АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ермек Күзенбаев: Бізде оқығандар әлемнің кез келген елінде жұмыс жасай алады»

ermek-kuzembaevӘлемдік стандарттарға сай кәсіптік техникалық білім беру бағытына еліміз енді ғана бет бұрды. Бұл – қажеттіліктен туған қадам. Өйткені, колледждері айтпағанда, жоғары оқу орнын бітірген мамандардың өзі еліміздегі ірі отандық, шетелдік компанияларда жұмыс істеуге білім-білігі жетпейтінін өмір көрсетіп жүр. Кейбірін жұмысқа алғанның өзінде компаниялар жас маманды өндіріске қайта оқытуға мәжбүр болады. Осы мәселені шешудің оңтайлы жолы – кәсіптік техникалық білімді әлемдік стандартқа көшіру болатын. Соған байланысты Елбасы «жақын уақытта әлемдік деңгейде білім беретін кемі екі колледж құруымыз керек» деп нақты тапсырма берген еді.

Бүгінде пилоттық жоба негізінде салынған жоғары кәсіптік техникалық мектеп Атырау қаласында жүздеген шәкіртті мұнай-газ саласы мамандықтарына оқытып жатыр. Әлемдік деңгейдегі алғашқы кәсіптік білім ордасы «АРЕС Petrotechnic жоғары техникалық мектебі» деген атау иеленген. Жақында біз осы мектептің директоры Ермек КҮЗЕНБАЕВҚА жолығып, арнайы сұхбаттасқан едік.

–Ермек Бақытұлы, бұл мектеп ашылғалы да екі жылдай уақыт болған екен. Бүгінгі жағдайларыңыз қалай, көздеген мақсат-мүдде тұрғысынан көрінуге мүмкіндіктеріңіз бар ма?

–Әлбетте. Құрылған күннен бастап, біз өз мақсатымызға сай жұмысымызды бастадық. Елімізде мұнай-газ саласында көптеген шетелдік, отандық компаниялар жұмыс жасайтыны белгілі. Солар бізге отандық кадрлардың талапқа сай болмайтындықтан мамандарды шетелдерден әкелуге мәжбүр болатындықтарын алға тартатын. Олар жергілікті жас мамандарды алғанның өзінде қайтадан оқытуларына тура келеді. Оған компанияның ақшасы жұмсалғанымен, айналып келгенде ол да еліміздің экономикасының ақшасы. Сонда біз бір адамды екі қайтара оқытып шығындаламыз. Осылардың бәрін ескере отырып Елбасымыз елімізде әлемдік стандарттарға сай техникалық және кәсіптік білім беретін мектептер ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырма негізінде 2013 жылы мектебіміз өз студенттерін қабылдады. Әлемдік деңгейдің басты мақсат етіп алғандықтан біздегі оқытушы құрам канадалық білікті мамандардан құралды. Шетелде арнайы біліктіліктен өткен жергілікті мұғалімдер де бар. Бірінші үш мамандық бойынша 300 оқушы қабылдадық. Оның біріншісі кен орнын пайдалану, екіншісі мұнай мен газды өндіру технологиясы және үшіншісі бақылау-өлшеу приборлары мен автоматтандыру технологиясы мамандары. Ал қазіргі уақытта осы үш мамандық бойынша 600 студент білім алып жатыр. Алдағы уақытта мұнайды химиялық өңдеу, бұрғылау технологиясы, бақылау-өлшеу құралдарының инжинирингі сияқты тағы үш мамандық ашылатын болады.

–Оқыту бағдарламаларыңыздың өзгешеліктеріне тоқтала кетсеңіз…

–Біздің оқыту бағдарламамыз жұмыс беруші компаниялар және Канададағы стратегиялық әріптесіміз «Сайт политехник» институтының мамандарымен бірлесіп әзірленген. Бізде мемлекеттік оқыту стандарты деген бар, ол бәрімізге ортақ. Ал білім беру технологиясы, әдістемесі, мазмұны біздің мектебімізде басқа. Оқу бағдарламалары модульдік негізде құрылған. Ол дегеніміз, мысалы мұнай-газ саласы компанияларында жаңа технология енгізілгенде, жалпы барлық өзгерістер мен жаңашылдықарға сай оқыту бағдарламалары іске қосылады. Компаниялардағы өндіріс технологиялары үнемі жетілдіріліп отыратынын да айта кеткен жөн. Біз сол жетілдірулерге ілесіп отырамыз. Жұмыс беруші компаниялармен арада индустриялдық кеңесіміз бар, осы кеңеспен оқыту бағдарламасының мазмұнын үнемі келісіп, талқылаймыз. Бұл кеңес бізге өндіріске енгізілген жаңа жүйе, технологиялық өзгеріске байланысты ұсыныстарын, пікірлерін айтады. Соған сәйкес біз оқыту модулдерін жаңа өзгеріске сәйкестендіреміз. Бізде студенттер тек қана ағылшын тілінде білім алады. Өйткені, мұнай-газ саласында негізінен қолданылатын тіл – ағылшын тілі.

