Астана. 4 шілде. Baq.kz – Білім саласына қатысты мына бір статистикаға үңілейік. Қазіргі таңда еліміздің білім беру мекемелерінде еңбек ететін қызметкерлердің, нақтырақ айтсақ, ұстаздардың 80-85 пайызы – әйелдер. Орта есеппен алғанда әр мектепте үш-төрт ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Сондай-ақ оқу-тәрбие мекемелері мен білім беру басқармалары басшыларының арасында да ер-азаматтар сирек кездеседі. Әсіресе, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары қызметінде де әйел мұғалімдердің қарасы қалың. Тіпті денешынықтыру, әскери тәрбие пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беретініне етіміз үйреніп қалды.
Нәзікжанды азаматшалар да саналы тәрбие, сапалы білім бере алатынын жоққа шығармаймыз. Алайда балалар мен жастар тәрбиесі тұрғысынан қарастырсақ, мұның өзі айтарлықтай олқылық екенін аңғаруға болады. Әсіресе балалар үшін әке қандай қажет болса, ер мұғалімдердің де сондай маңызы бар. Бұл құр далбаса айғай болып естілуде. Шынтуайтында, жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіру, Отанға деген сүйіспеншілікті дарыту, өмірдің қыр-сырын таныту – ұстаздар қауымының ерен еңбегінің жемісі. Ұстаз еңбегін ерекше бағалап, «ұстазсыз шәкірттің тұл екенін» мемлекеттік деңгейде жоғары көтеру кезек күттірмес мәселе болып тұр. Дегенмен «әйел бейнелі» салада ер мұғалімдердің жетіспеуін мектеп дөңгелек үстел деңгейінде ғана талқылауымыз қалай? Міне, осыны аңғарған педагогтер мен сергек ойлы азаматтар мектептерде ер мұғалімдердің санын көбейту жөнінде дабыл қағып, мәселе қозғап келеді. Дегенмен одан еш нәтиже шықпайтын сыңайлы.
Еркектің «Тәйт!» дегені жетіспей тұр
Нұркамал МҰХТАРХАН, ата-ана әрі ауыл мұғалімі:
– Ауыл мектебінде ұстаздық еткеніме он жылдың шамасы болды. Білім беру ордамызда ер мұғалімдердің саны өте аз. Олар денешынықтыру, алғашқы әскери дайындық, сызу сынды сабақтарды береді. Жолдасыммен қызметтеспін. Ол – аталмыш мектепте денешынықтыру сабағының мұғалімі. Тәжірибем көрсеткендей, балаларға білім һәм тәрбие беру үрдісіне ер адамдар ауадай қажет. Оқушыларға ілім-білім үйретуде нәзік жандылардың сөзі «өтпейді». Еркек кіндіктінің «Тәйт!» деген сөзі жетіспейді. Мектептерде босаңсып кеткен бала тәрбиесі олқылықтарын толтыруға да олардың тигізер септігі ұшан-теңіз. Еліміздің болашағын ойласақ, мектептердегі ер ұстаздардың санын көбейту керек. Оған отағасы үшін жанұясын асырауға жалақының аздығы, басқа да әлеуметтік мәселелердің айтарлықтай әсер еткені даусыз. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілсе дейсің. Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет екенін естен шығармасақ, бұл да бірте-бірте түзелері анық.
Бұдан шығатын қорытынды, бала тәрбиесіне ер-азаматтардың араласпауы дұрыс емес. Этнотәрбиемізге көз жүгіртсек, әйелдер ошақ басында болса, күйеулері сыртқы жұмыстарды істеп пайда тауып, отбасын асырайды. Сондықтан әйелдер, негізінен, үйде бала тәрбиесімен шұғылданады. Бірақ бұл ер-азаматтар балаларын тәрбиелеуден тыс қалады деген сөз емес. Отбасында «күйеуі – бас, әйелі – мойын» деген қанатты сөзді қаперге алсақ, мұның өзі бүкіл отбасы мүшелері әкесінің қабағына қарайды, әкесі айтқанын мүлтіксіз орындайтынын білдіреді. Сөйтіп, балалары әкесінің дегенін орындап, сөзіне құлақ асады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп халқымыз бекер айтпаған. Психологтердің айтуынша, бала әкесін, атасын мақтан тұтуға бейім болады.
