АЛТЫНОРДА
Новости Караганды

«Ерінбеген етікші болады»

AryngazinovҚарағанды аяқ киім фабрикасы аяғынан тік тұра ала ма?

«Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» деген екен Алаш­тың Ахаңы – Ахмет Бай­тұрсынов… Біз бүгін отан­дық өнімді жаратайық деп жаһанға жар салып жатырмыз. Жөн. Ал енді, отандастарымыздың қолы­нан шыққан өнім олақ болса, оны кімге апарып тықпалап, жапсырғандайсың? Иә, отандық өнім «өзі құтты, өзі сүтті» дегендей, сапалы һәм әдемі болса, бағасы да көкейден шықса оны тұтынатын ел қашанда табылады. Яғни, Ахаңның сөзін сәл бұрмалап айтар болсақ «Сапа дейтін тауар болмаса, отандық өнім дейтұғын тұтынушы қайдан шықсын»…

Бір кездері жеңіл өнеркәсіп саласы дегенде Қарағанды аяқ киім фабрикасының тасы өрге домалаған заман болып еді. 1965 жылы фабриканың жылдық қуаттылығы 3 миллион жұп (!) аяқ киімге жеткен екен. Кәсіпорында екі жарым мыңнан астам адам еңбек етіпті. Сөйткен фабрика атышулы тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың қыспағына шыдас бере алмай, ақыры 1995 жылы жабылып тынған болатын…

Қирату – оңай, қайтадан қалпына келтіру – қиямет-қайым. Аты бар да заты жоқ аяқ киім фабрикасын қайтадан аяғынан тік тұрғызам деген кәсіпкер Серік Ыдырысұлы Таласбековтің жүрегінің түгі бар екен. Өзі бұл кәсіптің отымен кіріп, күлімен шыққан адам. Досы Ғосман Арынғазинов екеуі сонау 1982 жылдан осы мамандықтың қыр соңынан келеді…

2011 жылы фабриканы қайта түлетем деген ой келгенде алдымен кеңес заманынан келе жатқан байырғы мамандарды жатпай-тұрмай іздепті. «Іздеген жетер мұратқа» демеуші ме еді, жүгірген еңбегі зая кетпей, қол астына қолының ебі әлі кете қоймаған біраз маманды жинап алған. Бүгінгі күнде осы кәсіби етікшілер кәсіпорынның негізін құрайды. Оң қолы – цех бастығы Ғосман Арынғазинов, бас механик Владимир Терре, зертхана басшысы, модельер Морис Ахматханов, тігіншілер бригадирі Елена Шамшурина, пішушілер Нина Рунц, Ольга Буйло кезінде фабриканың мақтанышы болған. Ал бүгінгі күнде олар мол тәжірибесін жастармен бөлісіп жүрген тәлімгерлер.

Айтқанға бәрі оңай. Фабриканың өшкенін жағам деп жүргендегі алғашқы қадамын еске алса жүйке тамыры солқылдайды. Кәсіпорынға деп арнап алған үлкен цехтың қаңыраған төрт қабырғасы ғана болатын. Су, жарық дегенді атай көрмеңіз, қыл аяғы істен шыққан тігін машинасының өзі жоқ-тын

Қазір ғой, жүзге тарта адам жұмыс істейтін ұжымның қолында италиялық Dalong mashine фирмасының заманауи станоктары. Аяқ киім үлгісін пішуге лазерлі станокты пайдаланады. Әлбетте, бұл құрал-жабдықтың арзаны жоқ. Мысалы, Desma фирмасының тікелей табан құю станогының құны шамамен 1 млн. 200 мың еуро тұрады екен.

Бүгінгі таңда өндіріске жұмысшылар аяқ киімінің 30-ға тарта түрі енгізілген. Бұдан бөлек, күнделікті киетін туфли мен бәтеңкенің жиырмашақты моделі әзірленген. Бір қызығы, фабриканың әзірге тігетіні – ерлердің аяқ киімі. Бірақ, болашақта талғамы кірпияз әйелдер және балаларға арналған аяқ киім түрлерін де шығару жоспарда бар. Ал әзірге өнімнің басым бөлігі қыс мезгіліне арналған, аяғыңды сұқсаң жаның рахат табар жып-жылы етіктер…

Бүгінгі күнде кәсіпорынның бір ауысымда 800 жұп аяқ киімді жасап шығаруға мүмкіндігі бар. Бірақ, тапсырыстың аздығынан күніне 250-300 жұп аяқ киім тұтынушыға жол тартады. Шотқа қағып есептер болсақ, бұл дегеніңіз аса ірі өндірістік өңір үшін түкке де тұрмайтын көрсеткіш. Қазіргі уақытта арнайы жұмыс киімдері мен аяқ киімдерге деген сұраныстың жоғары екені рас. Бірақ, бұл жерде бір кілтипан бар: қазіргі алпауыт кәсіпорындардың көпшілігі әлі күнге дейін ескі дағдымен өзгенің арзан өніміне жүгіреді. Зер салып қарар болсаңыз, мемлекеттің қыруар қаржысы қыр асып жатыр. Ал өзіміздің өндірушілер тапсырыстың жоқтығынан зар илейді. Фабрика директоры Серік Таласбековтің «Біз біреуден көмек сұрап отырған жоқпыз, бізге жұмыс керек», деуінің астарында талай әңгіме жатыр. Ал біз болсақ, отандық өндірісті қолдайық деп өңеш жыртып ұрандатқанда алдымызға жан салмаймыз.

