АЛТЫНОРДА
Новости

Евро тұңғыш рет доллардан арзан болуы мүмкін

©AFP2015 жылдың жазына қарай евро доллармен тепе-теңдікке жетуі және тіпті Еуропа валютасының 15 жылдық тарихында тұңғыш рет доллардан арзандай түсуі мүмкін. Tengrinews.kz тілшісіне «Альпари» талдау компаниясының сарапшылары осылай деп отыр.

Айта кетейік, қазір халықаралық валюта нарығында евро/доллар жұбының күрт құлдырауына байланысты евро долларға қарағанда әлсіздеу валюта көрініп тұр. Сарапшылардың айтуынша, бұл әлемдік валюта нарығында доллар бағамының айтарлықтай нығаюынан болды. Бүгінде негізгі жұп 1,0600 деген межеден төмен бағамда саудаланып жатыр. Сарапшылардың көбі алдағы бірнеше айда бұл меже 1,0000-ге жетеді деп шамалайды.

«Альпари» компаниясының талдаушысы Анна Бодрованың хабарлауынша, евро доллармен жұп болып көпжылдық минимумдарды сынаудан таймай келеді. «Евро үшін Еуропа орталық банкінің (ЕОБ) активтерді сатып алу бағдарламасын 2016 жылдың қыркүйегінен соң да ұзарту мүмкіндігі туралы мәлімдемесі ту сырттан ұрғандай болды. ЕОБ басшысы Марио Драги ынталандыру бағдарламасының тиімділігі еуроаймақ экономикасында қазірдің өзінде-ақ сезіліп тұрғанын, несиелеу нарығындағы шарттардың да жақсарғанын атап өтті. Бірақ ашығын айтқанда, бұл сырт көзге байқалмай тұр. Мүмкін, Драги ахуалға басқа бұрыштан қарайтын шығар? Активтерді сатып алу бағдарламасы 9 наурызда бастады, ол — ай сайын 60 миллиард евро», — деді талдаушы.

Бодрованың айтуынша, евроға ЕОБ мен АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемелері арасындағы және сату мен сатып алудың үздік бағалары арасындағы айырманың шамадан тыс ұлғаюы да ықпал етіп отыр. Айта кетейік, евроның теңгеге қатысты бағамы айтарлықтай құлады және қазір ол 195-197 деңгейінде тұр. Еске салайық, 2014 жылдың соңында евро бағамы 226 теңге шамасына дейін жеткен еді. Кейін төмендеу басталды және осы жылдың қаңтар айында евро бағамы 210 теңгеден төменге түсті. Ал ақпан-наурыз айларында 202-207 теңге диапазонында ауытқыды.

«Евроның теңгемен жұп болғандағы бағамы бірінші рет құлдырап отырған жоқ, бұл Forex валюта нарығындағы евро/доллар жұбының динамикасымен байланысты. Егер дәлірек айтсақ, тренд өткен жылдың 14 қазанында басталды. Евро/теңге жұбы бойынша 190,00 межесінің ауылы алыс емес», — деді Бодрова.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/evro-tungyish-ret-dollardan-arzan-boluyi-mumkn-65223/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі