қорғауда.
Чемпионаттың ашылу салтанатына қатысқан FIDE Халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжинов Қазақстанның шахмат ойынын дамыту бастамаларына жоғары баға беріп, жағымды бір жаңалықпен бөлісті. 2018 жылы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасы Астана қаласында өтуі әбден мүмкін. «Естеріңізде болса, өткен жылы Астанада шұғыл және блиц шахматтан әлем чемпионаты ұйымдастырылған болатын. Сол кезде миллиондаған шахматшылардың назары осы жерге ауып тұрды. Қазақстан онымен тоқтаған жоқ. Біз осы елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен шахмат мектептерін құрып, Астанада шахмат кешенін ашуды ұйғардық. Аталған кешенде Халықаралық шахмат академиясы, балалардың шахмат мектебі, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының мұражайы орналаспақ. Енді Қазақстанның шахмат федерациясы 2018 жылы Астана қаласында Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасын өткізуге ұсыныс жасап отыр. Қазақстанның бұл өтініші келесі жылы тамыз айында Халықаралық шахмат федерациясының Бас ассамблеясында қаралатын болады. Қазіргі кезде ондай өтініштер бірнеше елдің атынан түсті. Дегенмен Астананың 2018 жылғы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасын өткізуге толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Себебі 2017 жылы бұл жерде ЕXPO-2017 халықаралық көрмесі өтпек. Ол үшін тиісті инфрақұрылым да салынады. Ал бір жылдан кейін Астана Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасын қабылдауға толыққанды даяр болады деп сенемін», – деді өз сөзінде К.Илюмжинов.
Әсет ИСЕКЕШЕВ, Қазақстанның шахмат федерациясының президенті, Премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі:
– Әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионаты, бұл – ел тарихындағы елеулі оқиға. Себебі осы командалық додаға әлемнің ең үздік шахматшылары келді. Негізі, соңғы жылдары Қазақстандағы шахмат ойыны кеңінен дамып келеді. Оған өткен жылғы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасы дәлел бола алады. Бұл сайысқа қатысқан Гүлісхан Нақбаева, Мария Сергеева, Гүлмира Дәулетова, Мәдина Дәулетбаева, Динара Сәдуақасова сынды қыздарымыз барша әлемді бізбен шахмат державасы ретінде санасуға итермеледі. Ал олардың Қытай командасымен тең дәрежеде ойнауы баршаны таңқалдырғаны рас. Міне, осы сияқты жетістіктердің арқасында біз әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік алып отырмыз.
Гүлісхан НАҚБАЕВА, Қазақстан құрамасының капитаны:
– Барлық командалардың ішінде, біз – ең жас шахматшылармыз. Сол себепті біздің болашағамыз зор деп ойлаймын. Бұл чемпионатта үздік көрсеткіштерді көрсетуге тырысамыз. Командалық дода болғаннан кейін тұтас бір организм сияқты ойнау қажет. Сондықтан біз әрбір ойында бір жұдырық болып жұмылып, көздеген мақсаттарға жетеміз деп сенемін.
Чемпионаттың алғашқы матчтарында біздің қыздар АҚШ құрамасымен тең түсті. Бұл кездесуде Гүлісхан Нақбаева және Динара Сәдуақасова қарсыластарынан айласын асыра алмаса да, есепті тең аяқтады. Ал Мәдина Дәулетбаеваның жеңісі қазақстандық команданы алға шығарды. Дегенмен Гүлмира Дәулетова ұтылып қалды. Есеп – 2:2. Қазіргі әлем чемпионы Қытай құрамасы болса, француздарды айқын басымдықпен жеңді. Сондай-ақ Ресей – Румынияны, Грузия – Түркияны, ал Украинаның шахматшы қыздары Үндістанды ұтып кетті.
Бет қатталып жатқанда: Үндістан – Франция, Грузия – Қытай, Украина – Румыния және АҚШ – Түркия ойындары өтіп жатты. Ал біздің құрамамыз Ресей шахматшыларымен ойнады. Чемпионат наурыздың 12-сі күні ақталады.
Автор: Арман АСҚАР, Астана
http://alashainasy.kz/sport/40861/