АЛТЫНОРДА
Новости

Елуден асқанды елемейтін болдық

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Адам құқығына қанша жерден құрметпен қарайтын елміз десек те, жұмыс беру­шілер мұнымызды күн сайын жоққа шығарады. Тісіне қарап, түйе таңдаған саудагер секілді адамның жасына қарап жұмысқа қабылдауды сәнге айнал­дыр­ған оларға «адам құқығы» деген түсінік туажат болғалы қашан?

Бұрын жұмыс беруші жарнамалар «Жасы 40-тан аспауы тиіс» дейтін еді. Енді ол 40 «қыршын» кетті. Қазір жұмыс беру­ші­лердің есебі бойынша кәртамыс­тар қа­тарына 35 те ілігуде, 35 бер жағы ма дей­міз. Қыз-келіншектерге арналған жұ­мыс­тарда «Жасы 30-ға жетпеген болуы керек» де­ген талаптар да көбейіп келеді. Сонда жа­сы­мыз қайсы, жасамысымыз қайсы, кәрі­міз қайсы, кәртамысымыз қайсы? Әбден жа­ңылдық. Жаңылдырып, жаны­мыз­дан түңілдіріп отырған – қайдан құлақ шығар­са да, өз еркі бар қазаншы – жұмыс беру­ші. Еңбек кодексінде еңбек ету құқына қа­тысты жынысына, жасына, дене кемістікте­ріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеу­мет­тік және лауазымдық және өзге де жағ­дайлар бойынша ешқандай кемсітуге бол­майтыны айтылса да, қазаншылары­мыз бұған пысқырып та қарамайды. Әлем жұр­ты мұны «дискриминация» деп жар са­ла­ды. Ендеше, сол дискриминацияңыз біз­де де жұмыс берушілер тарапынан дендеп тұр.

Бұдан бұрын бұл туралы Мәжіліс де­пу­таты Тұрсынбек Өмірзақов еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әб­деновке сауал жолдағанынан хабар­дар­мыз. Онда депутат бұл мәселелерді министрге айта келіп, қазақстандықтарды жасына қарай дискриминацияға ұшырат­қысы келген жұмыс берушілерге шара қол­дануға шақырғаны және аян. «Бүгінгі күні барлық жұмыс берушілердің  жарты­сы­на жуығы 40-45-ке дейінгілерді ғана жұмысқа аламыз деп шалқаюда. Бұл – де­мо­кратиялық принциптерге мүлде қайшы әрекет. Ендеше, біздің демократиялық мем­лекет құрып жатырмыз дегеніміз қай­да?» деп ашына айтқанын БАҚ жарыса жаз­ған-ды.

Заңмен жүріп-тұратын да­мы­ған елдер бұл істе бейқам емес. Жұмыс іздеген адамды жұмыс берушінің кемсітуі орын ал­са, оның көзіне көк шыбын үйме­летіп, айыппұл төлетеді. Одан қалса, бір­шама уақытқа түрмеге тоғытылады. Ай­талық, жа­ңа­зеландиялықтар дискримина­ция болып табылатын 26 себепті анықтап, заң­дық негіздеп алыпты. Егер сол аталған 26-ның біреуі кездессе, жұмыс беруші жауап­қа тартылады. Ал Францияда жұмыс беру­шілер жарнама, хабарландыру бер­ген­де жасын көрсетуге тыйым салған. Сондай-ақ қандай да бір компания Фран­цияда жа­сына, жынысына, нәсіліне, ұлты­на және де тағы да басқа осындай кемсіту­лер­ге жол берсе, ол екі айдан бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін екен. Онымен қоса, сот үкімін баспасөз беті­не өз есебінен сол компанияның жа­рия­лауын және міндеттейтін көрінеді. АҚШ-та егде азаматтарға жұмыс беруші­лер арнайы квота қарастыруды да жолға қойыпты. Яғни 60 жастағы білікті маман­мен қатар жас азаматтан өтініш түссе, 60-тағы адам сол квота арқылы жұмысқа алы­нуы тиіс. (Бізде 60 жастағы алдыңғы тол­қын олай жұмысқа орналаспақ түгіл, қамал алар қырықтағы азаматтар жұмыс берушілер үшін егде саналуда).

Жә, бұл дамыған өркениетті елдер де­йік. Ал енді іргелес көршімізге на­зар ауда­райық. Ресей де бұл кемсіту­ші­лік­тен әбден ығыр болса керек. Еңбек заңна­масына өзгерістер, айыппұл төлеуді мін­деттейтін заңды енгізуге Мемлекеттік Ду­ма­ға ұсыныс айтып отыр. Ал Украинада осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұ­мыс берушілердің кемсітуіне жол бер­мейтін заң күшіне енді. Алда-жалда жұмыс беруші тарапынан жасына байланысты кем­сітушілік орын алса, белгіленген кө­лем­де айыппұл төлейді. Демек, украина­лықтар ендігі жерде жұмыс берушілердің алдында кіріптарлықтан ада. Әзірге бізде жұмыс берушілердің жұмысшыны мал я құл таңдағандай таңдауына тосқауыл бол­май тұр.

Статистикалық деректерді қарасақ, был­тырғы жылы 474,8 мың адам жұмыс­сыз ретінде тіркеліпті. Оның 185,9-ы – ер­лер, 288,9-ы – әйелдер. Енді жасына қа­тыс­ты ҚР Статистика агенттігінің кестесіне үңіліп көрелік.

Сөз басында атап өткеніміздей, жұ­мыс­сыздар санының басым үлесін – 25-34, 35-44, 45-54 жастағы азаматтар ие­ле­ніп отыр. Бұл сандарда жұмыс беруші­лер­дің жас шектеуінің салдары да бар. Жұмыс бе­рушілерді тәубесіне түсіретін талап кү­шеймейінше, жұмыс іздеген жұрт­тың қуанышқа кенелер түрі жоқ.

Ғадыл Маханов, заңгер:

– ҚР Еңбек кодексінде жұмыс беру­шілердің шектеу қоюына тыйым салын­ған. Дәлірек айтсақ, ол туралы Еңбек ко­дексінің 7-бабында атап көрсетілген. Онда «1. Әркімнің де еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандығын іске асы­руға тең мүмкіндіктері бар. 2. Еш­кім­ді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кеміс­тік­теріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүлік­тік, әлеуметтік және лауазымдық жағда­йына, тұратын жеріне, дінге көзқара­сы­на, саяси сеніміне, руға немесе текке-топқа, қоғамдық бірлестіктерге қатысты­лы­ғына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. 3. Еңбектің осы түріне тән та­лаптармен айқындалатын не әлеу­мет­тік және құқықтық басымдықпен қор­ғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемле­кеттің ерекше қамқорлығынан туында­ған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артық­шы­лықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды. 4. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасы­ның заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құ­қы­лы» деп жазылған. Бірақ жұмыс беру­шілер тарапынан бұл заң жиі бұзылатыны өтірік емес. Сондықтан бұған заңдық не­гізде шара қолдану қажет деген ұсыныс орынды.

 

2012 жылғы IV тоқсандағы жынысы және жасы бойынша жұмыссыз халық

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды

http://alashainasy.kz/society/41615/