АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Еститін саңырау, сөйлейтін мылқау қайыршылар

imagesАлматыдай алып шаһарда күнкөрістің қиындығын, тағдырдың басқа салған тауқыметін алға тартып, алақан жаюшылардың қарасы қалыңдап барады. Бірі – жетім, бірі – жесір, бірі – мүгедек. Естеріңізде болса, өткен жылы «Қайыршы адам, қайырымсыз қоғам» («Түркістан» 16.11.2014ж. №46) деген тақырыпқа әр түрлі себеппен көшедегінің қолына телміруге мәжбүр болған бірнеше кейіпкердің тағдырын арқау еткен болатынбыз. Беттің арын белге түйіп, қайырымды халықтан садақа күткен қайыршылар тағы да қолымызға қалам ұстатты. Бірақ бүгінгі әңгіменің кейіпкерлерін аяйтындардан гөрі табалайтындар басым.

Еститін саңырау, сөйлейтін мылқау

Жуырда «Барлық» базарына жол түсті. Алматыға қыдырып келген інімді ауылға шығарып салу үшін сондағы автобекетті бетке алдық. «Сайраннан» аласталған жекеменшік тасымалдаушылардың «Барлықтан» пана тапқанына біраз болған. Базар жақ беті тым-тырыс болғанмен, бекет жағы қашанда ығы-жығы, адамнан аяқ алып жүру қиын. Қалалар мен елді мекендердің арасын жол қылған жолаушылар қандай көп болса, оларға қызмет көрсетушілердің қарасы да соншалықты қалың. Бекетке кірген бетте «Қайда барасыз?» деп жан-жағыңнан ентелеп, өз автобустарына қарай сүйрейтін қыз-жігіттер, жүгіңе жармаса кететін арбакештер, ыстық бәліш мен суық суын, жолға қажетті ұсақ-түйегін арқалаған саудагерлер, болашағыңды болжайтын балшы-балгерлер де осында. Жолаушыларға ақ жол тілеп, қарымтасына қайыр сұрайтын тіленшілер де бекеттің тұрақты қызметкерлеріне айналған. Олардың да белгіленген жұмыс кестесі бар: қайыршылар автобус жолға шығардан бес минут бұрын өз міндеттеріне кіріседі. Өйткені дәл сол уақытта жолаушылар орындарына толық жайғасып болады.

Шығарып салушыларға сырт­қа шығу керектігін ескертіп, жүргізу­шінің дыбыс сигналын баса бергені сол еді, інім мінген автобусқа жұ­пы­­нылау киінген ер адам кірді. Жолаушыларға бір жапырақ қағаз бен оттық, қаламсап, сияқты ұсақ-түйектер ұстата бастады. Әлгі қағаздың біреуі біздің қолымызға да тиді. Үңілсек: «Менің құлағым естімейді, сөйлей алмаймын. Мына заттарды сатып алсаңыз, сауапты іс жасаған болар едіңіз» деп жазылған екен. Қағазда тауарлардың бағасы да көрсетіліпті. Қолыма ұстатып кеткен қаламсапты иесіне қайтарып беруге жүрегім дауаламады. Өзгелер үшін ұсақ-түйек боп көрінетін тиын ол үшін аса қадірлі екенін ойладым. Қажеті болмаса да, кілттің бауын қоса сатып алдым. Бірлі-жарым затын өткізген соң ер адам жөніне кетті. Ініммен қоштасып, мен де аялдамаға қарай беттедім.

