Былтыр жыл аяғында Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Астана – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының жабылуы рәсімінде елордамыз эстафетаны Түркияның Эскишехир қаласына тапсырған болатын. Өткен аптада ТҮРКСОЙ ұйымы мен қала губернаторының шақыруымен Түркі әлемінің мәдени астанасын арнайы аралап қайтқан едік.
Түркі тілдес елдердің журналистерін Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Асқар Тұрғанбаев әуелі Эскишехир туралы негізгі мәліметтермен таныстырды. Түркияның солтүстік-батысында, Порсук өзенінің жағалауында орналасқан Эскишехир – атынан белгілі болып тұрғандай, «көне қала» деген мағына береді. ХІV ғасырға дейін жас Осман империясының астанасы болған. Түркі мәдениетінің ортақ ақын Юнес Эмре мен күлдіргі әңгімелердің кейіпкері Қожа Насырдың отаны. Халқының саны – 750 мың. Бүгінгі таңда дәулеті шалқыған байлығымен, ұлысты ұйыстырған ынтымағымен аты шығып отыр. Экономикасы мен әлеуметтік жағдайы, мәдениеті мен білімі қарыштап дамыған үлкен орталық саналады. Сұлулығы көз тартатын, қолөнер шеберлері еріксіз таңдай қақтыратын киелі мекен мен Анкараның арасы жеңіл көлікпен үш сағаттық жер екен. Шаһарға кіре берісте бізді жол полициясы мен гид мамандар күтіп алып, бірден археологиялық мұражайға алып барды. Мұнда қойылған заттардың барлығы тікелей қала тарихымен байланысты. Осман империясы кезінде тұтынылған бұйымдар мен қару-жарақ түрлері, сондай-ақ әшекей бұйымдарды көптеп кездестіруге болады. Алтын-күмістен жасалған сырға-сақиналармен қатар, ұқыпты шебердің қолынан шыққан қыш ыдыстар қала тұрғындарының 5-6 ғасыр бұрын өркениет ауылынан алыс болмағанын көрсетеді. Құнды жәдігерлердің басым бөлігі тас табыттардың ішінен, кейбірі жанынан табылыпты. Мұражайдың іші-сырты – толы жүрегіңді дір еткізетін бейіт белгілері. Олардың беттеріне әртүрлі таңба басылған. Кейбіріне аң-құстардың бейнесі қашалыпты. Бір күн бұрын Анкара қаласындағы Ататүрік мұражайында суретке түсіруге мүлде рұқсат берілмеген. Ал Эскешехирде келушілерге мұндай тыйым салынбайтын көрінеді. Тарихи-археологиялық деректерге қаныққан соң, қала губернаторы Кадир Кочдэмирдің қабылдауында болдық. Шаһар басшысы «Эскишехир – 2013. Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу рәсіміне қызу дайындалып жатқанын, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында үлкен шаралар өтетінін жеткізді. «Эскишехир – 2013. Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылын жоғары дәрежеде өткізу мақсатында арнайы агенттік құрылыпты. Ай сайын «Той» журналы жарық көріп, онда атқарылған шаруалар жарияланып отырады. Эскишехир қаласының қадірлі қонақтарға ұсынатын ұлттық тағамдары біздің назарымызды ерекше аударды. Губернатордан білгеніміздей, 1783 жылы Қара теңіз бойындағы Қырым татарларын Осман империясына жер аударады. Тұтқынға алынғандардың барлығы Эскишехир аумағына орналастырылады. Олар осы жерде өздерінің ұлттық тағамдары «чибурекиді» жиі әзірлеп, кең таратып жібереді. Нәтижесінде, түрік ұлттық асханасының негізін қалаушы Дюндар Денизер көптеген зерттеулер жүргізіп, ақыры 2012 жылы 17 наурызда «чибуреки» Эскишехир қаласының ұлттық тағамы болып бекітіледі. Ту биені әп-сәтте жығып, қазанға салып, ат үстінен табақ тартатын біздің халық үшін түскі асқа екі «чибуреки» ұсыну тосын көрінері сөзсіз. Сонымен, журналистер тобы губернатордың қабылдауынан шыққаннан кейін түрік халқының атақты ақыны Юнус Эмре көзі тірісінде өмір сүрген ауданға аялдадық. Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Ахат Салиховтың айтуынша, жергілікті тұрғындар бұл топырақты ақынның табаны тиген деп ерекше құрметтейді. Юнус Эмре – түркі дүниесінің ұлы ғұламасы, ойшылы, ағартушы Қожа Ахмет ЙассауидыңТүркиядағы ізбасары, рухани мұрасын жалғастырушы шәкірті болып саналады. Бірақ қазақ-түрік ғалымдарының мәліметінше, оның қай жылы туып, қанша жыл өмір сүргендігі туралы нақты мәлімет жоқ. Тек артында қалған мұраларына қарап, XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген деген болжам бар. Кіндігінен тараған ұрпақтары жайлы мәлімет те әлі күнге кездеспейді. Тек оның өлеңдеріне қарап, араб, парсы тілдерін жетік білгендігін, барлық ислам халқы үлгі тұтқанын білуге болады. Біздің елімізде 2010 жылдан бері Эмре Юнус атындағы Түрік мәдени орталығы жұмыс істейді. Мұндағы мақсат – екі елдің мәдениетін, әдебиетін жақындастыру. Бұдан кейін біз аралап шыққан балалар саябағы, ғашықтар аллеясы, шыны ойыншықтар өндірісі, Порсук өзенінің жағалауы сұлулығымен тәнті етті. Қорыта айтқанда, экономикасы мен мәдениеті қатар дамыған қаладағы бір күніміз тағылымға толы болды. |
http://www.aikyn.kz