Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асырудың негізгі аспектісі ретінде еңбек өнімділігін арттыру жөнінде әңгімеледі.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын және оның шеңберіндегі бағдарламаларды іске асыру, ұлттық экономиканы құрылымдық қайта құруға түрткі болғанын айтқан спикер, көптеген көрсеткіштердің өсуінің және еліміздің индустрияланбай қалуын тоқтатқан драйверлердің бірі болғанын жеткізді. Онда 223 индикатордың 72 пайызы орындалыпты, тіпті, кейбір индикаторлар бойынша асып түскен жетістіктер де болыпты. Оған қоса, аталған көрсеткіштердің 19 пайызы бойынша жоспарлы асқақ көрсеткіштерден шамалы артта қалғанымен, базалық 2008 жылмен салыстырғанда едәуір тәуір көрінеді.
Елді индустрияландыру бағдарламасының сан-салалы жетістіктері мен туындаған мәселелер жөнінде әңгімелеген басқарма төрағасы, «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша бизнесті қаржыландыру қысқармайтынын айтты. «Мәселен, қазіргі кезде кәсіпорындар қандай да бір субсидияны алып, оның аясында жұмысын істеп, қызметін жалғастырады. Ал егер де мұндай субсидиялау тоқтатылса, нарықтың есебінен кейбір кәсіпорын дәл осындай жағдайда әрдайым жұмысын жалғастырып алып кете алмайды. Бастапқыда субсидияның мақсаты кәсіпорынның аяғына тұрып, табысты болуына негізделген. Өкінішке қарай, көбінесе кәсіпорындар мемлекеттің қолдауына тым сенім артып кетеді. Бұл қолдаудың түрі тоқтағаннан кейін, кәсіпорын қиын жағдайға тап болады», деді А. Құлсейітов.
Төрағаның ой-пікіріне зер салсақ, «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында ұсынылатын сервистік тетіктер тиімділікке негізделген. Біріншіден, бизнестің өзі алдында қаржыландырған бағытта қаржыландырылады. Осы арқылы тиімділік мәселелері ескеріледі. Яғни, егер де бизнес өзі қаржы салса, онда ол бастаған ісіне сенетіндігін білдіреді. Бұл тұрғыда бағдарлама аясында бизнестің бастаған ісін жалғастыруға мүмкіндік беріледі. «Біздің бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемін төмендету қарастырылып отырған жоқ. Керісінше, өтінімдер саны көп болса, Үкімет тарапы, экономикалық блок қаржыландыруды арттыруды қолдайды», деді
А.Құлсейітов.
Қазақстан экономикадағы еңбек өнімділігі бойынша ТОП-50 елдің және оның өсімі бойынша ТОП-20 елдің қатарына кіріпті. Сөйтіп, бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бойынша ЭЫДҰ жетекші елдерінен алшақтықты 14 пайызға қысқартыпты. «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында еңбек өнімділігі 60 пайызға артқан болатын. Яғни, 2008 жылмен салыстырғанда өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,86 пайызға өсті. Алғашқы бесжылдықта шетелден тікелей 17,6 млрд. доллар инвестиция тартылды. Біздің институттың есебі бойынша, екінші бесжылдықта еңбек өнімділігі 1,4 пайызға артуы тиіс. Бұл көрсеткішке жетуі үшін елімізге шетелден 7 триллион теңге тікелей инвестиция тарту қажет болады», деді бұл жөнінде спикер.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».