–Сіздерге оқуға түсудің тәртібі қандай?

–Жаңа айтып өткенімдей, бізде тек қана ағылшын тілінде оқытылатындықтан үміткерлер арнайы емтихан, тест тапсырады. Жалпы ҰБТ-ның нәтижесі бойынша қабылдай алмаймыз. Біздің өзіміздің бағалау жүйеміз бар. Үміткерлер екі кезеңнен тұратын сынақтан өтеді. Бірінші кезеңде интернет арқылы онлайн емтихан тапсырады немесе кәсіптік бағдар беру жобасы бойынша біз әр облыс, аудандарға шығып мектеп бітірушілермен, мұғалімдермен кәсіптік техникалық мамандықтардың маңызын түсіндіру бағытында кездесу өткіземіз ғой, сондай кезде бізге сол жерден емтихан тапсыруға болады. Ал екінші кезеңде алғашқы сынақтан өткендер біздің жоғарғы техникалық мектеп базасында емтихан тапсырады. Оқу мерзімі екі жыл, он ай. Біздің мектеп арнайы жобада салынғандықтан материалдық-техникалық базамыз да талапқа сай. Арнайы салынған төрт жатақханамыз бар. Студенттер тегін оқытылады. Шетелден, еліміздің басқа өңірлерінен келетін мұғалімдерге де бөлек орын жай қарастырылған. Алла бұйыртса, 2016 жылы алғашқы түлектерімізді үлкен өмірге аттандырамыз.

–Қазіргі уақытта қанша компаниямен бірлесіп жұмыс жасап жатсыздар, олардың тарапынан демеушіліктер де жасала ма? Болашақта жұмыс табуға септігін тигізе ме?

–Қазіргі уақытта 18 компаниямен келісімшарт жасалған. Атап айтсақ, «Қазмұнайгаз», «ЕмбіМұнайГаз», «Атырау мұнай өндеу зауыты», «Теңізшевройл», «НСиОСи», «Шлюмбер» сияқты ірі компаниялар. Олармен жасалған келісімшарт бойынша студенттеріміз оқу барысында тікелей өндірісте арнайы тәжірибеден өтеді. Сондықтан оларды компанияға жұмысқа алғанда қайыра оқытудың қажеті жоқ. Тіпті, сол компаниялардағы еңбек қауіпсіздігі шарттары да арнайы оқытылатындықтан жұмыс беруші мұндай қысқа мерзімдік оқытуларға да уақытын жоғалтпайды. Бір сөзбен айтқанда, бізден шыққан мамандар өндіріске жүз пайыз дайын күйінде барады. Біздің оқу орнының негізі мақсаты да сол. Ал компаниялар, әлбетте, осындай дайын мамандар болғандықтан ең бірінші кезекте қажетті кадрларды бізден алуға тырысады. Қазіргі уақытта бірқатар компаниялар ақылы өндірістік тәжірибеден өтуге бірнеше студенттерімізді шақырып отыр. Олармен арнайы әңгімелесулер жүргізген болатын. Ақылы дем отырғаным, студенттер өндірісті тәжірибедегі жұмыс күндеріне сай еңбекақы алады.Бірқатарын болашақта жұмысқа тарту жөнінде де келісім жасасу үстінде. Жалпы, біздің оқу орнын бітіргендердің жұмысқа тұру мүмкіндігі анағұрлым жоғары. Енді демеушілік мәселесіне келетін болсақ, «Қазмұнайгаз» және тағы басқа компаниялардың демеушілігімен бізде 10 айлық қысқа оқу курстарын да оқыту жолға қойылған. Мұнда негізінен тұрмысы төмен отбасынан шыққан, көп балалы отбасы, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мұнай-газ саласында жұмыс жасайтын династия отбасылардың балалары оқиды. Бүгінде 160 бала қысқа курста мұнай-газ саласына қажетті мамандықтарды меңгеруде. Оны бітіргендерге де түрлі халықаралық стандарттарға сай және мемлекеттік үлгідегі сертификаттар беріледі.

