Оңтүстік – аграрлы облыс. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда күні жадырап күліп тұратын Оңтүстіктің орны бөлек. Ауыл шаруашылығында жақсы табысқа жету үшін ай маңдай кетпенге жүгіну аз, мықты техника керек. Обалы кәні, мемлекет лизингпен техника мәселесін оңтайлы шешіп келеді. Бірақ, сырттан алдырылған техника ертелі-кеш бұзылмай тұрмайды. Ал қосалқы бөлшектер тым қымбат. Мұндайда өз техникаң болмай табысқа жету қиын.
Сондай күн де жетті. «Ордабасы» индустриялық аймағында орналасқан «Kazkioti» трактор зауыты алғашқы 40 тракторды құрастырып шығарды. Зауыттың мүмкіндігі үш түрлі трактор шығаруға жетеді.
Бүгінде «Беларусь» тракторларының даңқы өрлеп тұр. Бірақ, шымкенттік тракторлардың одан басымдығы қосалқы бөлшектері зауытта дайындалады. Қызмет көрсету орталықтары жұмыс жасайды. Яғни, алысқа сабылып шаршамайсың. Ауылда өстік. Жазғы каникулда мектепке киім-кешек, оқу құралдарына ақша табу үшін тракторға отырып, шөп шаптық. Т-40, МТЗ-50 сияқты трактордың бар мехнатын көрдік.
Ал «Kazkioti» тракторының жөні бөлек. Шетелдік компаниямен бірлескен трактор салоны «Мерседеске» отырғандай. Жаныңа керектің бәрі бар. Желдеткіші де.
Зауыттың бас директорының кеңесшісі Ермахан Қыстауов Оңтүстік Қазақстаннан бөлек Жамбыл, Қызылорда облыстарына да трактор жеткізу күн тәртібінде тұрғандығын айтады. Компания 2017 жылы 1,5 мың трактор құрастырмақ. Осыған орай жұмыс орындары да көбейеді.
Бүгінде шымкенттік зауыт құрастырып жатқан тракторлардың күші 60-тан 100 аттың күшіне тең болса, келешекте қуаты одан да күшті 250 аттық күші бар техникалар пайдалануға беріледі. «Kazkioti» құрастырған тракторлар егіс алқаптарында ғана емес коммуналдық шаруашылықтарға да ыңғайластырылмақ.
Бүгінде «Ордабасы» индустриялық аймағында құны 72 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба қолға алынып жатыр.
Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов еліміздің экономикасына үлкен серпіліс әкелетін, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жобаларға қолдау көрсетіп, механикаландырған станса құруды қолға алуда. Сонда шаруалар мен диқандар техникадан тапшылық көрмейді. Шымкенттен шыққан тракторлар осы мақсатқа да қызмет ететін болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.