АЛТЫНОРДА
Новости

Еуропа әртістері Ресейге бойкот жариялады

Еуропа өнер адамдары Петербургте өтетін Manifesta фестивалін Ресей Украинадан әскерін шығармайынша өткізбеу туралы петиция жариялады.Еуропа Одағы Ресейге санкция салу мәселесін қарастырып жатқанда кәрі құрлықтағы өнер адамдары Қырым түбегіне әскер кіргізуге шешім қабылдаған Мәскеу әрекеттеріне наразылық білдірді.

ПУТИН ШЕШІМІНІҢ МӘДЕНИ САЛДАРЫ 

Қазірдің өзінде Ресей президенті Владимир Путин қабылдаған шешімнің мәдени салдары байқала бастады. Мәдени бойкот туралы үндеулер жиі айтылып, шетелдік әрістер бірінен соң бірі Ресейде өткізуге жоспарлаған концерттерін кейінге қалдырып жатыр.

Сондай өнер қайраткерлерінің бірі – Латвияның «Жаңа Рига» театры директоры. Ол жақында Мәскеудің «Үлкен театрымен» бірігіп өткізіліп жатқан жобадан шығатынын айтты.

Ол басқаратын театр Ресей қалаларын аралап, Санкт-Петербург пен Омбыда өтетін фестивальдерге қатысу жоспарынан бас тартты. Театр жасаған мәлімдемеде: «Ресейдің Украинаға жасаған әскери шабуылына бірде-бір Латвия азаматы бей-жай қарай алмайды» деп жазылған. Бұл ұжым Ресейде өтетін барлық мәдени шараларға бойкот жариялауды ұсынып отыр.

«ӨНЕР ҮКІМЕТКЕ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ»

Украиналық өнер сыншысы Константин Дорошенконың айтуынша, көп әрістер Путиннің Қырымдағы әрекеттерін қолдағандай көрініп қалмас үшін Ресейде өнер көрсетуден бас тартып жатыр.

Өнер – жағдайды байыппен, сын тұрғысында саралайтын платформа.

— Билік басындағылар әлемнің жылдам өзгеріп жатқанын, өнер әрдайым үкіметтің мүддесіне жұмыс істей бермейтінін түсінуі тиіс. Өнер тек қалаларды көркейтіп, туристерді тартуға қажетті құрал емес. Ол  – шынайы жағдайды байыппен, сын тұрғысында саралайтын платформа, — деді Дорошенко.

Польшаның белгілі театр режиссері Кристиан Лупа да Мәскеудің әскери шабуылына  наразылық білдіріп, Ресейге жоспарланған сапарын кейінге қалдырды.

БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАРДАН БАС ТАРТУ 

Ресейде өтетін «Артдокфест» тәуелсіз фильмдер фестиваліне де осы бойкот әсер ететін сияқты.

«Артдокфест» фестивалінің бағдарламалық директоры Виктория Белопольскаяның айтуынша, Канаданың Cinematheque Ontario, Чехияның Flahertania фестивальдері бірлескен жобалардан бас тартатындарын хабарлаған.

Еуропа Одағы қаржыландыратын, екі жыл сайын өтетін заманауи өнердің Manifesta фестивалі де өз жоспарлаған деңгейде өтпейтін сыңайлы. Биылғы маусымның соңында Санкт-Петербургтегі Эрмитаж музейінде өткізілетін бұл биенналлеге Нидерланд пен Германия өнер өкілдері қатыспайтын болды. Олар Manifesta фестивалін Ресей Украинадан әскерін шығарып кеткенге дейін өткізбеу туралы ұсыныс жасап, петиция жариялады.

Сочи олимпиадасының ашылу салтанатында тұрған Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 7 наурыз 2014 жыл.Сочи олимпиадасының ашылу салтанатында тұрған Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 7 наурыз 2014 жыл.

— Еуропадағы әріптестерім Сочи олимпиадасы сияқты Manifesta фестивалі де Ресейдің қазіргі режимін мадақтайтын әлем-жәлем шоуға айналып кете ме деп қорқады,  — деді Дорошенко.

Петиция барлық әртістер мен кураторларды, ұйымдастырушылар мен демеушілерді «Украина халқымен бір болуға» үндеді.

Алдыңғы биенналлелерге қатысып жүрген бір топ адам қол қойған бұл петицияда Ресеймен бірлескен мәдени шараларға қатысу «Ресейдің демократияшыл Украинаға қарсы агрессиясын қолдаумен тең» деп жазылған.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

 http://www.azattyq.org/content/europe_cultural_boykott_over_crimea_grows/25289789.html