Ресейдегі мигранттар үшін 2013 жыл қиындық пен қорқынышқа толы жыл болды. Азаттық тілшісі осы мәселеге тереңірек үңілді.
Ресейдегі мигранттар үшін ешқандай да жыл оңай болған емес. Бірақ 2013 жыл ерекше қиын уақыт ретінде есте қалады.
Ресейде басым бөлігі Орталық Азия мен Кавказдан келіп жатқан мигранттарды жаппай депортациялауға шақырған акциялар болды. Қала берді Ресейге кіру үшін олардың виза алуын талап еткен кампаниялар да ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта қоғамда орныққан анти-мигранттық көзқарас зорлық-зомбылыққа ұласты. Таяуда әзербайжандық жігітпен ерегесте жас орыс жігіті өліп, артынша Мәскеудің оңтүстік бөлігінде нәсілшілдік негізіндегі қақтығыс болды.
«КІНӘ АРТУҒА ЫҢҒАЙЛЫ ЖАНДАР»
Нью-Йорк универститетінің профессоры және Ресейдің қауіпсіздік қызметін зертеуші Марк Галеотти: «Экономикалық тұрғыда қиын кезеңнің келе жатқаны анық. Қиын кездің туғанын мынадан білесіз — адамдар жаппай «кінәлілерді» іздей бастайды.Осылайша барлық жағынан тиімді арзан жұмыс күші ретіндегі гастарбайтер-мигранттар барлық жағынан кінәлі боп көрінеді» дейді.
Қараша айында тәуелсіз «Левада» ұйымы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша ресейліктердің 65 пайызы елде мигранттардың азырақ болғанын қалайды. Сұралғандардың 73 пайызы заңсыз мигранттардың елден шығарылғанын дұрыс дейді.
Саясатшылардың пікірінше де үкімет те, оппозиция да осындай көзқарасқа ойысып бара жатыр. Мысалы анти-коррупциялық блоггер және оппозициялық тұлға Алексей Навальный өзінің «Либералдық ұлтшылдық» бағыты арқылы һәм қоғамның ксенофоб бөлігін өзіне тартуға, һәм қалалық жақтастарына да жағуға тырысады.
Мигранттар проблемасының ушыққанына қарамастан, Ресейдің оларға қатысты саясаты қарама-қайшылыққа толы. Жуыр уақытта өзгере қоюы да неғайбіл сияқты.
Үкімет басшылары мигранттардың жұмысшыға мұқтаж Ресейдегі сұранысты толтырып жатқанын және оларды заңдастырса, салыққа мұқтаж қазына қорына қаржы құйылатынын жақсы түсінеді.
Бірақ қоғамда етек алған анти-мигранттық көзқарас, заңдар мен талаптардың нашар орындалуы және арзан мигранттарға тәуелді көлеңкелі экономика қазіргі өліара шақты одан сайын соза түсуге ықпал етіп тұр.
«ТІРКЕЛСЕҢ ДЕ, ТІРКЕЛМЕСЕҢ ДЕ БІР ҚҰҚАЙ»
Екі жыл бұрын 2012 жылдың қаңтар айында президент Путин Ресейде өркениетті саясат жүргізуге шақырып, сөз сөйлеген болатын. Президент сол жолы Ресейге ағылып жатқан мигранттарды реттеу үшін және оларды коррупция мен қанаудан сақтау үшін сырттан келген жұмысшыларды тіркеу туралы да айтқан.
Путин солай десе де Ресейдің қазіргі саясатына болмашы ғана реформа жасалған. Ресей федерациясындағы мигранттар орталығының президенті Мохаммед Мажумдердің айтуынша, Ресейдегі 10 миллионға жуық мигранттың 90 пайызы заңсыз жүр.
Осының кесірінен мигранттар зорлық-зомбылыққа ұшырап, тоналып, қорлық тартып жатыр. Оларды көлеңкелі экономикада заңсыз еңбек етуге мәжбүрлеушілер «мигранттар қылмыс жасайды» деген көзқарасты қоғамға орнықтырып отыр.
Тіпті заңды тіркелген мигранттардың өзі де қиянатқа душар болады. Ресейге 2004 жылы көшіп келген, Бек Тахиров есімді өзбек жігіті алғашында қоймада заңсыз жұмыс істеген. Қазір ол барлық құжатын заңдастырып, тіпті Ресей азаматтығын алуға арыз берген.
Ол: «Жыл сайын жағдай қиындап барады. Бұрын жұмыс жылдам, әрі оңай табылатын, ешқандай құжат сұрамайтын. Бірақ қазір барлық құжатымыз дайын болса да, олар бізді әлі де алдап, құжаттары жоқтармен бірге кеудеңнен итере салады. Қайда барсаң да, алдыңнан алдау, өтірік айту шыға келеді» дейді.
ЭТНИКАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАР
Бұл проблема шешусіз қалғандықтан, этникалық қақтығыстар уақыт өткен сайын асқынып барады. Көбіне әсіре ұлтшылдар сырттан келген мигранттармен емес, Кавказ аймағынан келген Ресейдің өз азаматтарымен де қақтығысып қалып жатыр.
Ресейдің Пугачев қаласында маусым айында ұлты шешен жас жігіт әскерден қайтқан орыс жауынгерін пышақтап өлтірді деген хабар тараған соң оның соңы жаппай толқуға ұласқан болатын. Жергілікті халық шешен көршілерінің үйлерін бұзып, олардың кафелерін өртеп, үлкен тас жолды жауып тастап, шешендердің қаладан көшіп кетуін талап етті.
Тамыз айында дағыстандық екі саудагер Мәскеу полициясына шабуыл жасаған соң, үкіметтік органдар 1400 мигрантты қуалап әкеп қамаған. Сол кезде де жүздеген мигранттар іші тар, қапырық шатырларда қамауда отырды.
Мұндай оқиғаның ең соңғысы қазан айында Мәскеудің Бирюлево ауданында қайталанды. Қақтығыс жас орыс жігітін әзербайжандық мигрант жұмысшы пышақтап өлтіріпті-міс деген хабардан тұтанды. Мәскеуде соңғы жылдары болған ең ірі қақтығыс кезінде ұлтшылдар көліктерді қиратып, терезелерді сындырып, мигранттарды іздеп, көкөніс қоймаларын ақтарып тастады.
Ресей полициясы келесі күні мигранттар жалға алып отырған қоймалар мен басқа да сауда дүкендерін қоршап, сырттан келген 1200 мигрантты қамап қойды.
Бірақ Ресейдегі осындай қиындықтарға қарамастан, мигранттардың азаятын түрі көрінбейді. Көптеген мигранттар Ресейден кететін ниеттері жоқ екенін айтады.
Тәжікстаннан келген 22 жасар мигрант Мирзо Курбонов: «Шынымды айтсам, бұл жағдайдан құтылатын бір амалын тапқым келеді. Тәжікстанда да осындай жағдай. Тіпті бұдан да жаман. Мен әділетсіздік пен коррупцияны барлық жерден көремін. Тәжікстанда менің нем бар? Не жұмыс жоқ, не жәрдемақы жоқ» деді.
(Мақаланы ағылшын тілінен аударған — Сағынай Кәрім)