АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЕНДІ ШЕТЕЛГЕ ҚАШҚАНДАРДЫҢ МАЛ-МҮЛКІ ТӘРКІЛЕНЕДІ

шетелМәжілісте «қылмыспен күрестің» жаңа «конституциясын» таныстырған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель бұдан былай мемлекеттің еңбек қақтығыстарына арандатушыларды қоғамнан аластатып, 3 жылға дейін теміртордың ар жағына жіберетінін мәлім етті.
Тағы бір жаңалық: елді және экономиканы «сорып», миллиардтар жинайтын, артынан қылмыстары ашылғанда, шетелге тұра қашатын олигархтардың мал-мүлкі сотсыз-ақ тәркіленетін болады. Әйтпесе, өкіметке «өкпесі қара қазандай» болған олар кейін сол қаржы байлықты Қазақстанға қарсы қолдануы мүмкін.

– Мемлекет басшысының еңбек қақтығыстарының провокаторларын жазалау қажеттігі туралы тапсырмасы орындалды, – деп мәлім етті кеше Бас прокурордың бірінші орынбасары. – Енді мұндай норма Кодексте қарастырылады, бұл – 400-бап, ол 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Жаңа кодекс жобасы қабылданған соң, Қазақстанда коррупционерлердің мемлекеттік қызметке тұруына «өмір бойғы шектеу» енгізілетін көрінеді. «Мемлекеттің сыбайлас жемқорлық қылмыстарына лайықты жауабы ретінде жазаның міндетті қосымша түрлері енгізіледі» деді И.Меркель. Яғни жемқорлыққа қолын арамдағандар енді міндетті түрде барлық атақтардан, шендерден, рангілерден, мемлекеттік наградалардан айырылады.

Айтқандай, жаңа Қылмыстық кодексте кәмелетке жасы толмағандарға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыс жасаған тұлғаларға, яғни педофилдерге балалармен жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынады. Олардың мектептерде, балабақшаларда, жазғы лагерьлерде, балалар үйлерінде және басқа да жас ұрпақ көп баратын жерлерге жұмысқа орналасуына рұқсат етілмейді.

Иоган Меркель қылмысы әшкереленіп, жатжұртқа қашқандардың мүлігі сол мезетінде, шұғыл тәркіленетіндігін жеткізді. Өйткені олардың шетелде жүріп-ақ, соттың тиісті үкімі шыққанша, елде қалған мүлкін сатып бітетіні бар. «Қазір барлық конфискация тек соттың үкімі бойынша ғана жүреді, бірақ жауапкер адамдар кетіп қалған жағдайлар болады, біз оларды соттай алмаймыз, оның фактілері белгілі: мысалы, БТА банкі бойынша сондай мәселе бар» деді Бас прокурордың бірінші орынбасары. Рас, осындай жағдайлар үшін Қазақстанның сот тәжірибесіне кезінде «сырттай соттау» (заочное осуждение) деген жаңалық енгізілген. Қажыгелдин, Рахат Әлиевтер солай сотталған. Бірақ Иоган Меркельдің мойындауынша, «әлемдік тәжірибе бұл істі өте қоштамайды» екен. Мұндайды көп қолданған елдер «демократиялық дамыған ел» саналмайтын көрінеді.

«Сондықтан оның қылмыстық жолмен жиған мүлкі, орасан зор мүлкі мемлекет кірісіне өтуі үшін соттың үкімінсіз тәркілеу енгізіліп отыр» деген И.Меркель мұның халықаралық құқыққа қарсы келмейтіндігін нықтады: «Коррупциямен күрес жөніндегі халықаралық пактінің 54-бабы ондай мүлікті сот үкімінсіз конфискациялауға» мүмкіндік беретіндігі анықталыпты.

Депутаттар мұның Ата заңымызға қайшы келетін-келмейтіндігін сұрады. «Мұны конституциялық норма деуге болады. Ол адам кез келген жағдайда Қазақстанға оралып, тәркілеуге қарсы шағым түсіре алады. Ол әлі кінәлі деп танылмаған, бірақ құрметті әріптестер, мемлекет зардап шекпеуге тиіс емес пе! Тіпті қандай да бір нақты қылмыстық іс аясындағы мүлікті күзетуге де бюджет орасан зор қаржы шығындайды, мен бұлай болмауға тиіс деп санаймын. Егер әлдене дұрыс жасалмаған болса, ол адам елге қайтсын, қарсы шағым берсін. Сот шешім қабылдайды да, оған мүлкін қайтарады» деді Меркель.

