Жаңа жыл бүкіл әлемге ортақ мереке болса да, оны әр халық өздерінше қарсы алып, мерекелейді. Бұл жазбада Еуропа халықтарының Жаңа жылды қалай қарсы алатындығын оқисыздар.
1. Италия.
Италия халқы Жаңа жылда Бефана атты мейірімді пері үй-үйді аралайды деп сенеді. Ол алтыннан жасалған кішкентай кілтімен балалар ұйықтап жатқан бөлмені ашып, олардың шұлықтарының ішіне сыйлықтарын тастап кетеді. Ал жыл бойы бұзықтық жасап, ата-анасын ренжіткендердің бөлмесіне күл немесе көмір сеуіп кетеді. Италиялықтардың «Аяз атасы» – Баббо Натале.
Италиялықтар жаңа жыл қарсаңында үйіндегі ескі-құсқы заттарды да лақтыра бастайды. Қоқысқа тасталған ескі заттардың орнын жаңа нәрселер басады деген сенім бар.
Ал жаңа жылдық дастарханға грек жаңғағы, жүзім қойылады.
2. Венгрия
Венгрия халқы Жаңа жыл мерекесіне Рождествоға дайындалғандай дайындалмайды. Бірақ бұған қатысты бірнеше ырымдары бар. Мысалы, 1 қаңтарда үйге бірінші кірген әйел адам бақытсыздық әкеледі деген сенім бар. Сондықтан, ағайын-туыстың үйіне барарда үлкендер алдымен кішкентай сол үйге баланы жіберіп алады.
Жаңа жылда қолды тиынмен жуу керек деген де ырым бар. Бұл жыл бойы үйдегі берекені кетірмей ұстап тұрады дегенге сенеді екен.
3. Англия.
Жаңа жылдың қарсаңында балаларға арналып қойылымдар қойылады. Хобби Хорс, Шалтай-Болтай, Панч секілді ертегі кейіпкерлері балалардың көңілін көтереді. Жаңа жылда ашықхат сыйлау осы Англияда ойлап табылды. Ең алғашқы ашық хат 1483 жылы сыйланған.
Дастарханға күркетауықтың еті қойылады.
Жаңа жылға бірнеше минут қалған жаймен қоңырау соғыла бастайды. Қоңыраудың дауысы қатты шықпау үшін оны көрпемен орап қояды. Сағат 12 болғанда қоңырау көрпеден босанып, бүкіл қалаға «Жаңа жыл келді!» деп хабар береді. Алғашқы қоңырау соғылған сәтте әр отбасы үйлерінің артқы есіктерін ашып, ескі жылды шығарып салады. Соңғы қоңырау соғылғанда үйдің алдындағы есікті ашып, Жаңа жылды кіргізеді.
4. Франция.
Француздар «Аяз аталарын» Пер Ноэль деп атайды. Ол Жаңа жылда балалардың кебістеріне сыйлықтар салып қояды. Франция елінде бұл мерекеге қатысты қатып қалған ереже жоқ. Бірақ, сыйлық сыйлауға қатысты бірнеше жазылмаған әдеп ережелері бар. Мысалы, әтірді әйелге тек күйеуі ғана сыйлай алады.
5. Австрия.
Австрияда жаңа жылда сыйлық сыйлау 18 ғасырдың соңы мен 19 басында басталған. Мерекеде жақын адамдар бір-біріне ойыншық мүсіндер мен ашықхаттар сыйлайды.
Мерекелік дастарханға үлкен мән беріледі. Дастархан тағамға бай болған сайын, келер жыл да берекелі болады деп есептеледі. Жаңа жылда шошқаның басын немесе тұмсығын жеген адам бақытты болады деген сенім бар.
6. Швеция.
Швецияда мереке үйдің қожайыны қоқыс төгуге шығып кеткеннен кейін басталады. Қожайын сыртқа шығып Юль Томтеннің кейіпіне еніп киініп алады. Жаңа жыл келген сәттен бастап отбасы мүшелеріне сыйлықтар бере бастайды. Жаңа жылдың ең басты сыйлығы – қолдан жасалған шамдар. Швецияда түн ерте түсетін болғандықтан, олар жарықты ерекше бағалайды. Жарық достықтың, бақыттың, мейірімнің белгісі саналады.
Міне, Еуропаның кейбір елдерінде Жаңа жылды осылай тойлайды. Келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен, қазақстандықтар!