112-бағыттағы автобуста әлгіндегі аяушылық ашуға ұласты. Валидаторға салғалы тұрған теңгемді өз қалтасына басып, билет орнына жазуы жоқ қағаз ұстатқан жүргізушіге шамданып кеп, арт жақтағы бос орындардың біріне жайғастым. Аялдамада ұзақ тұрып алғаны үшін наразылығым тіпті үдеп, жүргізушіні іштей жазғырып отырмын. Автобусқа әлгінде көрген жарымжанның мінгенін байқап, қайта сабама түстім. Ишарамен жанымдағы бос орынды ұсынып едім, елемей, ең соңғы қатарға беттеді. Улап-шулап отырған бір топ бозбала өз қатарларына бөгде адамның қосылғанын құп көре қоймады. Біреуі бас салып: «Аға, басқа жерде бос орын көп қой»,– деп еді, «Алысқа барамын, жігіттер!», – деді зілді дауыспен. Жаңа ғана «құлағым естімейді, сөйлей алмаймын» деп алақан жайып жүрген адамның әлгілерге тіл қатқанын естігенде, тілім байланып қалды. Бірер минут бұрын дүниедегі ең шарасыз жан боп көрінген адамның көз алдымда айласы асқан алаяққа айналып шыға келерін қайдан білейін? Қайыр сұраушылар туралы небір сұмдықты естісем де, көзбен көрмеген соң сене қоймайтынмын. Сол күннен бастап алақан жайғанның арасында шын мұқтаждармен бірге қайырымды адамдардың пейілін өздерінің қулық-сұмдығына пайдаланушылардың да көп екеніне көз жетті. Көзқарастың өзгеруіне өзім куә болған оқиға ғана емес, ашық әңгіменің алаңына айналған «Фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі әріптестердің жазбасы да ықпал етті.

Бірдеңені ойға алсаң, айналаңдағы құбылыстың бәрі орайын тауып, сол ойыңмен біте қайнасып кеткендей көрінеді емес пе әдетте? Әлгі оқиғаның ертеңіне «Фэйсбуктан» «Айқын» газетінің тілшісі Гүлзина Бектастың мына жазбасын көзім шалды: «Банкоматтан ақша алып тұрсам, бір бала келіп, қайыр-садақа сұрады. Жасы – жеті-сегіз шамасында. Жұпыны киінген. «Тәте, анам ауруханада жатыр еді. Қатты қиналып тұрмын. Шамалы ақша бересіз бе?», – деді. Өтірік айтып тұрғандай көрінсе де, ақшамды беріп тұрып, «Балақай, анаң тезірек жазылып кетсін. Бірақ ешқашан өтірік айтып, үлкендерден ақша алма! Тек шыныңды айт! Шын қиналсаң, онсыз да қол ұшын беретіндер көп», – деп ақыл айтқансыдым. Бәлкім, шынын айтқан болар, бәлкім, өтірік. Алайда, қаршадайынан осындай өтірікпен күнелтер болса, ол баланың ертеңі қандай болмақ деп қамықтым. Біздің жұмыстың маңайында осылай ақша сұрайтындар көбейіп кетті. Алдында бір дап-дардай ер адам «Талдықорғанға жете алмай тұрмын, 1500 теңге бере аласың ба?» деген соң, бар ұсақ ақшамды қолына ұстатып кеткем. Тіпті, үйіне жеткен соң ұялы телефоныма бірлік салып жіберемін деп нөмірімді де алған. Үлкен кісі болған соң сендім. Бірақ сол кеткеннен мол кетті», – дейді журналист.

Садақа берушілердің аяушылығын тудырып, сеніміне кірудің түрлі тәсілін меңгерген қайыршыларды мықты психолог, тіс қаққан социолог деседі. Адамдардың сырт келбетіне, көңіл-күйіне қарап, кімнің садақа беретінін, кімнің қайрылмай өтіп кететінін, кімнің көп, кімнің аз тастайтынын да алдын ала білетін көрінеді. Тіленшілер үшін жыл мезгілі мен ауа-райының да маңызы зор. Өйткені қайыр сұраған адамға күн жылыда мейіріңіз түсе қоймаса да, қақаған аязда беті-қолын үсік шалған тіленші аяушылық тудырмай қоймайды. Тиын-тебенді көбірек алу үшін қайыршылар орын мен уақыттан да жаңылмауы тиіс. Мәселен, жұма күні мешіт маңынан табылса, емтихан уақыты жақындағанда жоғары оқу орындарын төңіректейді. Азын-аулақ шәкіртақыға қарап отырса да, ырым-тыйымға сенгіш студенттер сынақ кезінде қайыр-садақа беруге құлшына кiрiсетінін біліп алған. Университеттер маңын құтты мекеніне айналдырған лолыларға көзіміз әбден үйренген, бірақ студенттердің арқасында жан баққандардың арасында өзіміздің қаракөздердің көбеюі қынжылтады.

