АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ер түріктің бесігі…

Түркістанда халықаралық бесінші Түркология конгресі өтті. Ұйымдастырған – Қожа Ахмет Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті. Конгресс «Мәдени ықпалдастық және өркениеттер бірлігі» деп аталды. Конгресті Йассауи атындағы халық­аралық қазақ-түрік университетінің пре­зиденті, техника ғылымдарының док­то­ры, профессор, академик Лесбек Тәші­мов қазақ және түрік тілдерінде кіріспе сөз­бен ашты. Одан соң жиналған ғылыми жұртшылықты осы университеттің өкілетті кеңесінің төрағасы, доктор, профессор Осман Хората (Түркия) құттықтады. Ғалым Надежда Алмадақованың сө­зіне қарағанда, дәл қазір Ресейдің Тү­мен облысының өзінде 40 мыңдай қазақ бар.

Сахадан келген ғалым Саргилана Его­рованың айтқанына қарағанда, ел 3 млн шаршы шақырымды алып жатыр. Ол ТМД аумағындағы ең суық аймақ. Онда 1 миллиондай халық тұрады. Соның 500 мыңдайы саха. Доктор Иса Йеганенің сөзі­не қарағанда, иран халқының 39 миллио­ны түркілер. Шыңжаң Ғылым академиясының докторы, профессор Ясин Құмарұлы «Ги­фон­нан бөрі тотеміне дейін» деген баянда­масында былай деді:
– Геродот (ІV ғ.) Исседондардың жо­ғары жағында аримаспи, яғни жалғыз көзді­лер тұрады. Ал олар тұрған жерде алтынды қорып жатқан грифон болады…. Еуропа­ның терістігіндегі жерлерде басқа әрқан­дай жерлерге қарағанда алтын мол. Тари­хи аңыздарға негізделгенде грифон Украи­на­дан Орта Азияға дейінгі скиф (сақ) даласын­да болған. Геродот жазғанындай, археология­лық деректерден сақ қабірлерінен алтын
молынан шығады. …Олар барлық бұйым­дарын алтынмен аптауға әуес. Сонымен бір­ге бұл алтын әшекейлердің арасында қанатты барыс немесе итқұс (грифон) кез­деседі. Бұл да алтын қорыған грифон екендігі, алтын бұйымдарды, қасиетті қа­бірді грифон қориды дегенді білдіреді. Де­мек, гректер басқадан естіген болса да Геродот дұрыс жазған. Осыған қараған­да, Геродот… осы өңірлерге келгені анық. Алтайдың алтын мекені екендігі тарих­тан көп айтылып, көп жазылып келе жатқан жайт. Тіпті оның «Алтай» деген аты да ал­тынмен байланысты деп қаралады. Бұ­лардан грифонның баба сақтарға және олардың ұрпақтары сақ, ғұндарға тән мәдениет құбылысы екендігін байқаймыз. … Грифонның сақтардың, ғұн, үйсін, қаң­лы, түркі және олардың ұрпақтарының бөрі тотеміне ұласатындығына… көз жеткізе аламыз, – дейді.

Ал «Зият Пресс» ғылыми-зерттеу ор­талығының директоры, филология ғы­лымдарының кандидаты, доцент Маргари­та Өмірбекова венгрлер (Мадияр) мен қазақ тілдеріне орталық заңдылықтар мен оларды зерттеу мәселесіне тереңірек тоқ­талды. Ол:
– Түркі тілдерінің грамматикасы және классификациясы Махмут Қашқари­дан басталады. Сол түркология ғылымы­ның негізіне сүйеніп, VІІ-ХVІ ғасырлар ескерткіштері мен түркі тобына кіретін ел­дердің ауыз әдебиеті негізіндегі зерттеу материалдар арқылы М.Томанов «Қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазған.  М.Томанов «Қазақ тілі түркі тілдерінің Ба­тыс Хун тармағының қыпшақ тілдік тай­палық бірлестігінің құрамында қалыпта­са бастаған. Барлық көне жазуда кездесе­тін, түркі тілінде кездесетін үндестік заңы кө­не жазбаларда қатаң сақталған» дейді. Түркі сөздерінің бірыңғай жуан не жіңішке болатынын Талас көне алфавитімен жа­зылған сөздерден көреміз. … Орта ғасырда өмір сүрген қыпшақтардың дүниетанымын­да шаманизм діні басым болған, сондық­тан олар Тәңірге, Күнге, Отқа табынған. Сол кезеңде белгілі бір діни рәсімдер өт­кізу үшін түркілер мен қыпшақтар балбал тас­тар орнатып, соған табынған. …ғұндар, түркі­лер, қыпшақтар өздері табынған балбал тас­тарды өз жерлерінің басқа елде шекаралас жерлеріне шартты белгі ретінде орнатқан, – деді.

Астанадағы Түркология академиясы­ның президенті, филология ғылымдары­ның докторы Шәкір Ыбыраев пен филоло­гия ғылымдарының докторы, професссор Қар­жаубай Сартқожаұлы маңызды мәсе­ле­нің шетін шығарды. Олар АҚШ-тағы үндістер­­дің түркітектестігі туралы дәлелдер келтірді.
Сонымен, Түркістанда өткен Түрко­логиялық конгресс шын мәнінде, түрколог ғалымдарының құрылтайы іспеттес өтті. Конгресс бірнеше күнге созылды. Ға­лымдар уақыттың тапшылығына қарамас­тан Отырардағы Арыстан бабқа, Түркістан­дағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне ба­рып, зиярат жасады, бабалар аруағына тағ­зым етті. Алыс-жақын елдерден келген түрко­лог ғалымдар Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа бауырлас халықты жақындастыра түсу үшін жасап жатқаны маңызы зор істері үшін шексіз алғыстарын айтты. Түркі халықтарының қадірлі қаласы Түркістанға ыстық ықыластарын білдірді. Мәдени ықпалдастықты нығайта түсуге белдерін бекем буды, өркениеттер бірлігін жаңа деңгейге көтеруге атсалысатындық­тарын айтып тарады.  Ендігі VІ конгресс Түркістанда 2015 жылы өтеді деп белгіленді.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы