АЛТЫНОРДА
Новости

Еуросот Украинаның Ресейге қарсы үш арызын қарап жатыр

Еуропаның адам құқығы соты Украинаның Ресейдің үстінен түсірген арызы бойынша үш істі қарап жатыр. Арыздың екеуі — Қырымға, біреуі Донбастан Ресейге апарылған жетім балаларға қатысты берілген.

Страсбургтегі Еуропа кеңесі жанындағы Еуропаның адам құқығы сотына әзірше Украинаның үстінен шағымданған мемлекет жоқ. Ал Украина аннексияланған Қырым мен сепаратистер басып алған Донбастағы азаматтарының құқығын Еуропа соты арқылы жақсырақ қорғаймыз деп санайды.

Еуропаның адам құқығы соты тарихында «бір мемлекеттің екінші мемлекетке қарсы» талап-арызы бойынша барлығы 16 іс қаралған. 2008 жылғы соғыстан кейін Грузияның Ресейді сотқа бергені белгілі. Енді Украинаның үш шағымын қосқанда, мемлекетаралық талап-арыздар саны 19-ға жетті. Әдетте мұндай істер ұзақ қаралады.

Украина үкіметінің Еуропа сотындағы өкілі Наталья Севастьянова Азаттыққа берген сұхбатында «Қырымдағы адам құқығы ахуалы нашарлай бастаған соң, алғашқы талап-арызымызды наурыздың 13-і – Қырымда өткен заңсыз «референдумнан» үш күн бұрын жолдағанбыз» деді.

Женева қаласында БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Украина мәселесіне қатысты тыңдаулар өткізіп жатыр. Сұхбатын Женевадан телефон арқылы берген Севастьянова «Түбектегі адамдардың өміріне қатер төнуі мүмкін екенін, олардың азаптауға немесе адамгершілікке жат әрекеттер мен кемсітуге ұшырау қаупі бар екенін ескерген Украина Еуропа сотына жүгінді. Ал Еуропа соты Қырым азаматтарының [Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы] конвенцияның екінші және үшінші баптарында қарастырылған өмір сүру құқықтарының бұзылуы және азаптау мен қатыгездікке ұшырау қаупі бар деп тапты» дейді.

Ол «Территориямыздың тұтастығын бұзған Ресей әуелі басқыншылық жасап, ал кейін аннексиялап алған соң, түбекте адам құқығын жаппай бұзу басталды» дейді.

«Қорғансыз балаларды ұрлау»

Украинаның Ресейге қарсы екінші арызы биыл шілдеде Донбастан жетім балаларды ұрлап, Ресейге әкету оқиғасына байланысты түсірілген. Бұл іс жария болып кетіп, бұл қылмысты ұйымдастырғандар балаларды кері қайтарды.

Наталья Севастьянова «Ресей телевизиясында әлдебір көріністі жасау үшін балалар үйіндегі жетім балаларды тапаншамен қорқытып, ешқандай құжатсыз Ресей Федерациясы территориясына әкеткен. Ресейді жетім балаларды Украина территориясына дереу қайтаруға міндеттеуін сұрап, бірден Еуропа сотына жүгіндік. Сот бірер сағатта тиісті шешім шығарған соң, балалар қайтарылды» деп түсіндіреді.

Үкімет өкілінің айтуынша, сепаратистер мен ресейлік күштер тарапынан жетім балаларды Ресейге алып кету әрекеттері тағы бірнеше мәрте қайталанғандықтан, Киев ол арызын қайтарып алмаған. Шенеунік «Киев халықтың ең қорғансыз бөлігі — жетім балалардың тағдырына алаңдайды» дейді.

«Заңсыз экстрадиция»

Украинаның Ресейге қарсы арызының үшіншісі де Қырымға қатысты. Бірақ бұл іс жеке адамның  — Қырым татарларының көсемі Мұстафа Джемилевтің баласы Хайсердің құқығын қорғауды көздейді.

Украина тарапының пікірінше, бұл — бұрын Украина соты болған, ал қазір өздерін Ресей соты санап, оңды-солды шешім шығарып жатқан Қырым соттарының шешімдеріне қарсы түсірілген [прецедент] арыз. Бұл іс Украина үшін аса маңызды болып саналады.

Қырым автономиялық республикасында жұмыс істеп жатқан соттар халықаралық заң тұрғысынан алғанда сот деп саналмайды. Өйткені Қырым — заңсыз аннексияланған территория; ал ондағы судьялар — Ресей Федерациясы атынан үкім шығарып, шешімінің аяғына Украина мөрін басады.

«Бұл іс келешекте қаралатын істердің көбіне үлгі болады. Өйткені қазір Қырым автономиялық республикасында жұмыс істеп жатқан соттар халықаралық заң тұрғысынан алғанда сот деп саналмайды. Өйткені Қырым — заңсыз аннексияланған территория; ал ондағы судьялар — Ресей Федерациясы атынан үкім шығарып, шешімінің аяғына Украина мөрін басып жатқан бұрынғы украиналық судьялар. Ресей Федерациясынан басқа, әлемнің бірде-бір өркениетті елі бұл құжаттардың заңдылығын мойындамайды» дейді Севастьянова.

«Қылмыстық іске қатысы бар» деген «күдікке» ілініп, Қырымдағы тергеу абақтысында отырған Хайсер Джемилевті кейіннен Ресейдің Краснодар өлкесіне алып кеткен.

«Ресей Федерациясы Қырым татарларын түбек аннексиясын қолдауға көндіру үшін Мұстафа Джемилевке қысым жасауға тырысты. Өйткені, Қырым татарлары меджлисі ғимаратында ғана көпке дейін Украина туы желбіреп тұрды. Ресей сондықтан Мұстафа Джемилевтің ұлын қыспаққа алуға тырысты. Ал оның мүддесін қорғау үшін және Ресей соттарының Джемилевтің ұлына қатысты шешімдері заңсыз екенін көрсету үшін Еуропа сотына жүгіндік» дейді Севастьянова.

Оның айтуынша, Хайсер Джемилевті Ресейге әкету — заңсыз экстрадиция. Өйткені Украина Қырымды өз территориясы санайды, ал Джемилев Хайсер — Украина азаматы.

(Ростислав Хотиннің мақаласы орыс тілінен аударылды)

http://www.azattyq.org/content/ukraine_and_the_european_court/26682854.html