Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ президенті Барак Обамамен ресейлік Су-24 ұшағын атып түсіргеннен кейінгі шиеленісті бәсеңсіту қажеттігіне келісті.
Түркия президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ердоған мен Обама 24 қарашада ұшақтың атып түсірілуіне байланысты телефонмен сөйлескен. Обама АҚШ пен НАТО да Түркияның «өз егемендігін қорғау құқығын» қолдайтынын білдірген.
«Қос президент шиеленісті бәсеңсітудің маңызды екенін айтып, мұндай оқиғалардың қайталануының алдын алу шараларын жасауға уағдаласты» деді Ердоғанның баспасөз қызметі.
Ақ үй әзірге Обама мен Ердоғанның сөйлескеніне қатысты ақпарат таратпады.
24 қарашада Түркия «елдің әуе кеңістігін бірнеше рет бұзды, ескертуді елемеді» деп Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 әскери ұшағын атып түсірген. Ұшақ Сирия аумағына құлаған. Мәскеу ұшақтың Түркия әуе кеңістігіне кіргенін жоққа шығарып, «бір де бір рет ескерту жасалмағанын» мәлімдеген.
Ресей президенті Владимир Путин ұшақтың атып түсірілуін «қылмыс» әрі «ту сыртынан соққы жұмсау» деп атап, оқиға Ресей мен Түркияның қарым-қатынасына кері әсер ететінін мәлімдеген.
Ресей қазан айынан бері Сирия президенті Башар Асад үкіметімен соғысып жатқан «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы мен басқа да көтерілісшілерге қарсы шабуыл бастаған.
НАТО-ға мүше Түркия Асад билігіне қарсы және ол өткен жылдан бері АҚШ бастаған коалициямен бірге Сирия аумағында өткен жылдан бері ИМ-ге қарсы операцияларға қатысып келеді
http://www.azattyq.org/