Астана. 10 тамыз. Baq.kz — Туған еліміз тәуелсіздік алғалы жиырма екі жыл жылжып өте шықты. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт. Десек те, осы аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанның ғасырға пара-пар жолдан өткені анық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан осы жылдарды Отан тарихындағы абыройлы да асқақ табыстарымен өрнектей алды. Төрткүл дүниенің төрт құбыласынан тұрақты дос, айнымас әріптес, сапарлас серіктер, қақысы бұзылмас көрші тапқан Қазақстан жаңа мыңжылдықтың ұлы көшінде керуен тартып келеді», – деген сөздерінен де осыны аңғарамыз. Азаттық бізге аспаннан түсе қалған жоқ. Ол дербес ел болу жолындағы күресте «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыздың қанымен, терімен келді.
Бұл орайда, Алаш қайраткерлерінің еліне сіңірген еңбегі тіпті өлшеусіз. Бүгінде олар жайлы жазылып жатыр. Біздің айтпағымыз басқа. Ұлттық тәуелсіздік, өзін-өзі басқару, құқықтық мемлекет принциптерін қазақ қоғамына енгізу, ағарту ісін жақсарту, тілді дамыту сияқты биік мұрат мен мақсаттар төңірегіне топтасқан, жаңару мен бостандық идеяларының нағыз жаршылары болған сол аяулыларымыздың есімдері еліміз тәуелсіздік алғанға дейін «жабулы қазан жабулы» күйінде жатты. Өйткені, Кеңес өкіметі Қазақ елінің ұлт-азаттық қозғалысына, оның белгілі қайраткерлеріне байланысты іс жүзінде ұлы державалық шовинистік саясат ұстанып, өзінің бар идеологиялық күш-қуатын ұлттық сананы тұншықтыруға бағыттады. Сол кезеңде, әсіресе, Қазақ елінің саяси қайраткерлерінің мұрасына көп қиянат жасалды.
Алаштың ұлы қайраткерлерінің бірі Әлімхан Ермековтің де осындай саясаттың құрбаны болғанына бүгін көз жеткізіп отырмыз. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін біздің елімізде оны білетіндер өте аз болды. Оның есімі Қазақ кеңес энциклопедиясына енгізілмеді, тарихшылар да ол туралы шындықты айта алмады. Тек математиктер ғана Қазақстандағы математика білімі мен ғылымы тарихын қарастырғанда Ә.Ермековті оқта-текте ауызға алатын. Сөз жоқ, бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған, қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор Ә.Ермековтің ғылым саласына сіңірген еңбегі өте зор. Оның ұстаздық жолын қысқаша шолар болсақ, ел игілігі жолында қыруар істер атқарғанына көз жеткіземіз. Ол 1935 жылы қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» атты кітаптың бірінші бөлімін, 1936 жылы ұстаздық тәжірбиесі негізінде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін, ал 1937 жылы «Детерминант теориясының элементтері» деп аталатын еңбегін жазды. Өкінішке қарай, 1938 жылы «халық жауы» атанып, тұтқындалуына байланысты оның өңделіп, баспаға тапсырылған «Ұлы математика курсы» кітабының 2-бөлімі жоғалып кетті, дайындаған докторлық жұмысы аяқталмай қалды.
Ә.Ермеков 1921-1922 жылдары Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен педагогикалық техникумды (қазір Саран педколледжі) ашуға тікелей басшылық жасаған. 1926 жылы біржола оқытушылық қызметке ауысқаннан кейін, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі тұңғыш қазақ педагогикалық институтының жоғары математика кафедрасының оқытушысы, кейін жаратылыстану-математика факультетінің деканы, 1928-1930 жылдары Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде математика кафедрасының доценті, 1930-1936 жылдары Қазақ мемлекеттік зоотехникалық-малдәрігерлік институтының доценті әрі профессоры және математика кафедрасының меңгерушісі міндеттерін атқарды. 1936-1938 жылдары Қазақ кен-металлургиялық институтында математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі міндетін жалпытехникалық факультеттің деканы қызметіне қоса атқарды. 1938 жылдың басында Куйбышевтің (қазіргі Самара) жоспарлау институтында математика және математикалық статистика кафедрасының меңгерушісі әрі профессоры болып қызмет істеді. 1947-1948 оқу жылдарында Шымкент технология институтының математика кафедрасының меңгерушісі, ал 1958 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды политехникалық институтының жоғары математика кафедрасында аға оқытушы болды.
