АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЕРДОҒАН ЕШТЕҢЕНІ ЕЛЕЙТІН ЕМЕС

Үстіміздегі жылдың 30 нау­рызында Түркияда му­ниципалдық сайлау өтеді. Түркия азаматтары алдағы 5 жылға бас қалалар әкімдерін, қала әкімдерін, махаллелер мұтарларын (ауыл әкімдері), жергілікті өзін-өзі басқару органдарына – ауылдағы ақсақалдар алқасын сайлайды. Сонымен қатар жергілікті мәслихатқа да депутаттар сайланатын саяси науқанда үміткерлер 13 қаланың 50 депутатының қатарынан табылу үшін бәсекеге түседі. Бұған дейінгі сайлауларға қарағанда, бұл сайлаудың орны ерекше. Өйткені саяси мүдделер қақтығысы мен бәсекелестердің текетіресі кезінде премьер-министр Реджеп Тайип Ердоған бастаған АКР, яғни Әділет және даму партиясы өкілдеріне қарсы шабуыл жиілеген. Оның үстіне, алдыңғы сайлауларға қарағанда, бұл жолы Ердоған мен оның жақтастары былтырғы Таксим алаңындағы оқиға, 17 желтоқсан оқиғасы, жемқорлыққа қатысты мәселелер т.б. кесірінен беделіне нұқсан келтіріп алды.
Күні кешеге дейін саяси мәселелерде тізе қоса әрекет еткен Үкімет басшысы Тайип Ердоған мен түріктердің рухани көсемі Фетхуллах Гүлен арасындағы кикілжің арадағы ынтымақтастықты бұзды. Яғни бүгінде Ердоғанды сая­си алаңнан шетке шығаруға тырысатын бәсекелес партия­лар қатарына енді Гүленнің жамағаты қосылған. Сонымен қатар соңғы кездері сөз бостандығын шектеу мен еркін ақпарат алмасуға қатысты мәселелерде де Ердоғанды сын тезіне алғандар саны артты. Өткен аптада Ердоғанның ықпалымен, twitter әлеуметтік желісін жабуға Түркияның бас прокуратурасы шешім шығарған. Әлеуметтік желіні белсенді түрде пайдаланатындар наразылығы күн сайын күшейіп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропалық Одақ өкілдері twitter-ге шүйліккен Түркия үкіметін кінәлап, ресми мәлімдеме жасады. Ал аталған әлеуметтік желінің әкімшілігі Түркия билігін сотқа беретінін және түркиялық тұтынушыларының құқығын заң арқылы қорғайтынын айтты. Бірақ бұл наразылықты Ердоған ескерусіз қалдырды. Керісінше: «Еуропалық Одақ алдымен өзіне қатысты проблемаларын шешіп алсын»,– деді.
Өткен апта соңында Түркия шекарасын бұзып өткен сириялық әскери ұшақты түрік әскерилері аспанда жарып жіберді. Сайлаушылар алдында сөз сөйлеген Ердоған бұл ұшақтың әл-Каида лаңкестік ұйымына тиесілі екенін, сондықтан атып түсірілгенін айтты. Алайда, «азаматтардың патриоттық сезімін күшейту арқылы өзіне саяси ұпай жинауға тырысты» деп айыптаған бәсекелестері болса, құлатылған ұшақтың соңы екі ел арасындағы соғыс өртін тұтандыруы мүмкін екендігін көлденең тартты.
Қазір сайлау күні жақындаған сайын Түркияның күшеюін қаламайтын сыртқы күш те жа­нығып жатыр. Мәселен, аяқкиім қорабынан шыққан 30 миллион доллар, сая­си сахнадағылардың бірін-бірі жасырын құрылғылар арқылы тыңдауы, күрдтер көсемі Өжаланның бостандыққа шығуға талпынуы, елде кез келген ұйым мен атауларға «ТҮРІК» сөзін қолдануға тыйым салынуы т.б.
Биылғы сайлауда Түркияда тұ­ратын қазақтар, әсіресе, Стам­бұл­дың Зейтүнбұрны ауда­нындағы қандастарымыз аса белсенді. Бұған дейін дауыс беруші ретінде қатысса, енді үміткер ретінде тіркелгендері бар. Мәселен, Серкан Динчтүрік деген бауырымыз ұлтшылдық бағыттағы МНР партиясының атынан бақ сынамақ. Сонымен қатар билік басындағы АКР партиясының атынан да сайлауға қатысатындар да бар екен. Түркиядағы қазақтардың ғана емес, исі түркінің рухын күшейтіп, жігер берген «Домбыра» әнін Ердоғанның партиясы сайлауалды кампаниясына пайдалануы да Түркияда кәдімгідей шу болған. Бірі домбыраның түріктерге қатысы жоқтығын айтып, наразы болса, енді бірі қазақтар мен олардың ұлттық құндылықтарын тануға талпынды. Қазір сол «Домбыра» әнін – АКР, ал ВВР партиясы «Қара жорға» әнін пайдаланыпты.
Бұрынғы сайлауларда ба­сымдықпен әрі оңай жеңіске жетіп келген Ердоғанның жақтастарының басына бұлт үйірілді. Дауыс берушілер санын көбейтуге тырысып, елдің сеніміне қайта кіруге талпынған Ердоған бүгінде Стамбұлдағы сайлауалды кездесулерге тікұшақпен барса, ел ішіндегілеріне ұшақты пайдалануға мәжбүр. Өйткені бәсекелестері жағадан алған, ал уақыт тым тығыз.
Кейбір сарапшылар пікірінше, саяси беделіне нұқсан келгенмен, АКР тағы да жеңіске жетеді. Бірақ бұрынғыдай айқын басымдықпен емес, дауыс берушілер саны 40 пайыздың шамасымен шектелмек.

        Нәзия Жоямергенқызы
                        Түркия, Стамбұл 

http://www.turkystan.kz/