ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдегі сауда-саттықтың көлемі орасан қарқынмен артты. Теория мамандары мұны ең алдымен аймақтану үрдісімен байланыстырады. Яғни ел мен елдің арасында сауда-экономикалық келісімдер жасалып, еркін сауда кеңістіктері мен кедендік одақтары құрылып жатыр. 90-жылдарға таман мұндай аймақтық құрылымдардың саны 80-нен 100-ге дейін жетті. Бүкіләлемдік банктің болжамынша, әлемдегі сауда-саттықтың жартысынан астамы осындай құрылымдар негізінде жасалады. Әлемде қандай да бір аймақтық сауда құрылымдарының қатарына енуге дайын тұратын елдер бар. Талай жылдық тәжірибеден кейін «сауда-саттық – ел экономикасын дамытудың бірден-бір жолы» деген ұстаныммен бір емес, бірнеше одаққа қатарынан мүше болып отырған елдер бар.
Әлемге ең танымал одақтардың қатарында Еуропалық еркін сауда қауымдастығы, Еуропалық одақ, Солтүстікамерикалық еркін сауда кеңістігі (НАФТА), Азиялық-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық серіктестік ұйымы. Осындай еркін сауданы көздейтін құрылымдардың қатарына енді Кедендік одақ та енді. Қазақстан, Ресей, Белоруссия елдерінің арасындағы Кедендік одақ пен әлемдегі өзге сауда-экономикалық кеңістіктермен ұқсастығы және айырмашылығы қаншалық? Бір жағынан, бұл да аймақтанудың бір көрінісі болса, екінші жағынан, оның түпкі мақсаты ауқымды масштабтағы интеграцияны көздеді. Осы уақытқа дейін Кедендік одаққа енуі мүмкін елдер туралы әртүрлі сыбыстар айтылды. Мәселен Тәжікстан, Қырғызстан, Украина, Вьетнам, Түркия енуі мүмкін екені болжанды. Бұлардың бірқатары шындықтан гөрі, қауесетке көп жақын келеді. Соған қарамастан, оны негізсіз пікір деп тағы айта алмаймыз. Бұл Еуразиялық одақтың ареалының кеңеюі келесі кезекте қай елдерден бастап жүзеге асатынын көрсететіндей. Бір жағынан Еуразиялық одақ белгілі бір елдердің әлемдегі қым-қиғаш талас-тартыстан өз орнын табу үшін құрған құрылымы болса, екінші жағынан сол одақтың өз ішінде де амбициялық тартыстар жоқ емес. Ресей Кедендік одақтың келесі мүшесі ретінде ең алдымен Украинаны көргісі келеді. Ал Қазақстан үшін өзінің бауырлас елдері қымбат. Өткен жылы қазақстандық БАҚ-та «Түркия Кедендік одаққа енуі мүмкін» деген тақырыптың кеңінен пікірталасқа ұласып кетуі де – соның көрінісі.
Соңғы кездері «Кедендік одақ бізді суверенитетімізден айырды» деген пікір де айтылып жүр. Алайда біз кез келген одаққа еркін кіріп-шыға алатынымызды да ескеру керек. Көршіні таңдамайды. Жоғарыда көрсетілген әлемдік сауда-саттық блоктарының басым бөлігі кедендік негізден басталған. Қазіргі жағдайда мемлекет саяси одақсыз, нейтралитет жағдайда да өмір сүре алуы мүмкін. Бірақ экономикалық интеграциясыз күн кешуі қиындау. Әлемде өзін бейтарап ел ретінде танытып отырған Швейцарияның өзі қос бірдей сауда одағына мүше екен.