Десек те, оны халық құрметіне бөлеген осы ұстаздық қызметі ғана дей алмаймыз. Сан қырлы азаматтың Алаш арыстарымен иық тірестіре жүріп атқарған істері де ұшан-теңіз. Әлімхан Ермековтің халықтың қамын ойлаған қайраткер ретінде жарқырай көрінген кезі 1917 жылдар еді. Том тау-кен институтындағы оқуын аяқтамай жатып, Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысқа араласып кеткен оның негізгі саяси қызметі Семей қаласымен тікелей байланысты болды. Облыстық және уездік қазақ съездерін өткізуге өз үлесін қосып, алғашында облыстық Қазақ комитетінде, кейіннен облыстық атқару комитетінде қызмет істеген ол өлкедегі саяси-әлеуметтік, мәдени мәселелерді шешу бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Сол бір алмағайып заманда қарусыз қазақтардың қырылуына жол бермей, аш-жалаңаш елге қаржылай көмек беру туралы мәселе көтергендердің бірі де осы Ә.Ермеков еді.
Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының Қазақстандағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешу жолдарын анықтауда ұлттық тұтастық пен халықтық бірлік принциптеріне сүйенгені тарихтан белгілі. Мұндай бағыт, әлбетте, аталған мәселелерді шешуде таптық принциптер мен пролетариат диктатурасын негізге алған большевиктер саясатымен үйлеспеді. Сондықтан да Алаш көсемдері мен Алашорда өкіметінің басшылығы 1917 жылғы Қазан төңкерісінің ұрандарын, Кеңес өкіметінің идеялары мен нақтылы іс-әрекеттерін қабылдамады және оларға қарсы шықты. Алашорданың азамат соғысы жылдарында (1918-1920 ж.ж.) Кеңес өкіметіне қарсы күштермен одақтас болуының бір себебі де осында. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш пен Алашорданы тарих сахнасынан кетіріп тынды, оның қатарында болғандарды, тілеулестерін қуғын-сүргінге ұшыратты. Ә.Ермековтің де жиырма бес жыл өмірі қуғын-сүргінде, оның ішінде он сегіз жылы өзі белсене қатынасып құрған мемлекет түрмелерінде өтті. Бірақ, ол қай уақытта да өзінің азаматтық ұстанымынан айныған жоқ. Ұлтына адал қызмет етуді өмірінің басты мұраты санап, сол жолда бәріне төзді, бәріне көнді.
Қырревком 1920 жылдың маусымында Қазақ Кеңестік автономиясын құру туралы жобаға байланысты РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариатына «Қырғыз өлкесінің территориясы мен шекарасы» деген құжатты ұсынды. Осыған байланысты РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариаты мен Қырревкомның кейбір мүшелері «Қазақ өлкесінің шекарасын» анықтау барысында өздерінің ерекше пікірлерін білдірді. Олар қазақтың байырғы жерлерін бір ғана Қырғыз (Қазақ) автономиясына беру мүмкін еместігін, бұлай істеу тек буржуазиялық ұлтшылдардың күшеюі мен билігінің кеңеюіне әкеп соқтыратынын алға тартып, Қазақ республикасынан Орал облысының Гурьев, Лбищенск және Орал уездерін, Торғай облысынан Қостанай уезін, Ақмола облысының Петропавл, Омбы, Көкшетау уездерін мүлдем шығарып тастауды ұсынды. Мұндай қадамға ашық қарсылық білдіргендердің бірі Ә.Ермеков болды. Сөйтіп, 1920 жылы көктемде «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы уақытша ережеге» сәйкес Семей мен Ақмола губревкомдарын біріктіру қолға алынды.
Ә.Ермеков 1920 жылы Семей облысының губерниялық комитетінің уәкілі болып сайланып, сәуірде Қырәскериревкомның атынан Омбы қаласына жолсапарға аттанады. Мұнда ол Сібревком алдында «Семей губерниясындағы жалпы жағдай және қырғыздар» жайлы баяндама жасайды. Ол кезде Орынбор Қырәскериревкомның уақытша орталығы еді. Мамыр айының басында ол Орынбор қаласына келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Мәскеу 1920 жылдың 4 маусымында Қырғыз әскери және Орынбор губерниялық атқару комитеттерімен келісе отырып, Орынбор губерниясын Қазақстанға қосу туралы шешім қабылдады. Ондағы мақсат Орынбор қаласындағы жұмысшылар мен тәжірибелі кеңес мамандарын болашақ республиканың қызметіне араластыру еді. Сол сияқты, Орынбордан өтетін темір жолдың Қазақстанды Орал, Поволжье және Орталық Ресеймен экономикалық жағынан байланыстыруға қолайлылығы да ескерілді. 1920 жылы 7 шілдеде Орынбор мен Торғай губерниялары біріктіріліп, Қазақстанның құрамындағы бір губерния болып бекітілді.