Дегенмен, «Шешінген судан тайынбас» деген бар. Қазір қарағандылық аяқ киім шеберлері тұтыну рыногын сапалы өніммен мойындатуды алдына мақсат етіп қойған. «Бүгінгі күні біз модельді аяқ киім үлгілерін әзірлеп қойдық. Бәсекеге қабілеттілігін шот­қа қағып, есебін шығардық, – дейді Серік Ыдырысұлы. – Біз негізінен сапаға мән береміз және табиғи материалдарды ғана пайдаланамыз. Біздегі бір жұп туфлидің бағасы 7-8 мың теңгенің шамасында болады. Ал басқаның дәл осындай аяқ киімі дүкендерде 18-25 мың теңгеден тұрады».

Ең бастысы, фабриканың басшысы Серік Таласбеков тұтынушы қауымның түптің-түбінде сапалыға жүгіретінін жақсы біледі. Қытай мен Беларусьтің, Ресей мен Украинаның бір киіп тастайтын арзан өнімін өзімізде тігілген былғары аяқ киімнің ерте ме, кеш пе сөрелерден ығыстырып шығаратынына да сенімді. Өйткені, ол басқарған кәсіпорын үнемі ізденіс үстінде. Әрбір аяқ киім моделі арнайы зертханада жасалады. Сәннен қалмау бір басқа, оның ортопедиялық, технологиялық және басқа ерекшеліктеріне де баса мән беріледі.

Өндіруші кәсіпорын үшін шикізаттың маңызы өте зор. Жеткізушілерге тәуелді болмау үшін фабрика өндірістік қуаты айына 500 мың дециметр тері өңдеуге жететін жекеменшік зау­ыт салып алды. Бұл дегеніңіз, кәсіпорын ірі қараның 15 тоннадан 25 тоннаға дейін терісін қабылдап, илеуге шамасы келеді деген сөз. Сонымен қатар, бұл жерде дайын өнімдерге арналған құрамдас бөлшектер де әзірленеді.

Фабриканың уақыттың талабына сай тынбай ізденуге деген құлшынысы қуантады. Бүгінде олар таза қолмен тігілетін аяқ киім өндірісін өрістетуді қолға алған. Сұраныстың көптігі сондай, кейде тапсырыстардан бас тар­туға тура келіп жатады. Себебі, қолы алтын шеберлер аз, көбіне үлгере бермейді.

Кейде өткенге орынсыз топырақ шашып жатамыз. Мәселен, кеңес заманында осы фабриканың жанында аяқ киім шеберлерін даярлайтын училище болды. Кадр тапшылығы деген ол кезде атымен жоқ еді. Ал қазір ше? Қарағанды тұрмақ, еліміз бойынша аяқ киім ісі шеберлерін даярлайтын басқа оқу орны бар ма екен, өзі? Егер жастарға өзінің білгенін үйретіп жүрген тәжірибелі мамандар болмаса, жеңіл өнеркәсіптің аяқ киім тігу сынды саласын дамыту жайындағы әңгімені жылы жауып қоюға болар еді…

Биыл «Қарағанды аяқ киім фабрикасы» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі «Қазақ­станның үздік тауары» өңірлік байқауында «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Қол жеткен табысқа тоқмейілсуге әсте болмайды. Сондықтан, сапаға және заманауи менеджментке иек артқан кәсіпорын енді жыл соңында республикалық деңгейде өтетін дәл осындай байқауда бақ сынап көрмек.

Ең бастысы, бұл жерде жұмысшылар 70-100 мың теңгенің аралығындағы еңбекақысын уақытылы және тұрақты түрде алып тұрады. Қазіргі қалыптасқан жағдайдың биігінен қарайтын болсақ, жекеменшік сектор үшін бұл дегеніңіз үлкен жетістік.

Иә, «Ерінбеген етікші болады» деген атам қазақ. Талғамы өсіп кеткен тұтынушы тұрғанда жұрттың көңілінен шығатын кебіс тігу оңай шаруа емес. Өнімің сапалы және бағасы қолжетімді болмаса – сөрелерде сіресіп тұрған шетелдің «жылтырағы» жұтып қоюға әзір. Бәсекенің заманы, әлдімен алысып, кеудеңді бастырмасаң ғана нарықтан өріс аласың. Қарағандылық аяқ киім шеберлері мұны жақсы біледі. Әзірге адымы аршынды емес шығар, бірақ құлшынысы – зор, мақсаты – айқын, арманы – асқақ.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.