Экономикалық қиындықтар қос бүйірден қысқанда айлықтан айлыққа дейін өмір сүретін халықтың қайыршыға қайрыла қоюы екіталай. Бұл уақытта садақа берушінің назары тек шын мұқтажға ғана түседі. Тиын-тебеннен қағылмас үшін дайын асқа тік қасық болып үйренген қауым актерлік шеберлікті іске қосады: бірі – жетімді, бірі – жесірді сомдаса, тағы бірі – мүгедектің кейіпіне енеді. Сондай «актерлардың» бірі әріптесіміз Дана Жүнісбекованы өз «өнерімен» тәнті етіпті.

«Бiрде қос балдағын құшақтап, бағдаршамның «қызылына» тоқтаған жүргiзушiден теңге тiлеп тұрған қайыршыны құйындатып кеп қалған көлiктiң қағып кеткенiн көрдiм. Әлгi байғұс екi аунап түстi. Балдағы әудем жерге ұшып кеткен. Жүргiзушiнiң не ойлағанын қайдам, артына бұрылып та қарамастан жылдамдығын үдеткен күйi ұзай бердi. «Неткен айуандық» деген өкiнiш өзегiмдi өртеп жiбере жаздаған. Сол екi ортада «қайыршының» қимылы күрт өзгердi. Жаңа ғана мүсәпiр күйде, қос аяғын қаусыра аттаған ол, ендi мiне, орнынан балдақсыз атып тұрды. Тұрғанын неғылайын, көлiк артынан айтпаған боқтық сөзi қалмады. Мен де iшiмнен «өзiне де сол керек» дедiм. Өзi нағыз әртiс екен. Жанына келесі бір көліктің жақындап келе жатқанын көрiп, қайтадан «мүгедек» күйге түстi», – деп журналист өзі куә болған көзбояушылық туралы қалам тартқан.

Мешітте ұрланған садақа

Екіге жарылған қоғамның бір тобы садақаны қайыршылықты кәсіп көзіне айналдырған алаяқтарға бергеннен гөрі, мешітке беру керек десе, екінші бір топ алақан жайғандарды бөліп-жарудың дұрыс еместігін, ішкі мақсатына барып жатпай, садақаны ең әуелі Алла разылығы үшін ниеттеніп беру жөн екенін алға тартады. Жаратушымыздың берген дәулетін кімге беріп, қайда жұмсайтындығымыз туралы қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 215-аятында: «Мұхаммед (с.ғ.с.) олар сенен Аллаһ жолында не беретіндіктерін сұрайды. Нендей қайыр сарып қылсаңдар, әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін қайырымдылық ретінде не істесеңдер, Аллаһ оны біледі», – делінген.

Асылында халқымыз жоқ-жітікке болысудан, кемтарға көмектесуден аянған емес. Басына іс түскен ағайынға көп болып көмек қолын созу – қазақтың қанына сіңген әдет. Қазақстанның бес бірдей облысы қызыл судың астында қалғанда жұдырықтай жұмылған халық «көп түкірсе – көл» болатынын дәлелдеді емес пе? Алматы мен Астанадан, Тараз бен Шымкенттен, Ақтау мен Атыраудан шыққан азық-түлік пен киім-кешек тиелген жүк көліктері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға бір емес, бірнеше мәрте жіберілді. Бәрін бермесе де, барымен бөлісу үшін астаналықтар «Сарыарқаға», алматылықтар «Арман» кинотеатрына ағылды. Қайырымдылық жасаған жұрт өздері жіберген гуманитарлық көмектің діттеген жерге жеткенін, далада қалған халықтың кәдесіне жарағанын көріп, тіпті қуанды. Өйткені қайырымды жандардың сауапты іске арнап бергені межелі жерге жетпей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін жағдайлар жиі болып тұрады. Мәселен, бірер апта бұрын Шымкенттегі мешіттердің біріндегі қайыр-садақа жәшігі тоналғанын естігенде, сұғанақ қолдарға заң да, ар да бөгет бола алмайтынына көзіміз жетті. Оқиға “Сәуле” шағы­нау­да­нындағы мешітте орын алған. Мешіт имамы тұрғындардың сұра­нысы бойынша үй-үйді аралап, Құран аяттарын бағыштауға кетіпті. Ал күзетші даладағы шаруамен айнылысып жүрсе керек. Алла үйінде ешкім жоғын пайдаланған ұры садақа қаржысын үптеп кеткен. Мешіттің бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов: «Ол қаланың сыртындағы мешіт, көп адам келмейді, сондықтан жинақталған қаржының сомасы көп болса 10-15 мың теңге деп топшылаймыз”, – деген еді. Асылында, мәселе қолды болған ақшаның аз-көптігінде емес, оның жиналу мақсатында. Ұры-қары мен алаяқтар азайса, сауапты іс жасағысы келетіндердің қатары қазіргіден бірнеше есе көп болар еді.