Орынборда Ә.Ермеков Семей мен Ақмоланың Қырәскериревкомы құрамына қайтарылуы жөнінде мәселе көтерді. Осы жайында ол өзінің естелігінде былай деп жазады: «Бұл Қазақ автономиясының құрылмаған кезі болатын. Баяндамамда мен азамат соғысының аяқталуына байланысты Семей мен Ақмола облыстарын енді Қырәскериревкомның қарамағына қайтару керектігін атап өттім. Және осы мәселені талқылау кезінде болашақ автономиялық республика құру және оның шекарасын белгілеуге байланысты мәселелерді шешу қажеттігіне назар аудардым». Осыдан кейін Ә.Ермеков Семей мен Ақмоланың Қырәскериревкомға енуі жөнінде үлкен жауапты жұмысты жүзеге асыру үшін Қырәскериревкомның 1920 жылғы 18 мамырдағы қаулысына сәйкес жаңадан құрылуға тиіс «Қазақ АКСР-нің жалпы жағдайы және оның шекара мәселесі» жөнінде баяндама жасау үшін 2043 нөмірлі мандатпен Мәскеуге аттанады.
Ә.Ермеков Омбы, Орынбор, кейін Мәскеуде жасаған баяндамаларында Қазақстандағы жер мәселесінің тығырыққа тіреліп тұрғандығын баса айтты. Өйткені, патша өкіметі тұсында қазақтың өзен-көлдері, жайқалған орман-тоғайлары мен құнарлы қара топырақты жерлері тұрғылықты халықтан тартып алынып, Ертіс, Жайық сияқты өзендердің бойындағы он шақырымдық алқап кейін 70 шақырымға дейін созылып, бұл жерлерге қазақ қыстау салмасын, егін екпесін деген жарлықтармен жергілікті тұрғындардың көшіп-қонуына тыйым салынған болатын.
Большевиктер де осы саясатты жалғастыра түсті. Түркістан кеңес республикасына (1918 ж.) Орта Азияның басқа өңірлерімен бірге Қазақстанның екі оңтүстік облыстары – Жетісу, Сырдария облыстары кірді. Басқа жерлер әкімшілік жағынан бытыраңқы болып, РКФСР-дің әртүрлі губерниялық кеңестеріне ауысты, солтүстік-шығыстағы Ақмола, Семей облыстары орталығы Омбыда болған Батыс Сібір өлкесіне бағынды. Торғай облысы Орынбор губерниялық кеңесіне қарады. Бөкей облысы Астрахань губерниясының қол астында қалды.
Ә. Ермеков 1920 жылы көктемде Орынборда жасаған баяндамасында Ертіс, Жайық өзендері бойындағы он шақырымдық алқаптарды оны атам заманнан бері иеленіп келе жатқан қазақтардың меншігінде қалдыру жөнінде ұсыныс жасады. Мұның болашақта қазақтарды жерге орналастыру мәселесін оңтайлы шешуге игі ықпалы болатынын нақты деректермен дәлелдеуге тырысты. Қазақтарды жерге орналастырғанда, аудандардың табиғат жағдайы мен шаруашылық түрлері және басқа да көршілермен қатынастары ескерілу керек деген ой айтты. Сонымен бірге, қазақ жерге орналасқанша, орталық аймақтардан көшіп-қонуды тоқтата тұру туралы маңызды ұсыныс жасады. Кейін осы ұсынысын ол В.Лениннің басшылығымен Мәскеуде Қазақстанға байланысты мәселе талқылаған Бүкілресейлік Орталық АК және Совнаркомның мәжілістерінде де қайталады.