Жүніс ҚАЖЫКІТОВ, балалар психологі:
– «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді қазақ. Қыз бала үшін де әке өнегесі, әке ақылы қажет. Қыз бала шешесімен сырлас. Солай болса да, әкесінің пікіріне именгіш, әке айтқанын мүлтіксіз орындауға бейім тұрады. Әке де қызын еркелетіп, мәпелеп өсіруге бейім болса да, қыздар әкенің айтқанын сөзсіз орындауды парыз деп сезінеді. Қазіргі заманда жағдай мүлде басқа. Шаңырағы шайқалған отбасыларда тәрбиеленген балалардың толық отбасыларда тәрбиеленгендердің психологиялық жағдайын салыстыруға келмес. Сондықтан әкесіз өскен бала тәрбиесін «түзетуде» ер мұғалімдердің орны бөлек. Енді мына жайтқа назар аударайық. Балалар екі-үш жасқа толмастан балабақшаға барады. Тәрбиешілер – қыз-келіншектер. Жеті жасқа толған соң мектеп табалдырығын аттайды. Пән ұстаздарынан бастап, мектеп директорына дейін – қыз-келіншектер. Тіпті сынып старосталары да – қыз оқушылар. Білім беру сапасы қаншалықты жақсы болғанмен, тәрбие жағы жұтаң болып қалатыны жасырын емес. Әсіресе ұл балалар әйел мұғалімдерден қаймықпайды. Бұл жайт «қыз мінезді» ұрпақ тәрбиелеп жатқанымыздың айғағы болса керек. Сондықтан болар, ұлдарымызды қыздардан айыра алмайтын халге жеттік. Балалар арасында корей фильмдеріндегідей шаш қоя беріп, қыздар сияқты киіну белең алуда. Бір сөзбен айтқанда, ер-азаматтарымыз мүмкін сырттай қарағанда мінез-құлқы әйелдерге ұқсап бара жатқандай. Тіпті ер-азаматтардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөз саптаулары, ой өрістері де әйелдерге ұқсайтын болды. Жастарымыздың бойында еркекке тән өжеттік, мәрттік, батылдық, кеңпейілділік, батырлық рухы әлсіреп бара жатқаны туралы пікірлер жиі айтылады. Ең сорақысы сол, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген «көгілдірлер» де шыға бастады.
Мектептерде ер мұғалімдердің аздығы қыз бала тәрбиесіне де теріс әсер етеді. Қыз бала да кәмелетке толғанша тек әйелдерден ғана білім, тәрбие алса, тек әйел затын ғана құрметтеуге бейімделіп, ұл балаларды ғана емес, ер-азаматтарды өзінен, әйелдерден төмен санайтын болады. Үйде әкесінің ақылын тыңдамай, анасының ғана айтқанын орындауға дағдыланады. Сөйтіп, қыз бойжетіп, тұрмыс құрғанда, жолдасына үстемдік етуге тырысады. Қазір қыз-келіншектердің ер-азаматтарды өзінен төмен санап, менсінбей, оларға ұрсып-зекіп немесе сынап-мінеп тұрғаны үйреншікті іске айналды. Осындай біржақты тәрбиенің зардабы аса күшті болатынын аңғарған педагогтер оқу-тәрбие орындарында ер-азаматтар мен әйелдердің үлес саны бірдей болуы тиіс деген мәселені қозғауы жайдан-жай емес.
Осындай пайымдаудан кейін, «Мектептерде ер мұғалімдер санын қалай көбейтеміз?» деген заңды сауал туындайды.