Қайыршысын жарылқайтын қай ел?

Өткен жылы nur.kz жүргізген сауалнаманың нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың ресейліктерге қарағанда қайыр-садақаны бірнеше есе көп беретіні анықталды. Сұралғандардың 12 пайызы қайыршыларға ұдайы тиын-тебен тастап тұрса, 72 пайызы қайыр-садақаны анда-санда ғана береді екен. Респонденттердің 15 пайызы алақан жайғандарды мүлдем елемейтін болып шықты. Садақа бермейтіндердің 12 пайызы қатып қалған қағиданы ұстанатынын айтқан. Яғни олар қайыршылардың біреудің есебінен күн көруіне түбегейлі қарсы. Бұл мәселеде қазақстандықтар мен ресейліктердің көзқарасы мүлдем алшақ. Көрші елдегі жүргізілген сауалнама Ресей тұрғындарының жартысына жуығы, нақтырақ айтсақ 49 пайызы қайыр-садақа бермейтінін көрсетті. Сұралғандардың тек 1,6 пайызы ғана алақан жайғандардың қасына аялдайды екен.

Ал өзге мемлекеттерге көз сал­сақ, қайыршы көрсе қайрылмай өтпей­­тін жүрегі жұмсақтардың көшін америкалықтар бастап тұр. Олар қайыр-садақаны француздарға қарағанда 3,5 есе, немістерге қарағанда 7 есе, итальяндықтармен салыстырғанда 14 есе көп тастайды екен. Еуропа елдерінде қайыр тілеу – заңға қайшы әрекет. Ұлыбритания мен Финляндияда көшеде алақан жаюға мүлдем тыйым салынған. Ал Португалияда шіркеулер мен қаланың шеткі аймағындағы арнайы орындарда ғана қайыр сұрауға рұқсат етіледі. Жапондар үйсіз-күйсіз жүрсе де, ешкімге алақан жаймайды. Өйткені Жапонияда қайыр сұрау ең үлкен арсыздық деп саналады

Қайыр-садақа алғанды ғана емес, бергенді де жазалайтын мемлекеттің бірі – Литва. Литвалықтар үшін қайыр сұрау қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады. Әсіресе, ел астанасы Вильнюста қайыршылар жергілікті тәртіп сақшыларының қатаң бақылауына алынған. Олар мұндай әрекет қаланың имиджіне нұқсан келтіреді деп есептейді.

Әбу Насыр­ Әл Фараби: «Ең бақытты ел – қайыршысы жоқ ел», – деген екен. Елдің әлеуетін көшедегі қайыршының санына қарап бағамдар болсақ, біз қандай елге жатамыз? Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгерту еліміздегі қайыршылықтың тамырына түбегейлі балта шаппаса да, тым болмағанда жат жұрттық тіленшілердің қарасын азайта ала ма? Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Игорь Лепеха кодекстегі жаңа бап қайыр-садақа сұрауды кәсіпке айналдырған келімсектерді өз елдеріне қайтарып қана қоймай, бес жылға дейін Қазақстанға келуге тыйым салады деп сендірген болатын. Қоғамдық орындарда қайыр сұрап, жұрттың мазасын алғаны үшін өз еліміздің азаматтары да жауапкершілікке тартылуы тиіс. Кодекстің 449-бабы бойынша, мұндай әрекеттер үшін алғашында 5 АЕК мөлшерінде, ал екінші рет 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы керек. Әйтсе де, жаңа бап қолданысқа енгізілгелі екі айдың жүзі болғанымен, тіленшілер азая қоймады. Баяғы жартас, сол жартас.

Анар ЛЕПЕСОВА

http://turkystan.kz/