–Мектептің мұғалімдері негізінен канадалықтар екен, ал сонда жергілікті мұғалімдер сіздерге қайдан келеді? Бізде кәсіптік техникалық бағытта тіл меңгерген мұғалімдер тапшы ғой…

–Дәл қазіргі уақытта бізде Канададан келген 21 нұсқаушы сабақ береді. Оларға жергілікті екі мұғалімнен бекітілген. Өзіміздің мұғалімдер әзірге тағылымдамадан өтушілер болып саналады. Олар өздерінің мамандықтары бойынша өзінің оқу жоспарын, оқу-әдістемелік құралдарын жасайды. Бұған қоса, Канадаға барып біліктілік курстарынан өтіп келді. Мұнда келгенде де біліктілік курстарынан өтіп отырады. Осылайша тағылымдамадан өту бағдарламасынан өткеннен кейін барып мұғалім мәртебесіне ие болады. Бүгінде жергілікті 8 мұғалім осы мәртебені иеленіп, өз беттерімен шетелдік инструкторларсыз сабақ беріп жатыр. Жалпы, осылайша екі-үш жыл көлемінде шетелдік мұғалімдерді толық жергілікті мамандармен алмастырамыз деген жоспарымыз бар. Шетелдік нұсқаушылар қасындағы жергілікті екі тағылымдамадан өтуші әрі кетсе үш жыл көлемінде барлық тағылымдамадан өтіп, шетелдіктердің деңгейіне көтерілуі тиіс. Бізден бітіргендерге екі диплом беріледі, бірінші «Сайт политехник» институтының халықаралық дипломы, екіншісі қазақстандық диплом болады. Түлектеріміз халықаралық дипломымен әлемнің кез келген елінде жұмыс жасай алады.

–Сіздердің оқыту-әдістемелеріңіз де біздегі басқа техникалық колледждермен салыстырғанда бөлек шығар?

–Бізде студенттер мемлекеттік тапсырыс негізінде оқытылып жатқандықтан оқуға түскен әрбір адамның қырларын ашуға, оқуға деген ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыруға баса көңіл бөлінеді. Өйткені, ешкімді мәжбүрлеп оқыта алмайсың. Сондықтан адамды ынталандыру керек. Оның өзі жаңа әдістемені қажет етеді. Мысалы бір күні топты бірге оқытса, келесі күні командаларға бөліп оқыту, одан соң топтың өзін үшке бөліп оқыту әдістемелерін қолдану тиімділігін байқатты. Адам жекелей оқығанда кейде жауапкершілікті төмендетіп, өзіне өзі жеңілдіктер жасауы әбден мүмкін. Ал командаларға бөлінгенде команданың намысын жер қылмау үшін өзіне қосымша жауапкершілік жүктеп оқиды. Команданы артқа тартудың өзі әр адамға ауыр тиетін жағдай. Сондықтан әр команда мүшесі, келесісінен төмендеп қалмау үшін білім ағанда өзінің бар мүмкіндігін тежемей жұмсайды. Біздегі командалардың білімін бағалау жүйесі де солай құрылған, егер бір мүшесінің көрсеткіші төмен болса, ол барлық команданың жетістігіне үлкен нұқсан келтіреді. Қазақта «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген сөз бар емес пе, сен үшін бүкіл команда төмендеп қалмасын десең, намысыңды жаны. Сондай-ақ бізде студенттердің қоғамдық белсенділігі де жоғары. Студенттік үкімет, парламент, білім министрлігі сияқты лауазымдар бойынша студенттер өз ішінде кәдімгідей қызмет атқарады. Түрлі мәселелерді шешіп отырады, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Студенттердің өздері арнайы құрған клубы бар. Осы клубқа өндірісте ұзақ жыл жұмыс жасап жатқан мамандарды шақырып кездесулер өткізеді, тәжірибелерін үйреніп, әңгімелерін тыңдайды. Мұның бәрі олардың болашақ мықты маман ретінде қалыптасуына айтарлықтай ықпал етері сөзсіз.

–Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға жеміс тілейміз!

Сұхбаттасқан Меңдолла ШАМҰРАТОВ

http://aynaline.kz/

Фота http://aynaline.kz/ сайтынан алынды