Соңғы кездері соттар, құқық қорғау органдары бюджеттен талан-тараж еткен қаржысының орнын толтырған лауазымды тұлғаларды қудалауды тоқтатып жүр. Мәселен, жақында Маңғыстау облысының Қаржы полициясы департаменті облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, «Каспий» ӘКК» Ұлттық компаниясының экс-басшысы А.Нұрғалиевке қарсы қылмыстық істі тоқтатты. А.Нұрғалиев және басқа да «анықталмаған тұлғалар» 2010-2011 жылдар аралығында «қызмет мүдделеріне қайшы келе отырып, өздері мен «ИнвестАвиа» әуе компаниясы үшін пайда және артықшылықтар алу мақсатында» ел қаржысына 6 әуе көлігін сатып алыпты. Сөйтіп, мемлекетке 1 млрд 826 миллионнан астам теңге шығын келтірген. Алайда кейін ол шығынды өтегендіктен, қудалау тыйылыпты. Қаржы полициясы өкілі оның кәсіпкер болып табылатындығын және қаржыны толық төлегендігін айтады.

Мұндай оқиғалар көбеюі мүмкін. Жаңа Қылмыстық кодекс келтірген шығынын ерікті түрде өтеген жағдайда, экономикалық қылмыстар үшін бас бостандығынан айырмауды қарастыруда. «Егер шығынды өз еркімен өтесе, рейдерлік басып алуларды қоспағанда, барлық экономикалық қылмыс үшін бас бостандығынан айыру жазасын қолдануға тыйым салынады, – деді Иоган Меркель. – Жазалаудың жалғыз түрі ретінде «бас бостандығынан айыру» тек ұйымдасқан қылмыстық топтар құрамында жасалған қылмыс, адам өліміне соқтырған қылмыс, аса ауыр қылмыстар, соның ішінде террористік, коррупциялық, сондай-ақ әскери уақытта немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар үшін сақталды».

Бас прокурордың бірінші орынбасарының мәліметінше, қолданыстағы Қылмыстық кодекске қарағанда, жаңа жобада жазалау жүйесі түбегейлі өзгертіліп, түрмеге қамауға балама шараларды кең қолдануға екпін түсірілуде: «Баламасыз бас бостандығынан айыру азайтылды, ол қазір Қылмыстық кодекс жобасындағы 920 санкцияның 393-інде ғана қалады».

Мұның орнына жаңа Кодексте жасалған қылмыс үшін тағайындалатын негізгі жаза – айыппұл салу болмақ, – деді Меркель. Ол бұған Елбасының «түрме тұрғындарының санын қысқарту» туралы тапсырмасын орындау мақсатында барып отырғандарын нықтады. Осы құжат жобасын жазған Бас прокуратура «бас бостандығынан айырудың ең жоғарғы межесін төмендету бойынша шара қабылдапты». Нәтижесінде, Қазақстанда бірде-бір адам қылмысы үшін 25 жылдан, егер қылмысы аса ауыр немесе өте көп болса, 30 жылдан артыққа соттала алмайды.

Жаңа Кодексте қылмыстар бойынша берілетін ең жоғарғы жаза түрлері қайта қаралып, мерзімдері азайтылған. Ол ол ма, енді көптеген қылмыстар «аса ауырдан» – «ауыр», ал «ауырлары» – «орташа ауыр қылмыстар» санатына көшірілетін болды. «Қылмыс жасау үшін берілетін санкциялардағы негізгі жаза ретінде айыппұл бекітіліп отыр, оны қолдану аясы барлық дерлік шағын және адам өліміне соқтырмаған орта ауырлықтағы қылмыстарға таралады. Атап айтқанда, 162 санкцияда балама ретінде «айыппұл» қосымша енгізілді. Оның үлесі енді 50 пайыздан артықты құрайды» деді Иоган Меркель.

Бір елең еткізерлік жаңалық бар: Қазақстанда архитектура, қала салу және құрылыс қызметі салаларындағы жауапты тұлғалар, салған үйі артынша құлап жатса, қылмыстық қудалауға ұшырайды. Бұл – «Бесобадан» алынған сабақ! «Архитектура, қала салу және құрылыс қызметінің барлық кезеңдерінде ғимараттардың адам өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы салалардағы қауіпсіздік ережелерін бұзғандығы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Мұндай оқиға Қарағандыда «Бесоба» кешенінде болды» деді Меркель.

Елдос СЕНБАЙ

Айкын газетiнен алынды