Мұхитпен шектеспейтін Қазақстанның жағдайында сауда-саттық мәселесінде тізе қосатын мүмкіндіктер аз. Қытай мүше болып отырған Азиялық-Тынық мұхиты экономикалық одағы біздің жағдайға мүлде сай келмейді. Аталған одаққа таңдау түсе қалған жағдайда Қытай экспанциясы туралы миф Ресейдің экономикалық экспанциясы туралы дақпырттан асып түсер еді. Көп айтылған Орталық Азиялық одақтың көлеңкесі де көрінбеді. Орталық Азияда қуатты бір құрылым бола тұра, Қазақстан теріс бұрылып кеткен болса, оның жөні бөлек. Алдағы уақытта аймақтағы саяси жағдай өзгеріп, Орталық Азиялық одақ құрыла қалған жағдайда Қазақстан одан да бас тартпасы белгілі, қосымша блок ретінде қарастыруына толық мүмкіндік бар.
Мәселен қазір Ресей Федерациясы Кедендік одақтың қатарында бола тұрып, ДСҰ-ға еніп үлгерді. Біз әлі келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ал Белоруссияның жақын болашақта енуге мүмкіндігі де жоқ. Соған қарамастан, Кедендік одақ өз жұмысын жалғастыра береді. Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемде бірнеше сауда-саттық ұйымына мүше болып отырған елдер бар. Қазақстан бүгін Еуразиялық одаққа таңдау жасады, ертең келесі бір ұйыммен келісімге келуі мүмкін. Қысқасы, экономика дегеніміз – ағымдағы мәселе. Біздіңше, бұл көпвекторлы саяси ұстанымдағы қазақстандық биліктің де көзқарасына сай келеді. Қайбір жылы Әділбек Жақсыбеков Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тұрған кезде «Қазақстан болашақта Еуроодаққа қосылса, Еуроодақ Еуразиялық одаққа айналады» дегенді айтып қалғаны бар еді. Бұл пікірді ресейліктер ауыр қабылдағаны түсінікті жайт. Себебі мұнда Қазақстанның басқа да құрылымдардан бас тартпайтыны қатардағы сарапшының емес, ресми шенеуніктің аузынан айтылды. Тіпті мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де «елдің Тәуелсіздігін шектейтін кез келген ұйымнан шығып кете алатынымызды» тілге тиек еткені бар. Бір жағынан көрші елге ескерту ретінде айтылған болар.
Ал Еуразиялық одақтың шынайы бейнесі постпутиндік кезеңде айқындалады. Орыстың империалистік пиғылы мәңгі сақталып қала береді деген ой жаңсақ. Постпутиндік кезеңді былай қойғанда, Путин саясаттың ортасына өзі жетектеп әкеп қосқан Медведевтің өзі жаңаша ойлайтын адам екенін байқатқан еді. Яғни болашақта оның орнына идеологияның емес, экономиканың адамы келіп жатса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрсеткен экономикалық серіктестік толыққанды жұмыс жасауы әбден мүмкін.
Жарас Ибрашев, тарих ғылымының докторы, ҚазҰУ Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры:
– Бізде саяси мәселе мен экономикалық мәселені шатастыратын сарапшылар көп. Кедендік одақ дегеніміз – таза экономикалық мүддені көздейтін мекеме. Ресейге жұтылып кетеміз деп қорқудың қажеті жоқ. Мысал ретінде АҚШ, Мексика, Канада арасындағы кедендік одақты келтірейік. Бұл елдердің арасындағы кедендік талаптар мен Ресей, Белоруссия, Қазақстан арасындағы Кедендік одақтың талаптары арасында анау айтқандай айырмашылығы жоқ. Бұл елдердің арасындағы интеграция бізден де гөрі тығыз. Бірақ шағын Мексика «АҚШ-қа жұтылып кететін болдық» деп наразылық айтып жатқан жоқ қой. Экономиканың серіктестік арқылы дамитыны – әлдеқашан дәлелденген мәселе. Мемлекет басшысы «Саяси суверенитет талқыға салынбайды, Тәуелсіздігімізге көз салатын кез келген ұйымнан шығамыз» дегенді кесіп айтты.
Автор: Сәдуақас КЕБЕКБАЙ
http://alashainasy.kz/politics/40295/