Осы арада айта кететін бір жайт, Қазақ өлкесін басқару және оның Ресей Федерациясымен шекарасы туралы мәселе жеңіл шешіле қойған жоқ. Оның төңірегінде көп айтыс-тартыстар болды. Ол үшін бұл мәселенің 1920 жылғы 9-10 тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы жанында барлық мүдделі мекемелер мен ведомстволардың өкілдерінің қатысуымен талқыланып, еш нәтижесіз аяқталғанын айтсақ та жеткілікті. Екі күнге созылған бұл мәжілісте болашақ Қазақ автономиясының территориясына байланысты нақты шешім қабылданбай, бұл жұмыс 12-14 тамыздағы мәжілістерде қайта қаралатын болды. Ақыры болашақ Қазақ автономиялық республикасын құру және оның шекарасын белгілеуге байланысты мәселе 17 тамызда В.Лениннің төрағалығымен өтетін БОАК мен ХКК-нің біріккен отырысында талқыланды.
Бұрын В.Ленинмен телефон арқылы сөйлесіп (1918 ж. наурыз) таныс болған Ә.Ермеков енді оның алдында баяндама жасау мүмкіндігіне ие болады. Ә.Ермеков бүкіл өміріне өшпес із қалдырған осы оқиға жайында өз қолымен естелік жазып қалдырған. Бұл қолжазба бүгінде оның ұлы, марқұм Мағауия Ермековтің, журналист-жазушы Нөгербек Мағзұмұлының жеке архивтерінде сақтаулы. Ермеков сол жолғы баяндамасында Қазақ өлкесінің жалпы жағдайына тоқтала келіп, орыс помещиктеріне, алпауыттарына әперілген Каспий теңізі теріскей жағасындағы ұзындығы 70-80 шақырымға, Нарын құмына дейін созылған шаруашылыққа тиімді шығанақ-бұғазды, басқаша айтқанда, Столыпиннің мемлекеттік думада «Қазақ жерін игеру» деуінен кейін «Миллионный фонд» – деп аталған өңірді және Ертістің қазақ жерінде ағатын өне бойының екі жағын, он шақырымнан қатарластыра кесіп алып, сібірлік казак-орыстарға тартып әперген жерлерді болашақ Қазақ республикасына қосу керек дейді. Ол сонымен бірге, Солтүстік, Орталық уездерді жайлаған әр түрлі ұлттардың арасында алауыздық, шиеленіс туғызбау үшін, жергілікті ұлт өкілдерін дұрыстап жерге орналастырғанша Ресейден жаңа қоныстанушыларды көшіруді тоқтата тұрудың қажеттілігін айтып, осы мәселеге байланысты арнаулы қаулы қабылдауды ұсынады.
Ә.Ермеков Каспий-Атырау жағасындағы Астрахань жақ алаптағы бұғаз-шығанаққа ойысып, бұл аймақты болашақ Қазақ автономиясына қосу мәселесін көтергенде Ш.З.Элиава, Н.П.Брюханов, Н.Н.Крестинский сынды партияның сол кездегі көрнекті қайраткерлері және Астрахань губаткомының төрағасы ашық қарсы шығады. Бұл жерлердің қалайда Ресей құрамында қалуын көздеген олар: «…қазір Ресейде аштық әлі өршіп тұр. Атыраудың балығы астанамызға – Мәскеуге, Петроградқа қажетті азық-түлік. Сондықтан, бұл алқапты РКФСР-де қалдыру керек» – дегенді айтады. Ә. Ермеков: «…аймақта тұратын халықтың көпшілігін қазақтар құрайды. Бұлардың негізгі кәсіптерінің бірі балық аулау. Табыс табу үшін бұрын жалданатын, егер бұл жағалау енді өз иеліктеріне көшсе, орталыққа беретін өнімді екі, үш есе арттырады», – деп оларға қарсы уәж айтады.
Ә. Ермеков осы отырыстардың барысында Каспий теңізінің солтүстік Нарын құмы жағалауын Астрахань губерниясынан қайтару мәселесін де көтереді. Оған біраз адам қарсы шығады. Сөйтіп, үлкен дау туады. Талас қызған кезде В.Ленин: «Қай халық көп болса, соған берілсін» – деп төрелік айтқан екен. Бүгіндері республикамыздың батысында орналасқан Атырау облысының Теңіз ауданындағы Ганюшкино, Забурение, Жанбай сияқты елді мекендер халыққа жайлы қоныс болса, ал Каспийдің табиғи байлығы күнкөрістің қайнар көзіне айналса, бұл Ә.Ермеков сияқты қазақ зиялыларының Қазақстанның территориялық тұтастығы үшін күрестегі жеңісінің жемісі екені даусыз. Әлімхан Ермековтің көп адамдар әлі кеңестік жаңа мемлекеттің тізгін-шылбырын қалай ұстауды жете біле қоймаған кезде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов сынды Алаш арыстарымен бірге осындай тарихи істерге араласуы оның тұлғалық қасиеттерін аша түсері анық.
