АЛТЫНОРДА
Новости

Елуден асқандар еңбекке жарамайды деп кім айтты?

«Баяғыда бір патша жасы алпыстан асқан шалдардың барлы­ғын жар басынан құлатып, көздерін жойыңдар деп жарлық шығарып­ты» деп басталатын хикая бұрындары қазақ арасында жиі айтылушы еді. Басы қатты болғанымен, соңында патша өз қателігін түсініп, қариялардың пайдасы көп екенін мойындаумен аяқталатын ғибратты мысал сөз. Бүгінгі біздің қоғамның сол хикаядағы көрініс­ке ұқсап кететін тұстары бар. Дәл қазір жасың 45-тен асты деген сөз – «өлдің Мамай, қор болдың» деген сөз – не Құдай алмайды, жалданып жұмыс жасарға бай алмайды. Ол аз болғандай әйелдердің зейнет жасы да «өмір жасынан» артығымен алыстап барады.

Адамның бәріне бастық болу міндет емес. Қарапайым қызметте жүріп зей­нетке шығу қалыпты құбылысқа айналу керек еді. Алайда қазір орта жастан ас­қанда ме­кеме басында отырмасаң не­месе жеке кәсіпкерлігің болмаса, жұ­мыс орын табу қиын. Мұғалімдіктен бас­қа мамандықтар­дың барлығы беті­нің әрі кете бастаған ер­ік­тілерді шетте­туге дайын тұрады. Адам­ның физика­лық мүмкіндігі әртүрлі ғой. Кей­бір қарт кісі­лер жасы алпысты алқым­да­са да күш-­қайратын өзінде сезінеді. Тіпті қара жұ­мыстан да қашқақтамай­тын­дары бар. Әрине, жасы зейнеттен ас­қан­да ең­бек етуі әркімнің өз қалауында. Алайда жасы зейнетке жетпеген, екі қол­ға бір кү­рек сұрап жүрген азамат­тар­ды, әсіре­се әйел адамдарды қайда қоямыз?

Өткен аптада Мәжіліс депутаты Тұр­сын­бек Өмірзақов та Парламенттің жал­пы отырысында бұл мәселенің түйт­кілдерін тарқатуға тырысып: «Қа­зақ­стан Республи­ка­сы­ның Конститу­ция­сына сәйкес, әрбір қа­зақстандық­тың еңбек ету бостандығына құқығы бар. ҚР Еңбек кодексі бойынша ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене ке­містіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мү­ліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағ­дайына және кез келген өзге жағ­даят­тар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды. Алайда көптеген қазақстан­дықтар жұ­мыс­қа қабылдау барысында ашық кемсітуге тап болады. Көп жағ­дайда жұмыс беруші­лер жасына шек­теу қояды. Бұл, көбінесе, 40-45 жас дең­гейінде белгіленетін жастың жо­ғары шегіне қатысты» дегенді айтты. Ра­сында, мұны тіпті дискриминацияға тең­еуге болады. Алайда бұдан шығу­дың жолы бар ма? Өйткені біздегі жұ­мыс бе­руші мекемелердің көпшілігі жеке секторға жатады. Жеке кәсіпкер­лерге мемлекеттік еңбек нарығының проблемаларын рет­теуді міндеттеу қаншалықты заңды деген ойға келесіз.

Дегенмен мұндай келеңсіздік біздің қо­ғамда ғана көрініс беріп отырған жоқ. Кез келген дамыған ел бір кездері зейнет жасына жақындап қалған қарт­тарды жұ­мыс­пен қамтудағы қиындық­тарды бастан өткерген. Түрлі жолдарын қарастыра келе, көбіне заңнамалық жолмен шешуге көп жүгінетіні белгілі болды. АҚШ-та 40-65 жас аралығын­дағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған «Жұ­мыс­қа жал­дап алу барысындағы жасына байла­ныс­ты кемсіту туралы» арнайы заң бар. Францияда жұмысқа қабылдау ба­ры­сында кемсіткені үшін жұмыс беруші екі айдан бір жылға дейін бас бостанды­ғынан айырылуы мүмкін. Жаңа Зелан­дияда кем­сі­тушілік хабарламаларды, оның ішінде ин­тернет арқылы жария­лауға тікелей ты­йым салынған. Енді көр­ші Ресей үкіметі де «Жұмыс беруші­лер­дің жас мөлшеріне шек­теу қоюына тыйым салу жөніндегі» заң жо­ба­сын мақұлдады. Көп ұзамай бұл заң Думада қаралады. Бекітілген жағдайда жас ерекшелігіне қарай алалаушыларға айыппұл салынатын болады.

Жасы 45-50-ден асқандардың екі қол­ға бір күрек табуы қаншалық қиын процесс екеніне көз жеткізу үшін жұмыс іздеушілер жүгінетін арнайы газеттерді бір шолып шығу жеткілікті. Мәселен, қара күшті қа­жет етпейтін бухгалтер, экономист, заңгер сияқты іс-қағаздар мен есеп-қисап ма­ман­дықтарының шекарасы 25-45 жасты құрайды. Елу жас деп көрсеткен мекемелер ілуде біреу. Дүкендегі сатушылыққа 25-35 жас аралығында шектеу қойылады. Кейде тіпті білікті әрі тәжірибесі мол маманның өзі жасының үлкендігіне байланысты да­ла­да қалады. Жұмыс тауып берумен ай­налысатын мекеме қызметкерлерінің ай­туынша, кейде жұмыс берушілер жасқа бай­ланысты шектеулерді не үшін қоятын­дарын өздері де білмейді. Қалыптасып кет­кен үрдіс ретінде жалғасып келеді.

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– Бұл мәселемен прокуратура ай­на­лысу керек. Бұл – ұлтына, жынысына, дініне қарай алалау­шылықпен бірдей қылмыс. Сон­дықтан мұндай дискри­минацияға жол бергендерді қылмыс­тық жа­уапкершілікке тартып, әкімшілік жаза беріп, айыппұл салсаңыз, ар­тық кеткендік емес. Бұл мәселеде жеке сек­тор, мемлекеттік мекеме деген ұғым жоқ. Заң бәріне ортақ. Дегенмен қатаң шараларға барған­нан бәрі реттеле қоя­ды деп айтпай­мын. Кез келген заң­ды айналып өту­дің жолын табуға бола­ды. Сондық­тан ең алдымен БАҚ арқы­лы түсін­дірмелі жұмыстар жасалуы ке­рек. Жұмыс іздеп жүргендер де біздің адам екенін түсіндіру қажет. 

Жұмыс берушілер өздерінің әлеу­меттік жауапкершілігін әлі тү­сін­бейді. «Атамекен одағының» да осы бағытта көп күш салғаны дұрыс.

Автор: Сәдуақас КЕБЕКБАЙ

http://alashainasy.kz/politics/41271/