Еуропа парламенті Люксембургтің бұрынғы премьері Жан-Клод Юнкерді Еурокомиссия төрағасы қызметіне бекітті. Оның кандидатурасын Еуропарламенттегі ең ірі екі фракция – центристік Еуропа халықтық партиясы мен социал-демократтар партиясы депутаттары қолдап дауыс берген.
Бұның алдында Юнкердің кандидатурасына қарсылық білдірген Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Еурокомиссия төрағасы қызметіне британ парламенті лордтар палатасының бұрынғы басшысы – лорд Джонатан Хилды ұсынған еді. Бірақ Юнкерге маусымның аяғында Брюссельдегі саммитте Еуропа Одағына мүше 26 ел қолдау білдірген. Тек Ұлыбритания мен Венгрия ғана қарсы болған.
Бүгін Еуропа Одағы жетекшілері Брюссельде кездесіп, Еуропа кеңесі басшысы мен Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі қызметтеріне кандидаттарды анықтайды.
Еуропа Одағында қазіргі уақытта жетекші қызметтер атқаратын лауазым иелерінің өкілеттігі биыл аяқталады.