1920 жылы 26 тамызда РКФСР Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі Калинин мен Ленин қол қойған, РКФСР құрамында, астанасы Орынбор қаласында болатын «Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік республикасын құру туралы» декреті жарық көрді. Осы жерде тоқтала кететін бір мәселе – осы декреттің 11-бабында Семей мен Ақмола губерниялары «Қырғыз Республикасының Орталық органдары түпкілікті ұйымдастырылғанға дейін Сібір ревкомының құрамында қалады», – деп көрсетілген. Сол кезеңде қуаңшылық Ресейдің 28 губерниясын қамтығанда, егін бітік шыққан Ақмола мен Семей губерниясын алып қалудың да өзіндік бір сыры – 1920 жылғы санақ бойынша 2.070.676 халқы бар, аумағы ұлан-ғайыр, Омбыға дейін темір жол мен су жолдары қамтамасыз етілген шұрайлы жерден бірден айырылғысы келмегенін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивтеріндегі құжаттар куәландырады. Ә.Ермеков бастаған келіссөз жүргізушілер аталған губерниялардың шекараларын айқындау, осы территориядағы мекемелердің мүлкі, құрал-жабдықтары мен қаражат мәселесін шешуде бірден келісімге келе алмай, Мәскеуге бірнеше рет шағымданады.
Ақмола, Семей облыстарының Сібревком қарамағынан алынып, Қазақстанға қосылуы оңайға түскен жоқ. Сібревкомның кейбір мүшелері бұл мәселеге қарсы шықты. Тек 1920 жылдың екінші жартысында олар Қазақстанмен арадағы шекараны анықтау мәселесін мекемелер мен ведомстволар кеңесінде бес рет қараған. Бұл мәселе, тіпті, Қазақ АКСР-нің құрылуы туралы декрет шыққаннан кейін де өз шешімін таппады. 1921 жылы ақпан айында Қазақ өкіметі мен Сібревкомнан он адамнан тұратын төтенше комиссия тағайындалды. Комиссия отырыстарында бұл мәселе РК(б)П ОК-де 1922 жылы ақпан, мамыр айларында, ал БОАК-де 1922 жылғы қаңтар және ақпан айларында талқыланды.
Семей губерниясы Қазақстанға ресми түрде 1921 жылы мамыр айында қосылғанымен, іс жүзінде шекара мәселесіндегі даулар 1922 жылы да жүріп жатты. Соның біреуіне тоқталсақ, Ресей өз тарапынан Павлодар уезіндегі тұзды көлдер ауданын әкімшілік жағынан Қырғыз (Қазақ) Республикасына қарағанымен, шаруашылыққа пайдалану жағынан Сібревкомның қарамағында қалады деп 1922 жылы 12 қаңтардағы қаулысында өз пайдаларына шешеді. Мәскеуден келген мына жеделхат осы мәселеге соңғы нүкте қойғандай: онда «БОАК-нің 12-26 қаңтардағы қаулысына сәйкес Павлодар уезіндегі тұзды көлдер ауданы шаруашылық және әкімшілік жағынан Есілкөл станциясы Қырғыз республикасының иелігінде қалдырылады» делінген.
1924 жылы Семей губерниялық жоспарлау комитетіндегі қызметін атқара жүріп, Ә.Ермеков сол кезге дейін әлі шешімін таппаған жер мәселесімен үнемі айналысады. Осылай ол қабылданып қойған декреттердегі қаулыларды жүзеге асыру жөніндегі шараларды орындамаған кейбір жауапты қызметкерлерге тойтарыс беріп отырды. Ол былай тұрсын, жекелеген уездерді, тіпті губернияларды республика құрамынан шығаруға әрекет жасалды. Мәселен, Орал губерниялық партия комитеті 1921 жылғы маусым айында Жайықтың сол жағалауындағы 10 шақырымдық өңірді қайтару туралы декретке наразылық білдіріп, Орал облысын Қаз АКСР-інен бөлу туралы орталыққа өтініш жасауға шешім қабылдады. Алайда, партияның Орталық Комитеті мұндай өтінішті қабылдамады, ал РКП(б) Қырғыз облыстық комитетінің Төралқасы губкомның көзқарасын саяси соқырлық деп айыптады.
