АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЕТ САТУШЫЛАР ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ

Елордалық ет сататындар шу көтерді. Астанадағы сауда үйлерінің бірінің алдында саудагерлер жиылып, базар басшылығына өкпелерін айтты. 

Базар маңы жай күндері де құжынаған халыққа толы. Бүгін алаңға ет сатып жүргендер шықты. Улап-шулаған саудагерлер «айыппұл төлеп шаршадық» деп отыр.
Айтуларынша, сауда үйінің басшылығы қит етсе ақша талап етіп, жұмысқа белгілі себеппен келмей қалған сатушыға 15 мың теңге айыппұл салады екен.
«Көп балалы әйелдер, кредитте, ипотекада отырған кісілер, күнде штраф, 500-ден 15 мың көтеріледі, аяғы ауыр демейді, орнын тартып алады», — дейді саудагерлер.
Бейджигің жоқ па, 500 теңге алады. Су ішіп отырсың ба, 500 теңге, тачкаға екі мың теңгеден алып отыр, арендасы 50 мың теңге. Тачка өзіміздікі.
Сатушылардың айтуынша, базар басшылығы 50 адамды 15 мыңнан штрафқа қойып қойған. Бұған қоса күнделікті сатылмай сөреде қалған етті тоңазытқышқа қойғаны үшін әкімшілік әр келісіне 15 теңге сұрайды.
«Базар басшылығының күніне 20 тұтас ет кіргізуді талап ететіні қиын, ол өтпеген соң көгеріп ақшамыз зая кетеді»,- дейді ашынған саудагерлер.
Сатушы Гүлнәр Жақыпованың айтуынша, ет деген күнде өтпейді, ет деген тауар емес қой саған, штучный тауар емес, күнде көгеріп те кетеді. Амалы таусылған саудагерлер ана танысына, мына танысына звондап, қарызға береді екен.
Басшылық штрафтан көз ашқызбайды, біз осы ашынғанымыздан шығып тұрмыз, шаршадық.
Ет сатып бала-шағасын асырап отырған адамдардың толассыз айыппұл төлеуден шыдамдары таусылыпты.
Базар маңына топтанған жұмысшыларын көрген басшылық кабинетке барып сөйлесуді ұсынды. Келісім-шартты көрсетті, онда расында кез келген шығын үшін 10 мың көлемінде айыппұл салынады деп нақты жазылған. Әкімшіліктің сөзінше, сатушылардың тәртібі тым нашар, салдарынан бәсекелестік жоқ, тауар өтпейді.
Сауда үйі директорының орынбасары Вячеслав Маринкиннің айтуынша, бір сатушы күніне 2-3 тұтас ет алады да, бәрін сатып үлгереді, ал екіншісі бір тұтас етті бір апта сатады, ал ол ет ескіреді, яғни түр-түсі өзгереді, ол сөреден алынбаған соң сатып алушылар да аз болады.
«Біз оларға етті сақтай бермей өтпей жатса арзан бағамен сатып жіберіңдер дейміз, олар оған көнбейді», — дейді басшылық.
Осы уақытта базар маңында базынасын айтқандарға прокуратура қызметкерлері келді. Олар арыз жазғызды. Осыдан соң саудагерлерде енді басшылық байыппен қарап, жөнді-жөнсіз айыппұл салмайтын шығар деген сенім пайда болды.
Телекамералар алдында жамырай бар өкпелерін айтып қалып жатты, кейбірі ет сатып үлегрейік дегендей, жалма-жан жұмыс орындарына жүгіре жөнелді.
7 канал

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/articles/view/47211