АЛТЫНОРДА
Новости мира

ЕО мен Ресейге күмәнмен қарайтын тұлға

скачанные файлыПольшаның жаңа президенті — оппозициялық «Құқық және әділеттік» партиясының өкілі Анджей Дуда Брюссельден де, Мәскеуден де алшақ саясат ұстануды жөн санайды.

Батыспен жақсы қарым-қатынас орнатуды қолдайтын 43 жастағы Анджей Дуда, бірақ, Брюссельдің Варшава ісіне көп араласқанын жақтырмайды. Польшада АҚШ әскерилерінің болғанын жақтайды, алайда, елдің Еуропа валютасы жүйесіне кіруін кейінге шегере тұруды құп көреді.

Анджей Дуда билікке келген соң Варшава мен Мәскеудің арасы алшақтай береді деуге негіз бар. Аймақта ресейлік әуе, әскери-теңіз жаяу әскерлері көбейген сайын НАТО жауынгерлерінің саны да артып келеді. Дуданың саяси одақтастары күздегі парламент сайлауына күш жинап жатыр.

РЕСЕЙМЕН АРАДАҒЫ АХУАЛ

Қазіргі үкімет Германия және Франциямен жақын болуға күш салып келді, ал Дуданың партиясы билікке келсе, аймақтағы көршілері Балқан елдері және Украинамен қарым-қатынасты нығайтуға тырысады. Дуданың саяси бәсекелесі – президент Бронислав Коморовский мамырдың 24-і күні сайлауда жеңілгенін мойындады. Сайлаушылардың 47 пайызы Коморовскийді қолдаса, 53 пайызы Дуданы жақтап дауыс берген.

Польшаның қазіргі президенті Бронислав Коморовский. Варшава, 10 мамыр 2015 жыл.
Польшаның қазіргі президенті Бронислав Коморовский. Варшава, 10 мамыр 2015 жыл.
Польшада үкіметті премьер-министр басқарады, ал президент көбіне ресми өкілеттік атқаратын басшы саналады. Бірақ президент – Польша қарулы күштерінің бас қолбасшысы, ол сыртқы саясатқа ықпал етеді және заң жобасын қабылдамауға құқылы, сондай-ақ, Польшаның орталық банкін бақылайды.

Осының бәрі Анджей Дуданың НАТО-мен байланысты күшейтіп, еуроны қабылдау үшін ұлттық валютадан бас тарту туралы шешім қабылдауға құзыреті барын көрсетеді. Дуданың өзі: «Польша үшін АҚШ әскерилерін аймақта ұстап отырған маңызды. Елдің қауіпсіздігін тек осылай ғана қамтамасыз ете аламыз» дейді.

Кремльден Дуданы құттықтап жеделхат жолдаған Путин екі ел арасында «нағыз көршілерге тән шынайы құрметке негізделген қарым-қатынас орнату қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді» деген үміт білдірген. Ресейдің әскери әрекетінен қауіптенетін Польша Путиннің іс-әрекетіне күмәнмен қарайды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшаны нацистер де, Совет одағы да басып алды. 1989 жылға дейін Совет одағының ықпалында болды. 2014 жылдың шілдесінде Украинадағы сепаратистерді қолдаған Ресейге жауап ретінде Польша Ресеймен екі ортада жоспарланған екі жақты мәдени шараларды бір жыл өткізбеуге шешім қабылдады.

Польша Ресейдің әуе және әскери-теңіз әрекеттерінің күшейіп келе жатқанына НАТО-ға шағымданды.

КАЧИНСКИЙДІҢ «РУХАНИ МҰРАГЕРІ»

Еуро жүйесіне қатысты Анджей Дуда «поляктардың өмір сүру деңгейі неміс немесе голландтықтардан төмен болғандықтан, Польша әлі бұған қосылмайды» деп мәлімдеген. Польша қазіргі кезде еуроны валюта ретінде қолданбайды, бірақ Еуроодақтың талабы бойынша, соңында оған өтуі тиіс.

Саяси сарапшылар Анджей Дуда Еуропа одағына күмәнмен қарауын жалғастырады және жасанды ұрықтандыру сияқты заң жобаларына тыйым салады дейді.

Мамырдың 25-і күні Дуда «Құқық және әділеттік» партиясының мүшелігінен шығатынын мәлімдеді. Заң бойынша ол «барша поляктың президенті» болуға тиіс. Бірақ, өз ұстанымы партияның көзқарасымен және рим-католик шіркеуімен тығыз байланысты екенін жасырмайды. Мысалы, ол «Азаматтық платформа» партиясының гейлер мен әйелдер құқығы тәрізді мәселелерге тым кеңшілік танытқанын құптамайды.

Қазір билікте отырған «Азаматтық платформа» тәрізді Дуда мен «Құқық және әділеттік» партиясы да Польшаның Еуропа одағы мен НАТО-ға мүше болғанын қолдайды. Экономикалық жекешелендіру принциптері мен еркін нарық реформаларына қатысты көзқарастары да бірдей.

Олар Путиннің Қырымды аннексия жасағанын, Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдағанын және Балтық елдері аумағында ресейлік әскерилердің көбейгенін айыптайды. «Азаматтық платформа» Германияға жақындауға тырысқан болса, Дуда көршілес Литва және Украинамен жақсы байланыс орнатуға ұмтылады.

Ресейдің Смоленск қаласы түбінде ұшақ апатында қаза болған Польша президенті Лех Качинский мен жұбайы Марияның суреттерін ұстаған адам. Варшава, 10 сәуір 2015 жыл.
Ресейдің Смоленск қаласы түбінде ұшақ апатында қаза болған Польша президенті Лех Качинский мен жұбайы Марияның суреттерін ұстаған адам. Варшава, 10 сәуір 2015 жыл.
Дуда өзін 2010 жылы әуе апатынан опат болған президент Лех Качинскийдің «рухани мұрагері» санайды. Бірақ ол өзін марқұм президенттің сыңары, бұрын премьер-министр қызметін атқарған Ярослав Качинский партия атынан президенттікке үміткерлікке ұсынған соң ғана танымал болды. Қазір Ярослав Качинский — «Құқық және әділеттік» партиясының төрағасы.

1972 жылы оңтүстіктегі Краков қаласында өмірге келген Анджей Дуда бала кезінде бойскаут болған және католик шіркеуінің хорына қатысқан. Елдегі ең көне оқу орындарының бірі — Краковтағы Ягеллон университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

2005 жылы «Құқық және әділеттік» партиясы билікке келгенде Анджей Дуда Польша әділет министрінің орынбасары еді. 2008 жылы президент Лех Качинскийдің көмекшісі болып тағайындалған Дуда 2011 жылы парламент мүшесі болды. 2014 жылы Еуропа парламентіне Польшадан депутат болып сайланды.

Биылғы президенттік сайлауда Анджей Дуданың жеңіске жетуі көп жылдан бері оппозицияда жүрген «Құқық және әділеттік» партиясы үшін үлкен жетістік. Сегіз жыл бойы билік құрған «Азаматтық платформа» партиясы – биылғы сайлауда жеңілген президент Бронислав Коморовскийдің одақтасы. Польша сыртқы істер министрі Гжегож Схетына TVP Info арнасына берген сұхбатында бұл партияның тағдыры қарашада өтетін парламенттік сайлауда шешілетінін айтты.

Рон Синовицтің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.