1924 жылы Алтай губерниясындағы қазақ тұрғындары тығыз орналасқан Коростелов даласы төңірегінде дау туды. Осы дауды шешу үшін Ә.Ермеков пен Ә.Досов екеуі 1924 жылдың 2 қазанынан 1 қарашаға дейін, ал 1925 жылдың 3-16 ақпаны арасында жеке өзі Мәскеу қаласында Алтай мен Семей губернияларының шекарасын анықтауға байланысты құрылған комиссияға кеңесші болып, осы күрделі мәселені шешіп қайтады.
Мәскеуде Қырревкомның өзге мүшелерімен араласа жүріп, Ә.Ермеков өзін іскер, алғыр, жан-жақты білімді, мәдениетті қайраткер ретінде көрсетеді. Ол Қырревком мүшесі әрі алқа төрағасы болып сайланды. Сол кезде оның жетекшілігімен өлке тарихында орасан зор шаралар жүзеге асты. Ол Республиканың саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне белсене араласты. Губревком, кейін Қазревком мүшесі әрі алқа төрағасы, жоспарлау басқармасы мен өнеркәсіп саласындағы қызметтерінде жүріп, кеңес өкіметі мекемелерін жергілікті халықтарды өмір жағдайына бейімдеу арқылы қазақтардың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық жағдайын орыс шаруаларының жағдайымен теңестіруге, жергілікті халықтардың кеңес өкіметі мен мемлекет өміріне белсене араласуына кең мүмкіндіктер туғызуға, орыс шаруалары мен казактардың қолындағы көшпелі халықтардың атақоныс мекендерінің қайтарылуына күш салды.
Алайда, оның осындай белсенділігі, халқына деген жанашырлығы өзіне соққы болып тиді. Ә.Ермеков және оның серіктері туралы ақиқат олар ақталғаннан кейін де айтылған жоқ. Қарағанды тау-кен институтына жұмысқа орналасқаннан кейін өзінің профессорлық, тіпті, доценттік атақтарын қайтарып алу туралы жазған арызы аяқсыз қалды. Сөйтіп, Ә.Ермеков шындықтың түбіне жете алмай кетті. Әлімхан Ермековке және оның серіктеріне жабылған саяси жаланың жалғандығын тарих өзі дәлелдеп берді, енді оларды қалай ардақтаймыз және қастерлейміз десек те жол ашылды. Сонымен, жоғарыда айтылғандардан Ә.Ермековтің өмірі мен қызметі қазақ халқының тұтас ұрпақтарын отансүйгіштікке, азаматтыққа және абзал қасиеттерге баулуға негіз бола алады деп ой түюге болады. Сондықтан, оның болашақ Қазақстан Республикасының негізін құрудағы және оның шекарасын анықтаудағы еңбегі ескеріліп, Астана, Алматы тәрізді ірі қалаларда көшелерге аты берілсе, ол тұрған, қызмет еткен қалаларда мүсіндері орнатылса артық болмас еді. Сол сияқты, Ә.Ермековтің ірі ғалым-математик, талантты қоғам қайраткері екенін, Қазақстанның жоғары оқу орындарының дамуына қосқан еңбектерін ескере отырып, туған өлкесінде орналасқан Сарыарқаның жетекші жоғары оқу орындарының бірі, кезінде ол еңбек еткен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне (ҚарМТУ) осы бабамыздың аты берілсе, ол да орынды болар еді. Қазақстанның жоғары оқу орындарында математика факультеттерінде оқитын үздік студенттерге оның есімімен аталатын стипендиялар тағайындалса нұр үстіне нұр болар еді.
Туған халқына қалтықсыз қызмет еткен «алыптар тобының» өкілі, Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрес майданына шыққан «Алаш» қозғалысының көшбасшыларының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері әрі ғалым, әрі ұстаз, белгілі ағартушы Әлімхан Ермековтің есімін ел есінде қалдыруға бағытталған осындай игі істер шешімін тауып жатса, Қазақ елінің рухы асқақтап, жаңа қоғамымыздың бүгінгі мен келешек өскелең ұрпағының рухани өсіп-өнуіне, дамуына игі ықпал етері айдан анық.
Қанат ӨСКЕМБАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,
Жәнібек ӘЛИМАН,
журналист.
ҚАРАҒАНДЫ.