Нұрболат ТЕМІРОВ, Павлодар облыстық дарынды балаларға арналған көпсалалы лицей-мектебінің тарих пәнінің мұғалімі:
– Еңбек өтіліме – екі жыл. Ұжымымда 20-дан астам ұстаз бар. Олардың төртеуі ғана – ер. Олар – математика, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері. Негізі, еркек ұстаздар көп болса деген тілек бар. Жуырда Керекудегі Назарбаев зияткерлік мектебіне іріктеуден өтіп, жуырда бұл білім ордасында еңбек жолымды жалғастырмақпын. Алдын ала берілген мәліметтерге сүйенсек, бүгіннің өзінде аталмыш зияткерлік мектепке 20-дан астам ер мұғалім қабылданыпты. Ер мұғалімдердің санын көбейтудің кілті ынталандыру деп білемін. Үгіт-насихат та артық етпес. Олардың мектепке келгеннен «мансап баспалдағы» арқылы жоғары жетістіктерге жететініне көздері жетсе, мәселе шешіледі деп ойлаймын. Оған дәлел – жоғарыдағы мысал.
Бұл мәселе тек біздің елімізде ғана емес, Ресейде, Батыс Еуропа елдерінде шешімі қиын болып келеді. Ресейде мектептерде ер мұғалімдердің азаюының зардабы жөнінде 1960-1970 жылдардан бері педагогтер дабыл қағумен әлек. Психологтердің пікіріне сүйенсек, әйелдер бір сәттік, науқандық істерде қағылез болса, еркектер әр істің соңын, нәтижесін ойлауға бейім. Сондықтан еркектер әйелдерге қарағанда байсалды, баланың болашағына баса мән береді. Қазақстан мектептерінде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдап, ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орны болуы жөнінде де ұсыныстар айтылып жүр арамызда. 1950 жылдары Қазақстанда әйел мұғалімдер мүлде жетіспегені алдыңғы толқын ағаларға жақсы таныс. Осыған байланысты Алматыда қазақ қыз-келіншектеріне арналған педагогикалық институт – Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылғаны белгілі. Мұның нәтижесі – көз алдымызда.
Қазақ-түрік лицейлерінен үлгі алсақ…
Тағы бір ескеретін һәм қаперге алатын жайт бар. Жуырда ғана елімізде ашылғанына 20 жыл толған KATEV Халықаралық қоғамдық қорына қарасты қазақ-түрік лицейлерінің педагогикадағы озық тәжірибесін алайықшы. Қазіргі таңда Қазақстанда 28 қазақ-түрік лицейі бар. Осындай оқу ордалары оқушыларының соңғы бес жылдың белесінде халықаралық зияткерлік додалар мен ғылыми сайыстарда 220 алтын, 304 күміс, 421 медаль жеңіп алғаны әрбірімізді марқайтпайды емес пе?
Бақыт КӨБЕШОВА, Павлодар облысы, ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейі оқу ісінің меңгерушісі:
– Павлодардағы ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде еңбек ететін ұстаздар арасындағы ер мұғалімдердің үлес салмағы басым. Шамамен 70-75 пайызды құрайды. Қыздарға арналған оқу орындарында да ер ұстаздар әлдеқайда көп. Жалпы, ер мұғалімдердің білім мен тәрбие беруде маңызы зор. Себебі әйел мұғалім бірінші кезекте ана ғой. Табиғатынан жұмсақ келетіндіктен, ер адамдардың білім беру саласына көбірек араласқаны орынды. Қазіргі таңда KATEV Халықаралық қоғамдық қорында ер мұғалімдердің аздығы мәселесін шешу бойынша белгілі қадамдар жасалуда. Жұмысқа қабылдарда мұғалімдердің арасынан ерлерді қабылдауға мүмкіндік береміз. Мәселен, біз жоғары жетістіктерге ие болған ұл оқушыларды мұғалім болуға баулимыз. Сонымен қатар, мұғалім мамандығын игерген жас мамандарды Түркияға оқу курстарына жіберіп, мәселені шама-шарқынша шешудеміз.
Автор: Ақмарал ЕСІМХАН, Кереку